«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАУЫЛПАЗ БАБА – ҚОЖАБЕРГЕН”

С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры жаңа маусымын Қожаберген Толыбайұлының “Елім-ай” дастанының желісі бойынша дайындалған “Дауылпаз баба – Қожаберген” спектаклімен ашты. Қойылым Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды. Спектакльдің қоюшы-режиссері – Баатырбек Шамбетов. Премьераны облыс әкімі Ерік Сұлтанов та тамашалады.

“Елім-ай” тарихи дастанының желісі бойынша дайындалған спектакльде батыр бабалар ерекше суреттеледі. Қойылымда көрініс тапқан Қожаберген жыраудың, Тәуке ханның образдары шынайы. Спектакль сол кездегі заман қасіреті туралы ғана емес, Қожаберген жыраудың болмысын, ақындығы мен батырлығын, көсемдігі мен көрегенділігін, ұлтшылдығын көрсетуге арналды. Сондай-ақ, орыс патшалығынан көмек сұраған жауларымыздың сұрқия істері мен айласы да спектакль желісіне арқау болған. Қожаберген жыраудың Тәуке ханның “Жеті жарғысын” дайындауға зор үлес қосқандығы да тарихтан белгілі. Қойылымда бұл көрініс те үйлесімін тапқандай. Театр әртістерінің сахналауымен алты алаштың арқасүйер сұлтандары мен билері, бір тудың астына жиналып, ел тағдырын таразыға салып, “Жеті жарғы” заңын талқылады. Төле, Қазыбек, Әйтеке билер бастап, Мұхамед, Қоқым, Сасық билер ақыл қосып, жаңарған заңның түйіні бекітілді. Осы орайда, қазақ батырларының ауызбіршілігі мен көрегендігі де шынайы көрсетілгенін ерекше айтып өтуге болады. Ұзақ жылдарға созылған қиян-кескі шайқастарға үздіксіз қатысып, ерлік көрсеткен жыраудың ордабасы қызметін өзінен кейінгі Қанжығалы Бөгенбайға ұсынуы оның көрегендігі мен мәрттігін көрсетеді. Адамды руына емес, рухына қарап бағалайтын Қожаберген батырдың болмысы әрқашан жастарға үлгі болатыны анық. Білектің күшімен, жүректің мысымен қазақтың туын құлатпауға ант еткен Бөгенбай батырдың образы да айшықты. Осы орайда қойылым әртістері Қожаберген батырды ғана емес, қазақ халқының айбарлы да қайратты, өршіл рухты батырларының бейнелерін шебер сомдады.  

Қазақтың басынан қайғы арылған ба? Тәуке хан өмірден озған соң билікке талас басталды. Қызғаншақтық, көреалмаушылық, күндестік, іштарлық сияқты жаман қылықтар арқылы хандыққа таласқан елдің ендігі халі айтпаса да түсінікті. Би мен бек, төре мен шонжар келісе алмай, ел ішінде алауыздық басталған тұста жоңғардың айы оңынан туып, жүз бен руға бөлінген қазаққа күйрете соққы жасалды. Тентіреген бала-шаға, кемпір-шал далада қалды. Елден қуылды. Аласапыран заманда таққа талас елдің берекесін алды. Төреден ынтымақ кетті. Көк шалғын қазақ жері қанға боялды. Жауыздар сахарада ұран салды. Бірақ ата-бабадан аманат болған жердің бір уыс топырағынан бағалы ештеңе жоқ. Өз елімізде, өз жерімізде күндестің күйін кешкен қазаққа бұдан артық қандай жаза бар. Осы тұста Қожаберген үш жүздің баласын бірлікке шақырып, жауға тойтарыс беруді мақсат етті. Бірақ айрандай ұйыған алаш баласының бағы басынан тайған уақытта қазақ бір-бірінен теріс айналды. Тәуке ханның тұсында ханның сөзін заң көрген қараша халық ол өлген соң бет-бетімен кетті. Сол заманда да екіжүзділік болған. Ендеше, бүгінгі күні заман өзгерсе де, адамдардың пиғылы мен көзқарасы өзгермейтінін спектакль желісінен аңғаруға болады.

Қойылымда жеті баласынан айрылған ананың ащы зары сай сүйегіңді сырқыратты. Бұл ананың ғана емес, халықтың жоқтауы. Бірақ қазақ – өршіл де рухты халық. Өзгеге намысын таптатпайды, қасық қаны қалғанша алысып беріспейді. Міне, біздің қазақтың батырлары осындай. “Алаш” деп ұран салған батырлар жоңғарларға күйрете соққы беріп, жеңіске жетті.

Қожаберген жыраудың “Елім- ай” дастаны – қиын-қыстау замандағы тарихи шындықты бейнелеген құнды жәдігер. Ал ұлттық құндылықтарды дәріптейтін осындай қойылымдар арқылы жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыруымыз керек. Тарихи дастанды спектакль тіліне үйлестіріп, көрермендерге ой салған актерлердің де шеберлігіне тәнті болдық. Қожаберген батырдың рөлін сомдаған Нұрбол Асқаровтың есімін ерекше айтып өткен жөн. Аншлагпен өткен сахналық қойылым көрермендердің көңілінен шықты десек қателеспеспіз. Хандықтың 550 жылдығына арналған тамаша тартуға риза болған көпшілік қауым орындарынан тік тұрып, театр сахнагерлеріне құрмет көрсетті. Қойылым соңында облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан театр әртістеріне ықылас гүлі табыс етілді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp