«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ГЕРОСТРАТТЫ ҰМЫТАЙЫҚ!” немесе “Атың шықпаса, жер өрте”

Төрткіл дүниеге аты мәшhүр философтар, жалғанды жырға қондырған атақты шайырлар, даңқты қолбасшылар мен өз заманын уысына сыйдырған патшалар мойындап кеткен әлемнің жеті кереметі бар. Олар Хеопс пирамидасы, Семирамида аспалы бағы, Артемиданың ғибадатханасы, Зевс мүсіні, Галикарнас мавзолейі, Родос алыбы мен Александрия маягы. Осылардың ішінде Артемиданың әлемге аты әйгілі ғибадатханасы небір дүбірлі дәуірлерді өткерген тарихи ғимарат екені рас. Дүбірлі дәуір. Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар. Өйткені, біздің дәуірімізге дейінгі 356-шы жылы көне грек елінің Эфес қаласында орын тепкен әйгілі Артемиданың осы ғибадатханасы өртке оранды. Сан мың жылдар торабына куәгер тарихи нысанға залал келтірген жанның есімі – Герострат. Ол бұл іске не үшін барды? Қара жаяу саудагердің алапат қастандық жасауына нендей жайт түрткі болды?

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының сахнасында белгілі орыс драматургы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Григорий Гориннің “Геростратты ұмытайық!” трагико-медиясы сахналанды. Автор қоғамның күрмеуі қиын мәселесін ортаға салады. Мәңгілік ұрпақ жалғастырушылықтың Құдайы болып саналған Артемидаға ежелгі Эфесте табынушылар көп болған.

Жүздеген жылдар бойы салынған алып ғимаратты жойып жіберу арқылы даңқын асқақтатпақ болған Герострат – қазіргі қоғамда кездесетін даңққұмар адамдардың бейнесін еске салады. Горин қозғаған шығарма өзекті тақырып пен көкейкесті ойға ие. Дәл осы шығармадағы айтылмақ болған идеяның біркелкі жібін үзіп алмай тұтас мазмұнын ашуға барынша тер төккен қойылымның режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Виктор Шалаев Геростраттың теріс ісін алға тарта отырып, көрерменге үлкен ой салады.

Бүгінгі таңда адам бойынан сирек кездесуге айналған әділдік атты қасиетті әспеттеп, жоқ даңқын қалайда көрсетіп, тарих қойнауынан орын алып қалғысы келетін құр айқайшыларды сынға алады. Қойылымның құрылымынан-ақ, алып қорғанның өртке оранып жатқан аласапыран көрінісі көз алдыңызға келеді. Осы орайда, спектакльдің қоюшы-суретшісі, “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегері Николай Корягиннің еңбегі айтуға тұрарлық. Саутамтығы қалмай өрт құшқан алып ғимарат – Артемида ғибадатханасының қаңқасы, қираған қабырғалары қойылым реңін қанықтыра түсіп, көрермен қауымды сан мың дәуірлерді артқа салып, ежелгі Грекия тарихының ізіне ілесуге мүмкіндік сыйлады. Оның үстіне, қирап жатқан қабырғаларды бимен әспеттеуге үлес қосқан театрдың хореографы Жанна Темірбаеваның қойылымға жан бітіру жолында аз еңбектенбегені көрініп-ақ тұр. Қойылымда Герострат басты кейіпкер болғанымен, негізі оқиға кейіпкерлер ішіндегі жалғыз әділ адам – Клеон туралы. Клеон өз қоғамында шырқырап шындық айтып жүрген жалғыз төреші болған. Ол “мыңмен” жалғыз алысады. Төрешінің рөлін кескіндеген актер А. Наргеленас өз бейнесіне ену жолында біршама еңбектенуі қажет-ақ. Әділдікті ту еткен Клеон қойылым барысында бірталай кедергілерге тап болады. Әлбетте, шындыққа кім құлақ ассын?! Осы кезекте, актер А.Наргеленас Клеон бейнесіне барынша жан бітіріп, оның айтпақ болған негізгі азаматтық позициясын алға шығарса, трагикомедияның мазмұны ашыла түсер еді. Актерге біраз ішкі дайындық қажет екендігі байқалды.

Спектакльде рөл үлкенді-кішілі болып бөлінгенімен, ол актердің талантына тұсау болмақ емес. Осы орайда, актер Р. Закировтың сомдаған түрме күзетшісінің рөлі сахналық туындыға өзгеше леп берді. Қойылымның біртұтас композициясын айшықтай түскен тағы бір кейіпкер бар. Ол – Клементина. Тиссаферннің әйелінің бейнесін ойнаған театрдың талантты актрисасы И. Полещук сахнада өзінің санқырлылығымен көзсіз даңққұмарлығы ақыл-есін тұмандап, ақыр аяғында өз ісінен опық жеген жанның бейнесін жоғары деңгейде жасай алды. Спектакль желісіндегі Клементина – атақ үшін кез келген сұмдық пиғылға дайын тұрған Герострат идеясына “тұздық” құйған кейіпкердің бірі. Оның да Геростратпен ойы үндес. Уақыттың қай тұсын алып қарамасаңыз да, дарынсыздың талантты жерге тығуы, қызғаныштың даңқты таптауы көп кездеседі емес пе?! Біз өмір сүріп отырған қоғамның, ол қай сала болмасын, білімнің, мәдениеттің, ғылымның ішіндегі басбұзарлар мен “бүйректен сирақ шығарып” жүрген Геростраттар аз емес.

Қойылымның негізгі айтпақ болған ойы әлемдегі ең соңғы әділ адамның жанайқайы туралы деуге болады. Спектакльді бүгінгі қоғаммен байланыстыра отырып зерделесеңіз, шындықтан жасқанып, өтірікке мастанған керзаманның келбетін байқап қалуыңыз ғажап емес. Анығында, бүгін біздер әділдіктің тынысын тұмшалап, оны жер бетінен түп-тамырымен жойып жіберудің аз-ақ алдында тұрғандаймыз. Тіпті, ақиқатты бетке айтса ренжіп, жалған айтса разы болатын жасанды өмір сүру дағдысын игеріп алдық. Осы тұрғысынан келгенде, театрдың құдіреттілігіне қалайша таңғалмайсыз?! Режиссер Виктор Шалаевтың тап осы трагикомедияны таңдап алуы да оның жоғары деңгейдегі суреткерлік талғампаздығын аңғартса керек.

Балжан БЕКМАҒАМБЕТОВА,

өнертанушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp