«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАСТАРҚАННАН БАТАСЫЗ ТҰРМАҒАН

Қоғамда ұлтымыздың болмыс-бітіміне, дәстүр-салтына қатысты әңгіме қозғала қалса көбіміз “ұлттық код” деген тіркесті тілімізге тиек ететініміз жалған емес. Бұл сөзді құлыпты ашатын құпия кілт ұғымында түсінуге болар. Демек қазақтың ұлттық коды деп қазақ халқының жаратылысын, табиғатын, рухани бітімін, өмір салтын айқындайтын белгілерді айтқан жөн шығар. Яғни, тарихи тамыры тереңде жатқан, ұлтымыздың күні бүгінге дейін бәрінен жоғары бағаланатын қасиеттері, солардың сығымдалып тұжырымдалған формуласы қазақтың ұлттық болмысының сырын түсінуге апаратын, тиісінше қастерлеп сақтауға жататын құпия кілттің тап өзі боп шығуы ғажап емес.

Ұлттық кодтың бір жұрнағы атам қазақ ежелден қастерлеген киелі дастарқанмен сабақтасады. Жалпы дастарқан – қасиетті ұғым. Халқымыз әулеттің, ауылдың, кей адамдардың тағдырларын, шешімі жоқ сияқты болып көрінген өзекті тақырыптардың түйінін осы дастарқан басында шешкен. Небір жаугершілік замандарда қазақтың батыр-бағландары дастарқаннан аттап өте алмай, найзаларын қара жерге түйреген. “Дастарқаның кең болсын, ниетің оған тең болсын” деп келетін бата да қазақтың кең жайылған, берекесі тасыған дастарқанынан туса керек.

Бір өкініштісі сол, соңғы уақытта қазақ дастарқанынан мән кетіп барады. Дастарқанды қадірлемейтін, сыйламайтын жандар көбеюде. Есімі елге белгілі жазушы, журналист Жарасбай Сүлейменов М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде өткен кездесудің бірінде қазақтың берекесіне баланған дастарқан әдебі туралы ашына айтқан еді.

“Біз дастарқан басындағы өнегелі әңгімемен өстік. Әкеміз төрде отыратын. Анамыз шиеттей бала-шағаға шай мен нан үлестіріп беретін. Арқасүйерлеріміздің ақыл мен парасатқа тұнып тұрған әңгімесін тыңдаймыз. Ұлтымыздың тәлім-тәрбиесі, өнегелі ой-танымдары осы дастарқан басында айтылатын. Асты ерекше қадірледік. Қазір дастарқан басындағы тағам да қасиетінен айрылып барады. Шынтуайтына келгенде, астың қадірін өзіміз кетіріп жүрміз. Бұрынғыдай таңғы, түскі, кешкі асты қауқылдасып отырып ішу әдебі жоғалды”, – дейді қаламгер.

Жазушының ашына айтқан бұл сөзімен келіспеске амалымыз жоқ. Дастарқан басындағы әдепсіздіктің күнделікті қайталанатын қалыпты құбылысқа айналып бара жатқаны жанға батады. Мұны халқымыздың дәстүр-салтын берік ұстаған ардагер ұстаздар да дәттеп отыр. Еңбек ардагері Қарақат Шалабаев киелі дастарқанға деген құрметсіздіктің бірнеше түрін атап көрсетті. Оның алғашқысына, тағамды оң қолмен, “біссімілләсіз” бастамау жатады. “Асты оң қолмен жеу – ата-бабаларымыздан келе жатқан көркем әдеп. Соны жоғалтып алдық. Өзімізбен жасы шамалас алдыңғы толқын өкілдерінің өзі бала-шағасының, немере-шөберелерінің оң қолмен тамақ жеуін қадағаламайды. Оң қолмен, Алланың аты айтылып желінбеген тамақта береке болмайды. Ол медицина тұрғысынан да дәлелденген”, – дейді ардагер ұстаз.

Екінші мәселе, бүгінгі буынның тағамды қалай болса солай, жүрдім-бардым жеп-ішуі. Тіпті “жартылай” отырып, түрегеп тұрып тамақ ішетіндердің әрекеті көңілге қаяу түсіреді. Қарақат Шалабаев дастарқан басынан батасыз тұратындардың көбейіп бара жатқанына алаңдайтынын сынға алды. “Батасыз ұл жарымас”, “Батаменен ел көгерер” деген тәмсілдер бекер айтылмаған. Біз батаның өзін саудаға айналдырып алдық. “Батаны сен бер, мен бер, дәмді сен қайыр, мен қайырды” естіген жас ұрпақ “дастарқаннан батасыз-ақ тұра беруге болады екен” деген түсінікті саналарына берік орнықтырды. Бата берілмеген дастарқанның киесі болмас”, – дейді ақсақал.

Атаның ақ жолы, ананың ақ дастарқаны қашаннан-ақ қазақ халқының даңқын дүниеге әйгілеп келе жатқан берекенің қаймағы екені айтпасақ та түсінікті. Қазақ “дәм-дәнекер” деп келелі істің көбін, игі жұмыстың бәрін дастарқан басында, дәм-тұз үстінде шешеді. Ал оған опасыздық жасаған адамды “дәм атқыр”, “дәмге тапсырдым” деп қарғап-сілеп жатады. “Адам айдаса барман, дәм айдаса қалман” деп дәмге ерекше құрмет етеді, сенім артады. “Ас адамның арқауы” деп нанды далаға тастамайды, дәмді, тұзды баспайды, ас айныса бастан бақ кетеді, жаман болады деп ұғады.

Есімі елге белгілі ақын Қасымхан Бегманов шығаратын “Дәстүр” журналында дастарқанның киесі тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Оқып көрелік.

“Дастарқан басына қол жумай отырмайды. Сырттан келген қонақтың қолына су құю дәстүрі бар. Қонақ су құйған балаға “Судай тұнық бол, ғұмырлы бол, таудай азамат бол, еліңнің елеулісі, халқыңның қалаулысы бол” деп алғыс айтып, ақ батасын береді. Қазақта “Су құйғанға сауап көп” деген тағылымды сөз бар. Егер қол жумай дастарқан басына отырса, астың құты қашады, берекесі кетеді.

Дастарқанға ең әуелі үйдің үлкендері отырып, жайғасып болмай, балаларды бұрын отырғызбайды. Себебі үйдің құты мен берекесі үлкендерде тұрады. Балалар үлкендерден бұрын дастарқанға отырып, дәмнен бұрын ауыз тисе, дастарқанның берекесі кетеді. Кейін балалар үлкендерді сыйламай кететін жаман дағды қалыптастырады. Оның үстіне үлкендер жайылған дастарқан дәміне ықылас білдіріп, ақ бата жасайды, тілек білдіріп бет сипайды”.

Дастарқан басында түзу отыру керек. Алдыға келген асты қастерлеп, “Жаман, дәмсіз екен” деп айтпау керек. Олай айтса, алдыдағы адал ас айниды. Солай айтып жеген адамның жүрегі айнып, қардай жиіркенеді. Сосын аузына, ерніне, тіліне, бетіне ұшық шығып, қара қотыр қаптап ауырып қалады.

Дастарқанды аяққа баспау, теппеу, астан асырып түкірмеу, нан қоқымын түсірмеу, асты шылпылдатып жемеу, төгіп-шашпау, ас үстінде түшкіріп, жөтеліп, сіңбірмеу, құлақ-беті қолды шұқымау, басқа қонақтардың алдындағы асқа қол созбау, өз алдындағы асты мәдениетті түрде әдеппен, сыпайы түрде алып жеу керек. Бұның бәрі қазақ халқының ежелден келе жатқан дастарқан әдептері болып саналады. Дастарқаннан ас алып жегенде өте нәзік болу керек. Қомағайланып ас ішу қақалып қалу қаупін тудырады.

Қазақ ырымында таңғы асты тастамайды. Үйден шығар бұрын қандай асығыс болса да, бір үзім нан, бір жұтым су ішіп барып сыртқа, жолға шығады. Атам қазақта “Таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама” деген тәмсіл сөз бар.

Қазақ дастарқан жайғанда ең алдымен нан қояды. Сосын барып қалған дәмдерді рет-ретімен тізе беруге болады. Себебі ас атасы – нан. Наннан бұрын басқа тағамдарды қойса, дастарқан киесін жоғалтады. Ақырын-ақырын дастарқан дәмі азая береді.

Қазақ дастарқан басына кетік кесемен сусын, шай құймайды, тамақ салып жемейді. Баяғы жаугершілік замандарда өштескен, кегі кеткен дұшпандарына кетік ыдыспен тамақ беріп, жүзің сынып, көңілің жарым болып, тілің кесілсін деп, дұшпанының басын қорлап, өш алатын ырым болған. Ал сыйлы қонаққа кетік ыдыспен ас тарту ең үлкен әдепсіздік саналады.

Сержан НҰРТОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp