«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАНЫШПАН АҚЫННЫҢ НАҒАШЫЛАРЫ МЕН ҚАЙЫН ЖҰРТЫ

Ұлы Абайдың өмірі мен шығар­ма­шылығына байланысты мағлұ­мат­тардың неғұрлым толық болуы үшін оның нағашылары мен қайын жұрты жөніндегі деректерді де қам­ту маңызды болмақ. Ақынның ата тегі туралы біршама зерттеулер бар­шылық. Алайда, оның нағашы­лары мен бәйбішесі – Ділда жайлы мағлұмат аз. 


Уақыт кейуана өз дегенін істеді. Кезінде кім қандай баға берсе де, әкесінің атымен Құ­нанбайдың ұлы десе де “мен адамның ұлы­мын” деп кеткен Ибраһим есімді қазақ­тың на­ғашысы кім екен? деген сауал әркімнің көкіре­гінде тұрары хақ.

Ұлы Абай туралы Әуезов­тен сөз қал­ған ба, Мұхтар не дейді: “Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұл­жан­ның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан Қан­тай, Тонтай – қалжың­мен даңқы шыққан бел­гі­лі мыс­қыл­шыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет – Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мі­нез. Осы Шаншардың бұрын-соңды заманға шейін аузы­нан таста-майтын атақты қуы – Тон­тай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі боп кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күл­кі әңгімеден құ­ралады. Сол әңгімелерге қа­ра­ған­да Тонтайлар – қалың қазақ орта­сы­ның үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмай­тын думан, ұдайы қы­зық күлдіргісі. Осы Тон­тайдың інісі Тұрпаннан туған әйел – Ұл­жан. Ұл­жанда тұқымының тауып айтқыш қал­жыңшылдығы әбден белгілі бол­ған: … кесек қалжың, әжуаға да Ұлжан көнтерлі, созырлы, тап­қыр болған…”
Қатты сырқаттанып, үшкіртуге тағы молла шақыртпақ болған ба­ла-немерелеріне: “Жа­зы­ла-жазы­ла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас” деп өз бетін өзі жапқан, пәниден бақиға күліп аттанған әулие атамыз Тонтай – Абайдың нағашыларының бірі.
Енді бірде Мұхаң осы ойын өр­бітіп: “Ұлжан – мысқылшыл, сати­рик, қалжыңшыл адам бол­ған. Міне, осы мінездер Абайға, тегінде, шешесі арқылы енуі керек”.
Орта Жүз Арғынның бір бұтағы Мейрам сопы­ның кенжесі Қараке­сек атанған Болат­қо­жадан тарай­ты­ны мәлім. Болатқожаның бала­сы – Бошан. Ертіске қарай құлаған елді бауыр Бошан дейді, ол бір кезде Қазыбек би ауданы атанып, бір шеті Қарқаралымен жалғасып жат­қан үлкен өңір. Батысқа қарайғы бөлікті сырт Бошан дейді.
Бошаннан – Таз (басқасын тарат­пай-ақ қоя­йық, баршаға мә­лім бес Бошан), Таздан – Бұл­бұл, Бұлбұлдан – Шаншар. “Болашақты болжаушы Шаншар абыз” атанған бабамызға байла­нысты әңгімелер көп, олардың жөні бөлек.
Тексіз біреулер айтып жүрген­дей, атам қа­зақ әйел сыйламаған деген бос сөз. (Сыйлау дегенді кім қалай түсінеді, ол басқа мәселе). Сыйламаса, Қаракесектің ұраны “Қарқабат ана”, “Әйбике және Нұр­бике елдері” деп ту көтеріп, атау бере ме?
Сол Шаншар бабамыздың Әй­би­ке, Нұр­би­ке деген әйелдері со­нау ХVІІ ғасырдың ая­ғында Тәш­кенді билеген қатаған Тұрсын хан­ның қыздары болса керек. Еңсегей бойлы ер Есім ханмен тізе қосып, хан Тұрсынның бүлі­гін басқанда, Шаншар батыр оның қыздарын ол­жалап, елге әкеліп, алақанға са­лып өсіріп, бой жеткізсе керек. Айт­пақшы, сол бикелер­дің біреуі – Қо­ңыр­бике тобықтының анасы деп шежіре айтады.
Аталған екі анамыздан өрбіген­дер бұл күн­де баршылық, шүкір, ұр­пағы жаман емес. Айта кетейік, кейбір “жазушылар” “Айбике” деп жазады. Онысы – қазіргі салтқа сай ат қою жөніне келтіргендігі. Қа­зір мына біз, біз­ден бұрын өткен­дер Әйбике ұрпағымыз деп атай­мыз. Соны мақтан тұтамыз.
Сол Әйбикеден тараған ұрпақты Әйбике – Шан­шар, Нұрбикеден – Нұрбике Шаншар деп кеткен. Кейін ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қа­зақ даласын жат жұрт баса-көктеп би­леп, әкім­шілік жер бөлісі атауларын бергенде де дәл осылай – “Әйбике Шаншар елі” деп жік­теген. Осылай деп болыстық басқармаларға атау берілген. “Таттымбет – киргиз Нур­бике Шан­шаровской волости” дей­тіні сондықтан. Әйт­песе, бәрі бір ата­ның, бір адамның бала­сы.
Нұрбике анамыздан Бертіс ту­ған. Бертіс­тің бір баласы Бектемір­ден – Мөшеке, Битен, Шитен есімді ба­лалары болған.
Мөшекеден – Қазанғап. Қазан­ғап­тың 1772 жылы туғаны туралы мәлімет бар. Өлген жылы белгісіз, әркім әртүрлі айтып жүр, көз­бен көр­ген құжатымыз жоқ, сондықтан қашан қайтыс болғанын айта ал­маймыз. Қазанғап­тан Тәттімбет ту­ғанын бүкіл қазақ біледі.
Битеннен – Қантай, Тонтай және Тұр­пан. Қыр елінде Битенді Шитен­нен бөлмейді, тете­лес болғандық­тан ба, арасына жыл толмай туған егіз деп есептей ме, әйтеуір Битен-Шитен деп қосақтап айтады. Сөй­теді де, Абай­дың нағашысы, оның ішінде туған на­ғашысы Битен-Ши­тен деп қосақтап жібереді. Орайы келіп тұрса, сөздің жымы қа­бысып тұр­са, айып жоқ қой, әйтсе де, Абайдың туған наға­шысы – Би­тен.
Міне, сол Битеннен – Қантай, Тон­тай, Тұр­пан дедік. Мұхтар Әуе­зовтің деректерінің бұл­жымас дәл­дігінің дәлелі осындай. Тұрпанның Ұлжан, Молқара атты қыздары болған екен. Ұлжан апамыз – Абайдың анасы.
Кітапта жазылмаса да, Қаракесек ішінде әлі айтылады: “қарадан хан болған, қараң­ғы­да жол тапқан қара барыс Құнанбай” Ұл­жан ана­мызға қарсы сөзге келе бермейді екен. “Сен айтасың, сенің сөзің емес атала­рың сескендіреді” деп басылып қалады екен. Сол Ұлжан анамыз – дүниеге Абайды әкелген.
Битенұлы Қантай мен Тонтай ту­ралы Ре­сей­дің отарлаушы өкіме­тінің жазып қалдыр­ған деректері аз емес. Оқырман қауымға мағ­лұ­мат, кейбір үзінділер келтірсек, артық бол­мас.
Арғы атасынан ел билеп, ақ­сүйек текті бол­ған Тонтай Битенұлы туралы Омбы мемле­кеттік ар­хивінде бірнеше құжат жатыр. (Осы Ом­бы архиві туралы талай жаздық. Алматы­ға әлі әкелінген жоқ.) Сонда Тон­тай Битенов 55 жаста екені көр­сетілген мағ­лұмат, өз айтуынша, толтырылған. Құжат 1842 жылы жа­салған. Яғни, Тонтай 1787 жы­лы ту­ған болады. Қантайдың қай жылы туға­ны туралы қағаз кездестір­ме­дік (бәлкім бар да шығар), бірақ көнекөз қариялар екеуінің арасы 2-3 жас деп отырушы еді. Сонда Қан­тай 1783-1784 жылдар шама­сында туған.
Қаракесек – Шаншар ішінде Қантай – Тон­тайды қосақтап, Тұр­панды атамай өте бере­тіні қалай? Сөйтсек, Тұрпан өз шаруасын күт­кен, көзге түсе бермейтін байсал­ды, көп тыңдап, аз сөйлейтін адам екен. Мұхаң “Абай жолында” Ұл­жанды қандай байсалды, ойлы бі­рақ кесімді, айтқанынан қайтпай­тын әйел заты ретінде суреттесе, сонысы тағы шын­дыққа келеді.
Біз келтірген деректер ағайын­ды Қантай мен Тонтайдың бір орыс­тың ұлығы (засе­датель Не­гон­ский) пара алғаны жөніндегі іске куә болуына байланысты. Тіпті, бұл іске Қа­занғап, оның ба­ла­сы Ырысымбет те қатыс­ты. Олар­дың да өз аузынан берген жауаптары, бармақтарының таң­ба­лары бар.
Қантай Битенұлының ауылнай екендігі, оған 50 шаңырақ, 350 жан басы қарағаны көрсетілген.
Бертін келе, 1860 жылдың ая­ғына қарай Нұр­бике – Шаншар елі­нің жағдайы туралы іс-қа­ғаздарда Қантайдың Омар, Тонтайдың Әте­ке деген ұлдары туралы мағлұ­мат­тар бар.
Енді Ақылбай аузымен айтыл­ған “Ер Қа­зы­бек” деген сөз тура­сында ойымызды ор­таға салайық.
Абайдың ұлы ақын екенін қазақ та, басқа да мойындайды. Ал енді бір аян жағы – Абайд­ың шешендігі туралы пайымдаулар олқы жатқан жоқ па? Ақынның бәрі – шешен бе, шешеннің бәрі ақын ба? Арғы-бер­гіні шо­лып көрелікші. Бұл сұ­рақ­қа жауап біреу: бас­қаны біл­меймін – Абай әрі шешен, әрі ақын. Оның әр өлеңі – ғақлия, әр ғақ­лия­сы – өлең, Абайдың ақындығы – оның шешендігінің көрінісі. Абай­ша төгілдіріп айтатыны, сөзінің сал­мақты ырғағы, ұйқасы қиналмай, еркін келетіні – ақпа шешендігі.
Реті келгенде, Ахмет Байтұрсы­новтың Абай ақындығы туралы пікірін еске салайық: Ахаң Абай­дың ақындығына шек келтірмей, жоғары бағалай тұрып, “ұйқас жа­ғынан кем­шіліктері бар” демеуші ме еді? Бұған дау айт­пайық. Ұйқас кемшіліктерін ой басып кетіп оты­ратыны шешендіктің құдіреті ғой. Шешен­дік ойлантпайды. Көмейге келген сөз бұғып қалмайды, айты­лып қалады.
Абай – әлденеше қым-қуыт дау­ды қыздыр­маға жеткізбей тап ба­сып шешімін тапқан әділ қазы. “Абайдың алдына барғанда да­уыңды ұмытып, оның сөзінен жа­ны­ңа дауа та­уып қайтасың” дейді екен замандастары. Абайдың ше­шендігі талай топтағы билігі жө­нін­де М.Әуезов те, басқалар да аз айт­паған.
Нағашым “Ер Қазыбек” дейді Ақыл­бай. Нағашысы Қаз дауысты Қазыбек екенін Абай да біледі. Міне, Абайдың шешендік қасие­тінің нәрі қайда жатыр.
Абай мен Қазыбекті, Қазыбек пен Абайды қиыстыру әрі оңай, әрі қиын. Оңайы – Абай­дың арғы на­ғашысы Қазыбек. Қиыны – Абай жа­зып қалдырған мұраларда Қа­зы­бек есімі аталмайды. Билер мен хандар қаһарға ұшы­раған комму­нистік сенім-наным заманында бұ­ғып қалған бұл ақиқатқа дәл қазір неге жа­рық сәуле түсірмеске?! Де­мек, Абай нәрлен­ген шығыс, ба­тыс, тағы басқа қайнарлардың ішін­де ерекше бір қастерлісі, ана сүтімен келген қасиеті – Қаз дауыс­ты Қазыбектен!
Қазыбек бабамыздың ұрпақ­тары туралы Ақылбай Абайұлы бы­лай дейді:
“Бекболат туып қалған
сондай заттан,
Қамысқа қарғағаны –
жауын атқан.
Төресі Орта Жүздің Абылайды
Тидің, деп қытығыма –
сайдақтатқан.
Тіленші одан туып ел билеген,
Арғынға одан қорқып
жау тимеген.
Бір өзі Орта Жүзге билік айтып,
Ұрыны залымменен
нанша илеген”.
Осы шумақтарда айтылған адам­дарға, оқиғаларға тоқталайық. Заты, шын өнер ақыл­дан шығады, ақыл бұрын-соң­ғы­ның қорытпасы, ғаделеттің түйіні ғой. Атам қазақ жалғыз ауыз сөзін де босқа шығын етпеген. Осы әңгі­мемізге қатысы бар Иман­жүсіптің әйгілі өлең-әнінің басталуы қалай еді?
“Абылай аспас Арқаның
сары белі,
Қуандық пен Сүйіндік
жайлаушы еді…”
Мына сөздердегі: “Абылай ас­пас Арқаның сары белі” деген сөй­лемге зер салып көрген кім бар. Ол не? Сары бел, Арқаның белі Ала­таудай биік емес, Абылай неге аса алмады?
Сөйтсек, шындық жоғарыда Ақыл­бай Абай­ұлы айтқан “Төресі Орта Жүздің Абы­лайды, Тидің деп титығыма сайдақтатқан” деген сөздермен тікелей байланысып жатыр екен. Оның мәнісі – Абылай хан да пенде ғой, кезінде бір елге жағып, бір елді жығып, әділ­дік тізгінін бұра тартқан кезі болса ке­рек. Сон­да Бекболат, бауыры Бө­дене батыр Абылай ханға сес көр­сетіп, Ерейменнің тауынан шы­ғыс­қа қарай аттатпай қойған.
Бекболат пен Абылай арасын­дағы оқиға І.Есенберлиннің “Жан­талас” романында ай­қын көрсе­тілген. Бұдан Абылайдың беделі кемімейді.
Кейінде Бекболаттың Тіленші деген бала­сынан туатын атақты Алшынбай би Қарқа­ралы дуан жаңа ашылғанда аға сұлтандыққа төре емес, қазақ нәсілінен Құнан­байды та­ғайындатады. “Қарадан хан болған Құнанбай” дейтініміз сон­дықтан.
Алшынбай да көпке мәлім, одан Жүсіп туа­ды. Жүсіптің қызы Ділдә апа­мыз – Абайдың бәйбішесі. Ділдә мен Абайдың тойы туралы Абайдың әуелі ұрын келуі, кейін қалыңдығын алуға келгені туралы Мұхтар Әуезов шындық негізінде көркем суреттейді.
Ал нақты дерекке келетін бол­сақ, М.Әуе­зов ХХ ғасырдың 50-ші жылдары Қазақ мемле­кеттік уни­вер­ситетінің студенттеріне оқыған бір дәрісінде (Сәкен Жүнісовтің жазбала­рынан) былай депті:
“Құнанбай балаларына Тобық­ты ішінде бай-билердің қызын ғана әперіп қоймайды, ол неше түрлі саясат, есеппен, тіпті, ауыл сыр­тын­­дағы елдердің қыздарын да әпереді. Бірі – жер, бірі – әкімшілік мәселесімен байла­ныс­ты болып жатады. Осы құдалық, осы айтты­ру Абайдың басына да тап болып, Алшынбай­дың (Арғын, арғын ішін­де Қаракесек) баласы Жүсіптің қызы Ділдәға үйленеді. Ділдә қар­тайып, өлген”.
Ділдә бәйбішеге жолығып, ауыз­ба-ауыз бір­неше мәрте тілдес­кені, Абай жөнінде сұра­ғаны ту­ралы Мұхтар Әуезов одан әрі бы­лай дейді:
“Мен Ленинград университе­тін­де оқып жүр­ген кезімде елге кел­генде сұрайтынмын. Бірақ ол бәрін айтпайтын, тек айтатыны: “Біз­дің ел (қаракесектер) Тобықтыдан мә­де­ниетті және күшті болған соң, Абайды менсін­беген едім, алғаш­қыда” деуші еді”.
Бұл сөздерді көркем шығарма­да дәйек ре­тінде пайдаланған ұлы жазушы 16 жасар Абайдың өзі бұ­рын жүзін көрмеген 17 жас­тағы Діл­дә қалыңдығына алғаш рет ұрын кел­ге­ні туралы оқиғаны суретте­генін “Абай жо­лы” романынан оқу­ға болады.
Мұхтар Әуезов Абайдың қайын­дап барға­нын осылай әспеттеп жа­зып қалдырды, сон­дайақ, Абай­дың нағашылап, Едірей-Мыр­жық өңі­ріндегі бертістерге келгені тура­лы ел аузындағы әңгімелер де қы­зық.
Абай өмірбаянына байланысты әрбір деректің біз үшін өте бағалы екені даусыз. Абай атамыздың ат басын тіреген, табаны тиген жер­лер де сонша қадірлі болса керек. Алайда, Абайтанудың ұзын-ырға­сына қарап отырсақ, оның нағашы жұрты, қайын жұрты қалыс қа­лып бара жатқанына ішің ашиды.
Басқа ұлт нағашысын, қайнын қадірле­мейтін шығар, ол жағы біз­ге мәлімсіз. Бірақ қазақ­ты на­ғашыларынсыз, қайында­рын­сыз көзге елестету оңай болып па?
Иншалла, ұлы адамның наға­шысы қандай текті болса, қайын­дары да сол елден. Күн аралатпай барша қазақтың төрінен құдіретті әнімен күңіренген Мәди – сол Абайдың туған балдызы. Ділдәнің әкесі мен бірге туған Жү­сіптің інісі Бәпидің жалғыз ұлы – осы Мәди ба­тыр, әрі ақын, әрі әнші. Зер сала қа­раған адамға Мәдидің Абай ауы-лында болғаны, жездесімен кез­дескені, тілдескені көрініп тұр ғой. Мәдидің 1880 жылы туғанын еске алсақ, Абай дүниеден қайтқанда атпал жігіт, айтулы азамат, аты шыққан серінің бір көштей ғана жердегі апасы мен жездесіне сә­лем беріп қайт­пауы мүмкін емес. Сон­дықтан Мәдиді реалист ақын десек, оған Абайдың, Абай ауы­лындағы ақындар қауымының игі әсері тиге­ніне дау бар ма?
Қазақтың от ауызды, орақ тілді ғаділ биле­рінің соңғысы санала­тын Алшекеңнің алдын Абай сан мәр­тебе көрген. Абайдың сол ауылға барып, күйеу болуы Ал­шын­бай бидің дер шағы, алдынан ел, аузынан сөз кетпеген кезі еді ғой. Ал оның жақсы ұлдарының бірі Жү­сіп атамыз Қазыбек тек­тілердің ішінде бө­лек жаратылған, билік айтса жарастыққа жыға бе­реді екен. Басқа ағалары мен ініле­ріне басалқы айтатын, сөзін өткі­зетін осы Жү­сіп болған.
Сахараның саңлақ биі әрі ба­тыр Құнанбай да құда болам деп әркімге бостан-босқа ұрын­байды ғой. Сол Жүсіптің қызы Ділдә апа­мыз да айбарына ақылы сай, ай­маққа абыройлы бәйбіше болған. Бидің немересі, байдың қызы деп кеңес заманында бағасы тө­мен­дегені рас та шығар. Көп жасады. Сексен­нен асып барып дүние салды.
Сол жылы Қарқаралының қара түрмесінің қорған қабырғасының іргесінде Мәди де қастықтың қанды оғынан құлады. Абай ауы­лының, Ділдә ауылының Жолау­шыбай деген ер көңілді сері жігі­тімен Мәдидің дос бол­ғанын да білеміз. “Ұрлаған жылқысын То­бық­тыға апарып өткізіпті” деген айыпты да оқы­дық. Сол бір қыс­талаң заманда апасына барып Мә­дидің жүгінгеніне, бата тілегеніне кім таласады? Уақыт жөнімен, оқи­ға жөнімен қуып отырсаңыз бәрі орайлы сияқты.
Ділдә апамыздан Абайдың өзі айтқандай, “жақсы” балалары Ақылбай, Әбдірахман, Ма­ғауия туды. Әрқайсысы артына өшпей­тін із қалдырды. Асылдың сынығы асылдығын көр­сетеді ғой.

Зарқын ТАЙШЫБАЙ,
М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің
профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp