Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Қасым Нұрғалиев Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінде 1991 жылдан бері ұстаздық етіп келеді. Бұған дейін бірнеше жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен Қасым Нұрғалиұлы Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің сырттай бөліміне оқуға түсіп, сол жылы Дәуқара орта мектебіне қызметке орналасты. Ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан ұстаздық жолында оның алдынан талай шәкірт үлкен өмірге қанат қақты.
Қасым Нұрғалиұлы өзінің байсалды, сабырлы мінезімен, әсерлі жұмсақ үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзімен әрбір оқушысының жүрегіне жол таба біледі. Ол шәкірттеріне ұстаз ғана емес, әкелік қамқорлықпен қарап, жөн сілтеп отырады. Алдындағы әр оқушысының жан дүниесін, қабілет-қарымын бақылап, оларды ауыр сөзбен ренжітпей, қателігін сездіре білу бұл нағыз шеберлік емес пе?! Қасым Нұрғалиұлының бойынан осы қасиетті көреміз. Оған әр ата-ана болашағынан зор үміт күтіп отырған бауыр еті – баласын сеніп тапсырады десек, артық айтқандық емес. Ұстаз да сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде.
Балаларға қазақ тілінен тереңдете білім беріп, әдебиет әлемінің құпияларына жетелеген ол оқушыларының бойындағы қабілет көздерін жаңылмай тауып, шығармашылық дарындарын одан әрі дамытуға ден қояды. Соның арқасында Қасым Нұрғалиұлының оқушыларының арасында аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанғандары, жоғары оқу орындарына грантпен түсіп, президенттік шәкіртақыға қол жеткізгендері қаншама?! Мектебімізде Қасым Нұрғалиұлының жетекшілік етуімен ұйымдастырылған “Айтыс”, “Жас ақындар” үйірмелеріне халқымыздың шешендік, ақындық өнеріне қызығушылық білдіретін талантты балалар қатысады.
“Ұстазына қарап, шәкіртін таны” дегендей, бүгінде Руслан Дөкетбаев – ұстаз жолын қуған мұғалім. Ол “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша Саумалкөл қазақ орта мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттерін ақындық, айтыс өнеріне баулуда. Мұхаммед Қоңқаев та талай айтыстарда орақ тілімен, өткір сөзімен алдына жан салмай, ешкімге дес бермей жүр. 9-сынып оқушысы Дәулет Құрмаш ағаларының ізін басып келеді. Ол “Жарқын болашақ” олимпиадасы мен “Мағжан оқуының” республикалық кезеңдерінде І орынға ие болды. Болашақта журналист болуды армандайтын Дәулет оқушылардың “Елбасым – мақтанышым” шығармалар байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды. Соңғы кезде драма үйірмесіне қатысып, сахналық өнердің қыр-сырын меңгеріп жүрген басқа да оқушыларымыз актерлік шеберліктерімен ерекшеленіп, аудандық, өңірлік байқауларда озып жүр.
Қасым Нұрғалиұлының өзі де Қожаберген жырау, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов сынды асылдарымыздың мерейтойларына арнап өткізілген ақындар мүшәйраларына қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. Ол білім беру саласына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін облыстық білім басқармасының, “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. 2012 жылы облыс мұғалімдерінің арасында өткен байқауда “Үздік педагог” атанса, 2014 жылы “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісімен марапатталды.
Адам тәрбиелеу ұлы міндет десек, оны атқару ұстаздарға жүктелген. Екі мүшелге енді толғалы отырған тәуелсіз жас мемлекетіміздің экономикасын одан әрі нығайтып, тыныштығымыз бен тұрақтылығымызды сақтай отырып, әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына қосылу үшін Мағжан бабамыз айтқандай жігерлі, қайратты, білімді, ойы ұшқыр, елін, жерін, ұлтын сүйетін сегіз қырлы, бір сырлы жастар керек-ақ. Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде шығармашыл, тәжірибелі ұстаз Қасым Нұрғалиұлы алдына жан салмайды.
Ұлбосын ЖАХИЕНА,
Дәуқара орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Айыртау ауданы.