Жуырда «Егер менің қолыма бір тілегімді орындайтын таяқша түссе, не сұрар едім?» деген ой келді. Алдымен, әрине, бір миллион доллар алар едім деген ой санама сап ете түсті. Біраздан кейін ата-анама, бауырларыма, жарыма, балаларыма бақыт тілер едім деп шештім. Бірақ осы сауалдың нақты жауабын өткен жексенбіде тапқандай болдым. Армандарды орындайтын таяқша болса, әлемде мүлдем соғыс болмасын деп тілер едім.
Менің арғы атамның шын аты – Мауғиза. Мауғизадан төрт бала қалған: Нұрахмет, Мырзахмет, Ғалымжан, Рахымжан. Арғы атам жастай қайтқан, артында қалған Мұсатай әжем балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп, жеткізеді. Нұрахмет атам соғыстың басында тұтқынға түсіп, небір азапты көрген. Мырзахмет атам көзі ашық, сауатты кісі болған екен. Отызыншы жылдары қазіргі Лавровка ауылы орналасқан жерге қызметке барып қалып қойған. Соғыс кезінде аудандық қаржы бөлімін басқарып, броньмен елде қалған. Ғалымжан атам соғыста көлік айдаған, жеңісті Австрия астанасы – Венада қарсы алған. Ең кішісі Рахымжан атам, қырық үшінші жылы ауыр жараланып, бір өкшесінен айырылған. Елге оралып, Шәйкен деген әжемізбен отау құрады. Ұл да, қыз да туады. Бірақ Ғалия тәтемнен басқасының бәрі шетінеп кетеді. Соғыс жылдарындағы ауыр жұмыстың салдары болар, әжеміздің денсаулығы сыр беріп, көз жұмады. Сосын ауылда күйеуі соғыстан қайтпаған Рабиға әжем екеуі қосылып, түтін түтетеді. Ол кісінің бірінші жары Бимағамбет марқұмнан Тілеулі тәтем қалған.
Нұрахмет атам елге оралғасын Шарипа әжеме үйленіп, Балғабай дүниеге келеді. Соғысқа бармаған Мырзахмет атамның Еркін, Болат, Марат, Батыр деген ұлдары бар. Тек қарашаңыраққа ие болып отырған Рахымжанда ұл жоқ еді. Осыны ойлаған Мұсатай әжеміз Мырзахметке «Далашымның артында тұяқ жоқ, немереңнің біреуін бер», – дейді. Ол кездің кісілерінде шешенің шешіміне қарсы тұрар шама қайдан болсын? Ақыры қолындағы баласы Еркінге бір ұлын бер дейді. Ол кезде Талғат пен Амангелді деген екі ұлы бар екен, бірақ бергісі келмейді. Баланың бірін бауырына басам деп барған Рахымжан атамның меселі қайтып, ашуланып үйге кете барады. Орта жолдан қуып жеткен інісі Еркін келесі туған ұлды саған беремін деп өкпесін зорға басады.
Алланың қалауымен менің әкем Сәбит туады. Уәденің аты – уәде, Құдай сөзі. Әке назы, әже пәрмені бар, үнсіз ғана көніп, туған баласын бір жарым жасында ағасының бауырына салып береді. Осы жерде мына бір сәтті де айта кеткен жөн болар. Осы әулеттің бір қызы ажырасып, екі баласымен төркініне оралады. Мына балалардың бірін алсаң қайтеді деп қолқа салады Рахымжан атамызға. «Жоқ, бұл менің қаным емес, менің қаным – міне, бесікте жатыр», – деп әкемді нұсқапты. Сөйтіп, Алла алдында, адам алдында да сұрауы жоқ деп берген балпанақтай ұлды алып, атам үйге оралады. Жомарт Құдайдың игені шығар, кейін Еркін атам мен Шәмел апам Сапар мен Рәшид деген ұл, Анар есімді қызды болады.
Менің шешемнің аты – Көкеш. Жұрт Күлкен дейді. Ауылдағылардың бәрі әжесі еркелеткендей атап кеткен. Құжат бойынша Дүйсенбина Көкеш Аушахметқызы. Шын мәнінде әкесінің аты – Сәркен. Сәркен – нағыз соғыстың жетімі. Әкесі Ғалым мен немере бауыры Ғабдол екеуі де қаза тапқан. Марқұм нағашы атам Сәркен Ғалымұлы (мен «Пи-пип» ата деп өстім шопыр болғасын) қаршадайынан жетім қалған екен, одан шешесі қайтып, тұл жетім болып, көрінгеннің босағасында жүргенін көріп, Кәкім, Нұрахмет аталарым, Бәди әжеміз бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай еркелетіп өсірген. Тіпті, қатарының алды қылып, ауылда бірінші болып жеңіл көлік әперіпті. Басқа жарымаған тұқымбыз деп айтып отырады екен. Оның бір себебін үлкендер былай тарқататын. Арғы атасы Мәмбет айтулы батыр болған көрінеді. Қойсарының Жанатай батырымен жағаласып жүріп, қойтасқа ұлтарағын тығып жер даулап алған, сөзге де, іске де шапшаң болыпты. Бағаналының Жаулыбай деген байының жаны мен малына тиіп, қарғысқа ұшыраған дейді үлкендер. Содан басы өспей қалған екен. Жетім қалған жалғыз ұлы Сәркен – менің туған нағашым. Көп ашыла қоймайтын, көбіне томаға-тұйық жүретін адам еді. Ашуланса қайтуы қиын, мінезі морт болатын. Міне, сұм соғыстың зардабын менің туған-туыстарым осылай тартқан.
«Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар…» деп майдангер ақын Сырбай Мәуленов жырлағандай, сұм соғыстың зардабын тартпаған қазақ әулеті кемде-кем.
Сағындық РАХЫМЖАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.