“Жас Отан” жастар қанаты – еліміздегі жас буын өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған, бағдары айқын, бағыты анық ең ірі ұйым. Оның біздің өңіріміздегі филиалы 2008 жылдан бастап жемісті жұмыс істеп келеді. Жақында ұйымның есеп беру-сайлау конференциясы барысында ұйымға жаңа басшы болып Мұса Танақұлов сайланды. Онымен кездесіп, өңір өрендерінің өмірі жайлы әңгімелескен едік.
– Мұса Әлібекұлы, құрамында өңір жастарының 10 мыңға жуық өрені бар ұйымға жетекшісіз. Алдымен жаңалыққа сергек қарайтын көзі қарақты жұртшылыққа өзіңіз жайында айтып өтсеңіз.
– Мен тай мініп, тайраңдап өскен қарапайым ауыл баласымын. 1992 жылы Аққайың ауданына қарасты Трудовое ауылында өмірге келдім. Сол жердегі орта мектепті тамамдап, содан кейін облыс орталығындағы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің информатика мамандығына оқуға түстім, өзім қалаған саланы жақсы бағамен бітіріп шықтым. Студент кезімде әртүрлі жастар ұйымдарының мүшесі болып, өңір өрендерінің өміріне белсене араласып жүрдім, түрлі бағыттағы іс-шаралардың өз дәрежесінде өтуіне ұйытқы болдым. Қолыма диплом тигеннен кейін көп ұзамай елордадағы “Нұр Отан” партиясының орталық аппараты ұйымдастыру бөлімінің маманы болып жұмысқа орналастым. Қазіргі жұмысым – еңбек жолымдағы екінші қызметім.
– “Жас Отан” жастар қанаты өңір жастарының облысымыздың әлеуметтік, экономикалық әл-ауқатының артуына қалай үлес қосуда?
– Бүгінде біздің ұйымның 10 мыңнан астам мүшесі бар. Облысымыздағы он аудан мен Петропавл қаласында, сондай-ақ, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-де бөлімшелеріміз жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы өрендердің әлеуметтік маңызы бар тың бастамаларының жүзеге асуына атсалысқан игі істеріміз көңіл қуантарлықтай. Біз республикалық деңгейде қолға алынған бірқатар жобалардың сәтті жүзеге асуына атсалыстық. Ұйым құрылған алғашқы уақытта Петропавлдағы “Алтын Адал” базарының бірінші қабатынан ашылған “Кеңес орталығының” өз жұмысын қарқынды жалғастыратындығына күмәнмен қарағандар көп еді. Бүгінде өңір жастарының қажетті көмек сұрап, ақыл-кеңес алатын орталығына айналды десем, артық болмайды. Онда үстіміздегі жылы 500-ден аса жұмыс жүргізілсе, мемлекеттік бағдарламалардың аясында баспаналы болу мәселесін қаузайтындар саны басым болып отыр. Нәтижесінде 120 адам “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” облыстық филиалының салымшысы атанып, 10 адам баспанаға қол жеткізді. Жеке кәсібін ашуға белсенділік танытқандардың қатары қалыңдады. 84 азамат облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандарымен, “Даму” қорының кеңесшілерімен жұмыс істеп, өз кәсібін ашуға ниет білдіруде. Одан өзге, “Жастар – Отанға!”, “Ардагерлерді ардақтайық!”, “Саламатты ұрпақ”, “Еркін пікір” сияқты жобаларымыз да жастардың жұмылуымен жүзеге асырылуда. Жасотандықтардың жалынды жігерлерімен атқарылған әрбір шара өңір жастарының қандай салада болсын бәсекеге қабілетті болып қалыптасуларына септесуде.
– Сөзіңіз аузыңызда, бәсекеге қабілетті болу дедіңіз. Жастарды назарынан тыс қалдырмайтын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі тілге тиек ететіні – осы ұғым. Өкінішке қарай, өңір жастарының дені осы мәселеге атүсті қарайтындай көрінеді кейде. Бұған көзіміз күнде көріп жүрген мысалдар да дәлел бола алады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Әрине, ел жастарына үлкен сеніммен қарайтын Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында да бұл ұғымды бірнеше мәрте қайталап айтты. Менің ойымша, бәсекеге қабілетті болу деген сөз өзге өркениетті мемлекеттердің азаматтарымен ғылым-біліммен ғана иық теңестіріп, еркін пікірталас жүргізе алатын маман болу деген емес, өмірдің кез келген саласында, өз бойындағы қарым-қабілетті айтқанда көш бастап тұру. Кез келген қазақстандық өзі меңгерген, өзінің қабілетіне сәйкес мамандық бойынша олармен тең отырып ой таластыруға жараса, міне, бәсекеге қабілеттілік деген осы. Бұл мәселеде өңір жастарына біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Білімі де, білігі де, өнері де, өресі де артып тұрған өрендер жетерлік. Соған сәйкес Абай атамыз айтқандай, “Пайданы көріп, бас ұратын”, “Мақтанды іздеп, қайғы алатын” жандар да жоқ емес. Мәселен, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ өңіріміздегі іргелі оқу орны саналатынын баршамыз жақсы білеміз. Онда білім алып жүрген студенттердің кейбірінің көкірек керіп, әлемнің ең асқақ білім ордаларында оқып жатқандай даурықпа мінезбен жүретіндері қынжылтады. Сол жандардың қолдарына диплом алып, жұмысқа орналасатын уақытта ең жоғары жалақыны талап етіп, олай болмаған жағдайда дипломдарын бәлсінетіндерін қайтерсіз? Соған қарағанда өңір жастарының көбі бұл ұғымның түп төркініне әлі де болса терең бойлай алмай жүр деген ой мазалайды.
– Алға қойып отырған жоспарларыңыз да осы мәселемен ұштасатын болар?
– Әлбетте! Бұл орайда “Жастар – Отанға!” жобасының жастардың жүректеріне жол тартуына баса мән берсек деп отырмыз. “Жастар – Отанға!” деп құрғақ сөзбен біреуді патриот қыла алмаспыз. Оны жіті орындау үшін сөзді жастардың шын мәніндегі ойына, мақсатына айналдыру керек. Жастардың білімге, ғылымға ұмтылуы – заман талабы. Ол үшін қызығушылықтарын арттыруға түрткі болатын үйірмелерді арттыру қажет. Өрендерді спортқа ынталандырудың маңызын жоққа шығаруға болмайды. Ол үшін Спорт сарайларымен кешенді түрде тығыз байланыс орнату керек. Жастарды кәсіпке бейімдеу. Ол үшін бизнес-жоспардың бір күнде емес, жылдардың нәтижесінде құрылып, жүзеге асатындығына көздерін жеткізу маңызды. Міне, бұл жобаның негізгі мақсаты да осындай болуы тиіс. Мемлекет басшысы болашағымды баянды етемін деген жастарға барлық жағдайды жасап отыр. Бізде бір ғана міндет бар. Ол – телегей мүмкіндіктерді ұтқырлықпен, шеберлікпен пайдаланып, алға ұмтылу, өсу, биікке қадам басу.
– Осы айтылғандардың көбінен ауыл жастары тысқары қалып жататыны да жасырын емес. Соңғы уақытта жастардың аузынан “Ауылда мансап баспалдағы жоқ” деген ұғымды жиі еститін болып жүрміз.
– Бұл – мүлдем бөлек әңгіме. Ауыл жастары ауылда тұрақтамайды деп дабыл қағамыз. Бұл орайда мәселенің мәнісі жұмыстың жоқтығына тіреледі. Екі қолға бір күрек таппаған адам несібесін қаладан іздеп, ағылады. Содан барып кезінде берекесі тасыған көп ауылдардың иесі жоқ үйдей құрдымға кетіп, жойылуы жиіледі. Урбанизация табиғи құбылыс десек те, түптеп келгенде оның себебін рухты, жүректі жандардың азаюынан іздеуге болады. Алдағы уақытта “Жас Отан” ұйымының жұмысын жандандыру мақсатында ауыл жастарының шет қалмауы үшін өңіріміздің әрбір ауылында жастар ісімен айналысатын комитеттерді ашуды қолға алмақпыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.