«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАЛАНГЕРДІҢ” ДӘМДІ НАНЫ

Бүгінде қызылжарлықтарды сапалы әрі дәмді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың бірі – “Далангер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады.

“Отандық өнім, сапалы тауар, қолжетімді баға” деген қағиданы басты ұстанымына айналдырған серіктестіктің директоры Нариман Айтбаевпен кездесіп, өндіріс жайын сөз еттік.

– Біз ашылған күнімізден бастап сапалы нан пісіру үшін еңбектенудеміз. Көздеген мақсатымыз – бұл салада үзең қағыстырып жүрген бәсекелестерімізді өнім сапасы жағынан басып озу. Бұл мақсатқа нысандағы арнайы құрал-жабдықтарымыз бен білікті мамандарымыздың арқасында қол жеткізетінімізге сенімдімін, – дейді Нариман Талғатұлы.

2006 жылы облыс орталығындағы “Мұхит” сауда орталығында жұмысын бастаған серіктестіктің жалпы аумағы 500 шаршы метрге жуық өндірістік алаңы бар. Бүгінде кәсіпорында қалыпты нан, батон, бөлке нан мен тоқаш пісіріледі. Кәсіпорында кондитер және қабаттама цехтары жұмыс істейді. Былтырғы жылдары пеш, нан жаятын машина, қамыр илейтін және оны бумен көтеретін, кондитер өнімдерін салып пісіретін құралдар, қамыр бөлгіш сияқты Италия мен Ресейдің заманауи құрылғыларын сатып алып, біртіндеп іске қосқан. Сөйтіп, шетелдік жабдықтардың арқасында еңбек өнімділігін арттыруға және сапалы тауар шығаруға қол жеткізілген.

– Жаңа құрылғылар мен нан өнімдерін өндірудің барлық технологиялық үдерісі халықаралық стандартқа сәйкес жасалған. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, біз өндірістің экологиялық тазалығын, дәмін, жоғары сапасы мен құнарлылығын қамтамасыз етеміз. Өнімдеріміз тамақтану рационын нәтижелі үйлестіруге және ұзақ уақыт қолданғанда ағзаның жалпы жағдайын жақсартуға көмектеседі, – дейді басшы.

Кәсіпорында тоқаштар мен талғамға сай тәтті нанның түр-түрі пісіріледі. Басында бөлке мен торттың бірнеше түрін жасаудан бастаған шағын кәсіпорынның бүгінде әлеуеті айтарлықтай. Бұл күндері наубайханада бірінші және екінші сұрыпты ұннан тілі дәм үйіретін нан-тоқаш өнімдері, ал кондитер цехында қаттама бүйрек, кекс пен торт, печенье дайындалады. Жергілікті технологтардың арқасында өнімнің 60-тан астам түрі шығарылады. Бүгін қала дүкендерінің сөрелеріндегі осы кәсіпорын ұсынған алуан түрлі нан өнімдері тұтынушының сұранысын қанағаттандырады. “Купеческий”, “Здоровье”, “Ржаное”, “Мариинский” нандары, сарымсақты қытырлақ нан, батон және таба нандар қала тұрғындары ерекше ұнатып, тұтынатын өнімге айналды.

Ашылғаннан бері, өндіріс қуаты мен жұмысшылар саны артып, тұралап қалған кезі болмаған кәсіпорында жұмысшы кадры жеткілікті. Нысан іске қосылған кезде мұнда он шақты ғана адам еңбек еткен болса, бүгінде олардың саны 90-нан асып жығылады. Қазірдің өзінде сыннан сүрінбей өткен наубайханашылардың басым бөлігі жаңа қондырғылардың тілін білген тәжірибелі технологтар. Сонымен қатар, серіктестік облыс орталығының колледждерімен келісімшартқа отырған. Соның нәтижесінде білім беру мекемелерінің бірінші және екінші курс студенттері нысанда өндірістік тәжірибеден өтіп, нан пісірудің технологияларымен жете танысу мүмкіндігіне ие болады.

Қызмет көрсету саласына келсек, қазіргі талаптың бірі – тұтынушы нанды ыстық күйінде сатып алғанды қалайды. Яғни, таң атар-атпастан пештен жаңа ғана шыққан нан дүкен сөрелерінде тұруы керек. Сондықтан да мұнда өндірістің дамуы өз алдына, өнімді жеткізу мен өткізуге де баса көңіл бөлінуде. Директордың айтуынша, нан-тоқаш өнімдерінің сатылымда жоғары нәтижеге жетуіне логистиканың ықпалы зор. Сондықтан нан тасушы автомобильдер буы бұрқыраған өнімдерін облыс орталығындағы “Тайга”, “Евразиялық базар”, “Қызылжар” коммуналдық базары сынды сауда орындарындағы нүктелеріне жеткізіп тұрады. Оған өз меншігіндегі 7 сауда нүктесін қосыңыз.

Серіктестік жұмысты дұрыс жолға қоя білген іскерліктің арқасында облысымыздың аумағында танымал бола бастаған. Мамандардың жоғары біліктілігі, сапалы шикізатты қолдану, қазіргі заманғы қондырғыны, классикалық және жаңа технологияны пайдалану кәсіпорынға тұрақты сұранысқа ие сапалы өнім шығаруға мүмкіндік беруде. Осының арқасында ынтымағы жарасқан ұжым жоғары нәтижеге қол жеткізуде. Өнімге сұраныс көбейіп, сату көлемі өсе түскен. Сапалы әрі дәмді нан пісіретін наубайшылары бар кәсіпорынның беделі артып, жаңа жоспарлары жүзеге асуда. Бүгінде “Далангер” деген жарқыраған айдары бар автокөліктер ыстық нанды Петропавл қаласының сауда нүктелеріне, бірнеше мектептеріне, бұдан бөлек Мамлют пен Қызылжар сияқты жақын маңдағы ауданарға да тасымалдауда.

Компания тұтынушылармен үздіксіз байланыста болатындықтан, олардың тілектерін ескеріп, барлық талаптарға жауап бере алатын жаңа нан-тоқаш өнімдерін өндіріске тұрақты түрде енгізуде. Өндірілетін өнім экологиялық таза шикізаттан әзірленгендіктен, нарықта үлкен сұранысқа ие екені таңданыс тудырмайды. Серіктестік басшысының айтуынша, кәсіпорын конвейерінен шыққан нанның бағасы өзге өндірушілердікімен салыстырғанда біршама қолжетімді. Мысалы, бір бөлке нанның бағасы – 65 теңге.

Басшы нанның дәмді болып пісуіне жауап беретін білікті де тәжірибелі мамандардың арқасында “Далангер” өнімдері тұтынушылар арасында ерекше сұранысқа ие екендігін мақтанышпен жеткізді.

– Шығарған өнімдерімізге риза болған тұтынушылар нан өнімдерінің жаңа түрлерін тағатсыздана күтеді. Біз үшін тұрғындардың ризашылығынан асқан баға бар ма?! Тұтынушының сенімінен шығып, нанымыздың абыройын түсірмеу – біздің міндетіміз, – деген басшы болашақта цехтың аумағын кеңейтіп, өнімнің басқа да түрлерін шығаруды қолға алу жоспарында бар екенін жеткізді.

Бүгіндері қызылжарлықтардың дастарқанынан табылатын, осызаманғы талапқа сай технологиямен пісірілген, дәмі тіл үйіретін нан-тоқаш өнімдерінің “Қазақстанда жасалған” деген белгімен саудалануы көңілге қуаныш ұялатады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp