«Барады үдеп бұл боран…».
Мағжан.
Мен – Мағжанның мөрімін,
Мәрт көңілдің төрімін.
Түрік тегім тектесем –
Алтай, Тұран төлімін.
Алаш зарын толғасам,
Айға ұлыған бөрімін.
Қызыл қанға құныққан
Қорқаулардан жерідім.
Құлы болсам деп едім
Ұлы Қазақ Елінің!
Мен – Мағжанның мұңымын,
Жел тараған тұлымын,
Маң даланың ұлымын,
Ұлт ұйытқан ұғымын.
Көзге бірден шалындым
Мүйізіндей бұғының.
Алаш десе үзілер
Тұтас жүйке, жұлыным!
Мен – Мағжандай зарлымын,
Ұқтым зарын арлының.
Сүйдім туған елімді,
Ұлан-байтақ жерімді,
Күнін, түнін, таң нұрын,
Тауын, тасын – барлығын.
Айта-айта шерімді
Даусым қалды қарлығып!
Мен – Мағжандай жалқымын,
Бөліп алдым бояудан –
Батар күннің жалқынын!
Бостандық деп боздадым,
Бар қайғыны қозғадым.
Отар сана омалтып,
Құрып кете жаздадым…
Мен қайтадан ояндым,
От-жалындай маздадым!
Мен – Мағжандай беренмін,
Тұңғиықпын, тереңмін.
Ұлт мүддесін ұмытсаң –
Көрсоқырмын, кереңмін.
Санаменен сарғайсаң,
Сарыарқаның самалын
Саған сыйға берермін!
Ұрпақ үшін ұйыссаң
Күн боп, Ғұн боп келермін!
Мен – Мағжанға бауырмын,
Маржан – Жырмен «ауырдым».
Жусанымын Даламның,
Бөлшегімін Тауымның.
Жауы болса бақасқан
Қазақ дейтін қауымның,
Бәрін жайпап өтетін
Мағжан – Жырмын, Дауылмын!
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.