“Нұр Отан” партиясы “Болашақ” филиалының ұйымдастыруымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Білімнің салтанат құруы – жастардың қоғамдық санасын жаңғыртудың факторы” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Оның жұмысына мұғалімдер мен университеттің профессорлық-педагогикалық құрамы, студенттер қатысты.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Серік Өмірбаев өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұғырнамалық мақаласында еліміздің мәдени-гуманитарлық дамуына ерекше тоқталғанын атап көрсетті. “Ондағы айтылған міндеттерді жүзеге асыру бізге бірыңғай ұлт және жауапкершілігі жоғары адамды тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты тарихымызға, ұлттың өз-өзін билеуіне, Қазақстан халқының рухани бірігуінің құралы болатын шынайы көзқарас қалыптастыруға қабілетті гуманитарлық білімнің рөлі артпақ. Бұл аспектілер біздің жоғары оқу орнының гуманитарлық факультеттері ғалымдарының ғылыми және педагогикалық басымдықтарын айқындайтыны сөзсіз”, – деді Серік Өмірбаев.
Мемлекетіміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдарда ұлттың бірегейлігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған жүзеге асырылған “Мәдени мұра”, “Халық тарих толқынында” маңызды мәдени-ағарту жобаларын мысалға келтіруге болады. Біздің оқу орны аталмыш жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысты. Университет ғалымдары жұмысының қорытындысы ретінде түрлі деңгейде өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияларды, жарияланған мақалаларды, “Солтүстік Қазақстан облысының ескерткіштер жинағы” көлемді басылымын айтуға болады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленген. Ол жоспардың мақсаты ақпараттық-түсінік жұмысын жүргізу, мақаладағы идеяларды жүзеге асыруды және енгізуді тікелей қолға алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруды көздейді.
Бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру бойынша ойларымен философия ғылымдарының докторы, профессор Александр Никифоров, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты, Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының бейіндік-эксперименталдық жұмыс жөніндегі орынбасары Данияр Уәлиев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Айжан Күдерина бөлісті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған рухани жаңғырудың негізгі бағыттарын қолдайтындарын айтқан олар рухани сананы қалыптастыру бойынша алдағы жұмысты: зерттеудің ықпалдастығы, жүйелілігі, инновациялық әдістерді қолдану және тарих пен мәдениетті таныту, әлеуметтік, мәдени тәжірибені сабақтастыра тарату, дәстүрлі-мәдени ерекшеліктерді іріктеу мен бағалауда қажеттісін таңдау сияқты негізгі қағидаларға сүйене отырып жүргізу керектігіне назар аударды.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.