«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАМУЫМЫЗДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шекаралас аймақтардағы әріптестік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес кеше С. Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әбебап кітапханада “Қазақстан мен Ресей шекаралас аумақтар әйелдерінің бизнес қажеттіліктерін нәтижелі қамтамасыз етудегі өзара тиімді ынтымақтастық” тақырыбында форум болып өтті. Оған өңіріміздің және еліміздің Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, көршілес Ресей Федерациясының Қорған, Түмен, Омбы облыстарының кәсіпкер әйелдері, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Ел тәуелсіздігінің жетістіктерін паш ететін жұлдызды 25 күн республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов жүргізіп отырды.

Қостанай облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Роза Горянная өзі жетекшілік етіп отырған саладағы бірқатар жағымды жаңалықтармен бөлісті. Еліміздің астықты аймағы саналатын Қостанай облысы үшін көршілес Ресейдің нарығына шығу тиімді және бұл жұмыс соңғы жылдары сәтті жүзеге асырылып келеді. Роза Горянная Қостанайдағы шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысын әйелдер басқарып отырғандығын тілге тиек етті.

Содан кейін меймандарды “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасының біздің өңірімізде жүзеге асырылу барысымен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Светлана Назарюк таныстырды.

“Vizavi company” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Лейля Сайдашова негізі 2005 жылы қаланған кәсіпорын жұмысының қыр-сырына қанықтырды. Кондитерлік өнімдер шығарумен айналысатын серіктестік жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдері жоғары сұранысқа ие серіктестік өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді. Тынымсыз еңбек пен табанды ізденістің жақсы нәтижелерге ұласатынын айтқан серіктестік директоры шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше қамқорлық танытып отырған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі туралы да сөз қозғады.

Сессия жұмысы барысында ресейлік “Мебельгрупп” компаниясының директоры Ирина Ачинович, астаналық “BenchMark Consulting” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әскер Башеев пен “Келешек – 2030” кәсіпорнының басшысы Көгершін Бексұлтанов сөз алып, биік белестерді бағындыру сырларымен бөлісті. Жиын барысында бәсекеге қабілетті өнім­дер шығару және ұсы­нылатын қызметтер деңгейін көтеру, ин­но­вациялық бастамалар мен жоғары технологиялық бизнес жобаларын жасау, оларды енгізу, өңірлердегі кәсіпкер әйелдерді қолдау жөнінде іске асырылып жатқан бағдарламалар әңгіме арқауына айналды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp