«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАРА ТҰЛҒА

Қазақ жерінде тұратын көпэтносты ұлт өкілдері бірлік түбі – тірлік екенін жете түсінгендерінің нәтижесінде жиырма бес жылдың ішінде талай белестер мен асу шыңдарды бағындырғанын мақтан тұтып, төккен тердің қайырымы – оң өзгеріске аяқ басқандарына дән риза. Егемендігін бүкіл әлемге паш еткен халқымыз бүгінгі таңда тәуелсіз елдің туы астында өмір сүруде.

Бізге бақытты, бейбіт өмір сыйлаған ұлы тұлғалар есімін мақтанышпен айтамыз. Аз уақыттың ішінде жемісті жетістіктерге жетелеген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі, іскерлігі, көпсалалы саясатты ой елегінен өткізіп, туған жер алдында азамат-тық борышын риясыз атқаруы, елім, жерім деген Алаштың ардақты ұлына қандай теңеу сөздер айтсақ та көптік етпейді. Ұлт бақыты үшін туған азаматтың қайраткерлігі, көрегендігі, нені қолға алса да жүз ойланып, мың толғанып, шешім жасайтын қасиетін ерекше атап өткен жөн. Тұңғыш Президентіміз сайланған күннен бастап, бүгінге дейінгі бар жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдарды, Елбасы есімімен тікелей байланыстырып келеміз.

Бұл – шындық. Қазақ елін әлемдегі озық елу елдің қатарына енгізіп, дамыған мемлекеттермен иық теңестіре алатындай дәрежеге жетті. Елбасының жиырма бес жыл ішіндегі еңбектерін ауыз толтырып мақтана айта аламыз. Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Астанаға көшіруінің астарында нағыз саясаткерлік шеберлік жатыр. Астананы көшіру – әркімнің қолынан келе бермейтін іс. Елбасының табандылығы мен көрегендігіне таңдай қаққаннан басқа шара жоқ. Шетелдердегі қазақтардың өз Отанына оралуына зор мүмкіндік жасады.

Баса айта кететін жайт, қазақ жеріндегі “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей полигонын жабуы және Қазақстан халық Ассамблеясын ашуы, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына, Тәуелсіз Мемлекеттер одағына кіруі және “EXPO – 2017” көрмесінің Қазақстанда өтуіне ықпал еткен бір ғана Елбасымыздың сындарлы саясаты екенін білемін. Менің бұл пікіріме барша қазақстандықтар да қосылады.

Семей полигонының жабылғанына биыл 25 жыл толды. Ядролық сынақ жасайтын әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 500-ге жуық жерасты мен жерүсті сынақтары өткізілген. Тәжірибелік алаңдарда өткізілген ядролық сынақтардан кейін сол жердегі таза ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жарылыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, адамдардың, одан қалды тірі жәндіктердің ағзасына зиянын келтірді. Жер мен аспан түтінге оранып, экология апаттық жағдайда деп танылды. Өңіріміз бойынша бүгінде Семей атом полигонынан зардап шеккен адамдардың нақты саны жоқ. Қазірдің өзінде белгілі себептерге байланысты әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүрген азаматтар бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Петропавл қаласында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігі құрылды. Қала бойынша отыздан астам адам мүшелікке енген бірлестіктің төрағасы – Асхат Төлепбергенов.

Нұрсұлтан Әбішұлы бейбітшілікті сүйетін тұлға, өз сөзінде “Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік” дегенді ұстанады. Жалпы Елбасымыз – қазақ ұлтына және мемлекетімізге байланысты қандай мәселені болсын соңына дейін шешуге талпынатын табанды саясаткер. Бір қоғамнан келесі қоғамға ауысар, осындай өтпелі кезеңде қазақтың маңдайына Назарбаевтай нар тұлға бұйырғанын Қазақстан халқы мақтан тұтуы керек.

“Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы” көптомдық кітабы жас мемлекеттің өміріндегі ұлы өзгерістерді, ұлтты қайта өрлетудегі Елбасының ұлан-ғайыр еңбегін, дүниежүзілік қауымдастықтың осыны қалай мойындап отырғанын дәлелдейтін құжаттарға, дерекнамаларға негізделген. Тәуелсіздік пен бостандықтың игі мұраттарынан баянды етіп, өркениетті елдерге тән қадамдар жасауда, ел алдындағы саясаткерлік, қайраткерлік, азаматтық және перзенттік парызын адал орындап, әлемдік беделге ие болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің ел тәуелсіздігін нығайтудағы, халықаралық аренада мемлекет беделін көтерудегі еңбегіне ризашылық білдірген хаттар, төрткіл дүниеде журналистер қауымы жарыса жазып, әділ бағаларын беруде.

Мария ҚЫЗЫЛГӨЗОВА,

Жамбыл аудандық мәслихатының депутаты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp