«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГАЗЕТ ОҚЫМАЙТЫН ҰСТАЗДАН ҚОРҚАМЫН

Ұлттық құндылықтардың жоқтаушысы, озық ойдың бойтұмары – “Soltústіk Qazaqstan” газетінен ұзақ жылдан бері қол үзбей келемін. Оқырманға ой салу мақсатымен қоғамдағы көңілді өсірер жақсылықтарды, сондай-ақ, қазақы қалпымызға нұқсан келтірер кемшіліктерді қағаз бетіне түсіріп, редакция тілшілеріне апарып беру – менің бұлжымас әдетім.

Ал осы жолы халқымыздың рухани құндылықтардан ажырап бара жатқаны жөнінде пікірімді ортаға салғым келеді. Баланың ата-анаға, шәкірттің ұстазға, жастардың алдыңғы толқын өкілдеріне деген ілтипатының азайғаны ұнжырғамды түсіреді. “Неліктен осындай сорақылықтар орын алуда” деген сауалға жауап іздеп көретін болсақ, ең алдымен, мұның бәрі кітап, газет-журнал оқымау кесірінен болып жатқанын аңғару қиын емес. Қолына көркем шығарма ұстамайтын, керісінше, телефоннан бас көтермейтін ұстаздар көбейген. Ал ондайлар оқушыға кітап оқыды деп қалай айтады? Жақында бір жиында осы мәселе ортаға салынды. Облыс орталығындағы мектептердің бірінде тәрбие ісінің орынбасары болып қызмет істейтін мұғалім “Неше жылдан бері газет-журнал жаздырып аламыз, мүйіз шыққан жоқ” деп айды аспаннан бірақ шығарды. Бала тәрбиесіне жауапты адамның ақылы қысқа, ойы төмен болса, басқалардан не үміт?! Әрине, көпшіліктің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Бірақ рухани дүниесі кедей мұғалімдер біздің арамызда аз емес екенін несіне жасырайық?!

Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ, еңбек ардагері.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp