Нарық талабына сай «Қазпошта» акционерлік қоғамы алғашқылардың қатарында жаңа технологиялық үрдістермен қатар хат-хабарларды қабылдайтын және жөнелтетін заманауи қызмет түрлерін енгізе бастады. Олардың қатарын гибридті пошта, сәлемдемелер мен халықаралық ақша аударымдарын жедел түрде жүзеге асыратын «Сәлем, теңге», «Юнистрим», EMS, логистикалық, брокерлік, агенттік, сервистік, электрондық кең спектрлі автоматтандырылған жүйелер, постамат қызметі, сәлемдемелер супермаркеті, интернет-дүкен толықтырды. Алайда мемлекеттік басқару түрінен акционерлендіруге көшу өзін-өзі қаржыландыру, материалдық-техникалық базаны жаңарту мүмкіндігін нығайтады деген үміт ақталмаған сияқты.
Оған әлі күнге дейін мемлекет көмегіне үміт арту, атап айтқанда, жеңілдікті демеуқаржы сұрау дәлел. Мұндай орынсыз талаптар қанағаттандырылмағандықтан, өктемшіл, бюрократтық әрекеттер көрініс алып, оның салқыны барлық деңгейдегі мерзімдік басылымдарға жазылу, тасымалдау, тарату сияқты басты қызмет түрлеріне тиіп отырғанын және жергілікті филиалдардың әлеуметтік жауапкершілігін төмендетіп жібергенін байқау қиын емес. Бір ғана мысал, 2024 жылдың бірінші қарашасынан бастап аудан орталықтарынан елді мекендерге хат- хабар, газет-журналды аптасына бір рет қана жеткізу жөніндегі шешім төбеден жай түсіргендей болды. Талайларды айран-асыр еткен мәселе бойынша «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Болатбек Мұқашевпен хабарласқанымызда, субсидия берілмеуі себепті компания осындай шараға амалсыз барғанын, өйткені шығынға шаш-етектен батып отырғанын алға тартты. Бірінші кезекте әлеуетті «Самұрық-Қазына» АҚ-ның құрамына енетін коммуникациялық мекеменің емес, оқырмандардың мүддесі ескерілуі керек емес пе деген сауалымыз жауапсыз қалды.
Өңір бойынша мерзімді басылымдарды елді мекендерге таратуға жауапты филиал көпшілікті алаңдатып отырған проблемаларды зерделеп, шешу жолдарын қарастырудың орнына көбіне жоғарының бұйрық-нұсқауларын орындаумен шектеліп отырғаны өкінішті. Облыс тұрғындарының жартысына жуығы ауылда тұратыны жете ескерілмейтін секілді. Алыс ауылдарды айтпағанда, қаланың өзінде жағдай мәз емес. Редакцияға хабарласқан Ж.Тәшенов атындағы №20 мектептің мұғалімі Сапар Рамазанов әкесінің Семашко көшесіндегі 47 үйде тұратынын, «Soltüstiк Qazaqstan» газетін апталап ала алмай жүргенін нали отырып, жеткізді. Бектұрған Құрмашұлын басылымның тұрақты оқырманы ретінде көптен бері білетінбіз. Хабарласып, мән-жайды анықтадық.
«Газет «Ленин туы» аталғаннан бергі сырласым. Мектеп болып түгел жазылатынбыз. Әр нөмірін асыға күтетінбіз. Боранды, жауынды-шашынды күндерге қарамастан, шалғайдағы елді мекендерге уақтылы таратылатын. Қазір облыс орталығының өзінде кешігіп жеткізіледі деуге сену қиын болса да, ақиқаты осы. Хат тасушыны тоса-тоса екі көзім төрт болды», – деді сөйлескенімізде өмірден түйген-тоқығаны мол ақсақал шыдамының таусылғанын сыпайы ғана сездіріп.
Бұл аумақ Медведев көшесінде орналасқан №1 пошта бөлімшесіне қарайтындықтан, аталмыш мекемеге арнайы ат басын бұрдық. Мәселені зерделей келгенде қабылдаушының кінәсінен басылым басқа мекенжайға рәсімделіп кеткенін анықтадық. Бөлінген штат біреу ғана болғандықтан, таң атқаннан кеш батқанға дейін үзілмейтін барлық жұмыс үрдісі бөлімше меңгерушісі Лариса Султанованың міндетіне кіреді. Хат-хабарды, газет-журналды, сәлемдемені сұрыптауға әзер үлгеріп жүрген сыңайлы. Бөлімшеден шыға бергенімізде «пошта» деген жазуы бар машина тоқтай қалды. Жөн сұрасқанымызда осы салада 14 жыл еңбек ететін мұртты жігіт өзін Мұрат деп таныстырды. «Бүгін сенбі болғандықтан, таңғы сағат 7-ден іске кірісіп кеттік. Бір көлік сынып қалғандықтан, 9 байланыс торабына хат-хабар, газет журнал, сәлемдемені таратып үлгеруіміз керек», – деген ол бізбен тез қоштасты.
Ленинград көшесінде тұратын Есенгелді Какеков ақсақал да «Soltüstik Qazaqstan» газетін жаздыртқалы үш саны ғана қолына тиіпті. Ухабов көшесіндегі байланыс бөлімшесінде болып, тап-тар әрі суық бөлмеде отырған жауапты қызметкерден мән-жайды анықтағанымызда, хат тасушының өз ісіне салдыр-салақ қарағаны белгілі болды. Оның «Қабаған иттен қорқамын, пошта жәшігі орнатылмаған» деген өтірікті шындай еткен жалтарма жауабына сену қиын. Өкінішке қарай, мұндай жайт бірнеше рет қайталанып отыр.
«Қазпошта» АҚ бір кездері Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерін күн сайын тарату жөнінде қанатқақты бағдарлама қабылдап, дұрыс ойластырылмаған шешімнің ақыры құрдымға кеткен болатын. Сол сияқты Петропавл қаласы бойынша 28 хат тасушыны бір жерге орналастыру, оларды келісімшарт негізінде жұмысқа қабылдау шарасы да соның кебін кигелі отыр. Өзін Евгения деп таныстырған хат тасушы 20 шағынауданда тұрады. Осы маңайдағы пошта бөлімшесіне жұмысқа орнығып, тәп- тәуір еңбек етіп жүрген. Енді бір орталыққа шоғырландыру салдарынан хат- хабар тарату, өз учаскелеріне қатынау мүлдем қиындап кеткен.
«Мекемеміз – Астана көшесінің бойында. Бұл жерден 19 және 20 шағынаудандарға автобуспен қатынау – бір мұң. Кейде бір-екі газет үшін баруға тура келеді. Автобус жолақысы төленбейді, сыйақы берілмейді. Менің ойым – хат тасушыны өз учаскесіне қарай әр пошта бөлімшесіне бекітіп беру анағұрлым тиімді болар еді», – дейді ол.
Сұрыптау және тасымалдау басқармасының бастығы Гүлжан Сабирова көліктердің ескіргенін, жиі істен шығатынын жасырмады. «Сонда да кестеден қалып жатқан жоқпыз»,–деп сөзін үстемелеп қойды. Жұмыс өтілінің 22 жыл екенін ескерсек, мынандай жерде қыс түгіл жаздың өзі оған жайлы соқпайтыны анық. 33 адам жұмыс істейтін цехта тынығу бөлмесі аядай ғана әрі сол жерде тамақтанады. Пошта жүгі Алматы– Петропавл пойызымен күнара, ал Астанадан көлікпен күнде тасымалданады. Айыртау, Ақжар, Уәлиханов аудандарына Көкшетау арқылы жеткізіледі. Екі ауысымда ұйымдастырылатын жұмыс қарбаласқа толы, күні-түні үзілмейді. Кей күндері интернет-дүкен арқылы 3 мыңға дейін тапсырыс қабылданады. 25 қаңтарда 1330 хат, 1 мың дана республикалық, 6 мың дана жергілікті басылым келіп түскен.
«Мен өзім жаздырып алатын «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» «Дат» газеттерінің кей кездері кешігу себебін түсіндіріп бере аласыз ба?» – деген сұрағыма Алматыдан пойыз күнара қатынайтындықтан, кешігу жиілігі бір күнге артып кеткенін, кемшілік газет шығарушы және хат тасушы тарапынан да орын алып жататынын жеткізді. Гүлжан Теміржанқызының айтуынша, дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері елді мекендерге 4 бағыт бойынша арнайы байланыс топтары, ал сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндері тиісті көліктер қатынайды. Бір аңғарғанымыз, аудан орталықтарына дейін кідіріс болмағанымен, әрі қарай, яғни ауылдарға жеткізу жиілігінің өзгеруі (аптасына бір рет қана) жағдайды мүлдем күрделендіріп жіберген. Бұл міндет аудандық байланыс торабына жүктелгенімен, талапқа сай қызмет көрсетуге қауқарсыздығы бірден байқалады. Біріншіден, материалдық-техникалық базаның төмендігі. Екіншіден, жалақының аздығы. Филиалда тұрақты жұмыспен қамтылған 1021 қызметкердің 497-сі – хат тасушы, 33 штат бос тұр. Үшіншіден, ауылдық пошта бөлімшелері талапқа сай жабдықталмаған. Мәселен, Қызылжар ауданында 70-ке тарта елді мекен болса, 80 пайызынан астамында пошта бөлімшесі жоқ. Басты себеп – округтердегі тұрғындар санының аздығы. 2000-2500 тұрғыны бар елді мекендерде ғана бөлімшелер болуы шарт деген талаптың қисынсыздығы көзге шыққан сүйелдей анық байқалады.
«2013 жылы облыс бойынша мерзімді басылымдардың таралымы 183430 дананы құрады, былтырғысы 70 мыңның төңірегінде ғана. Атқарылатын жұмыс ауқымының кемігеніне қарамастан пошта қызметінің жақсармай отырғаны түсініксіз». Бір кездері Қызылжар ауданына қарасты Архангелька ауылында жап-жақсы байланыс бөлімшесі болған. 30 жыл жөндеу көрмегендіктен тоз-тозы шығып, жабылып тынды. Содан барып шіркеудің асханасын жалдады. Одан да қайыр болмады. Қазір пошташы Оксана Хан үйінде жұмыс істеуге мәжбүр. Бәрінен бұрын газет-журналды үйіп-төгіп бір-ақ әкеледі. Осы мәселе қашан ретке келтіріледі? Меніңше, бар кінәрат – пошта басшылығының істің көзін табуға құлықсыздығы», – дейді ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев.
Өңірлік пошта басшылығы 635 елді мекеннің 92-не пошта бөлімшесі, 27-не жылжымалы байланыс тобы жұмыс істейтінін, 516-на аудандық, жергілікті бөлімшелер тарапынан қызмет көрсетілетінін айтты. Сонымен қатар 98 мың шаршы шақырым аумақта орналасқан халықтың территориялық орналасу деңгейі, жер, жол жағдайы әрқилы екенін, барып-қайту бағыты шамамен 25 мың шақырымды құрайтынын, кей елді мекендер 5-10 дана ғана басылым жаздырып алатынын, мұның өзі қаражат шығынын жаппайтынын, қыстың көзі қырауда жол болмай, айналып жүруге тура келетінін алға тартқанымен, сыныққа сылтаудың жүрмейтіні анық. Тығырықтан шығудың жолдарын талмай іздеу – басты міндет. Бұл – ондаған мың оқырманның талап-тілегі.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».