«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕЛЕБЕНІ ҚОЗДЫРҒАН ДҮБІРЛІ ЖАРЫС

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сенбі күні түс ауа Қызылжар ауданының Бескөл ауылындағы “Құлагер” ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық спартакиада аясында өткізілген ат спорты жарысының салтанатты ашылуына қатысты. Өңір басшысы жиналған қауымды дүбірлі сайыстың басталуымен құттықтап, дене шынықтыру мен спортты дамыту, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап көрсетіп, оған нақты мысалдар келтірді.

Ат жарысы десе делебесі қозатын жанкүйерлердің қарасы бұл күні “Құлагер” ипподромында аз болған жоқ. Бәйгеге облысымыздың аудандарынан елуге тарта шабандоз бен атбегі қатысты.

Ал жарыс ұшқыр бәйгемен басталды. Жас тайлардың сайысы болып саналатын бұл бәйге 1800 метр қашықтықта өтті. Ипподромдағы жарыс жолының бір жарым айналымында мәре сызығын аққайыңдық шабандоз Дмитрий Волковтың “Номад” тайы бірінші кесіп өтті. Одан кейін Қызылжар (Ескендір Белгібеков) және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандарының (Олжас Уахатов) шабандоздары үзеңгілес келді.

Бұл күні жастары әртүрлі желіс аттары үш қашықтықта сыналды. Десек те, көрермендер алыс қашықтыққа шапқан сәйгүліктердің бәйгесіне көбірек қызығушылық танытты.

Жорға жарысқа әр ауданнан келген тоғыз шабандоз қатысты. Жорға жарыстың өзіне тән ерешелігі бар. Өйткені, бес шақырым бойы сәйгүліктер тайпалған жүрісінен танбауы тиіс. Ондай жорғалармен алып жүрген су шайқалмауы да, төгілмеуі де тиіс екен, оларды су жорға дейді. Төрешілер сәйгүліктердің жарысын бейнекамераға түсіріп, жорғасынан жаңылған үш атты жарыс жолынан алып тастады. Ал бас жүлде Шал ақын ауданының өкілі Артем Чибисовке бұйырды. Қызылжарлық Анна Тимошенко, тимирязевтік Татьяна Коротаева сынды шабандоз қыздар да жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Он шақырымдық қашықтықта жарыс жолына жиырма ат сәйгүлік шықса, М. Жұмабаев (Нұрлан Добаров), Мамлют (Қайдар Жексембаев) және Ғ. Мүсірепов атындағы (Есдәулет Рыстанбеков) аудандардың шабандоздары жүлделі орындарды өзара бөлісті.

“Жүзден жүйрік, мыңнан – тұлпар” демекші, нағыз сәйгүліктің анықталатыны он бес шақырымдық аламан бәйге болды. Жарыстың шарықтау шегі де, жұрттың асыға күткені де осы сәт еді. “Шүу” деп аттың басын жібергенде он үш шабандоз қара жолдың бойымен үзеңгілес кеткен еді. Екі-үш айналымнан кейін шын сәйгүліктер алға шығып, тағы екі-үш айналымнан соң қалғандарынан аралары алшақтай бастады. Тіпті, кейбіреулері айналымдарда жарыстан шығып қалды, қызылмай болып жолда қалған аттар да болды. Жамбыл ауданының шабандозы Мирас Тілеубердин бірнеше айналым бойы көш бастап, жанкүйерлердің қошеметіне бөленген еді. Бірақ соңғы айналымда ол қарқынынан айрылып қалды. Сәйгүлігінің тізгінін мәреге жақындағанда босатқан қызылжарлық шабандоз Қайдар Жексембаев “Қасиетпен” аламан бәйгенің жеңімпазы атанды. М. Жұмабаев ауданының өкілі Әділбек Айрамбаев пен тайыншалық Айдар Бексейітов қалған екі орынды өзара бөлісті. Аламан бәйгенің жеңімпаздарына дипломдар мен медальдарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов тапсырды.

Бәйгемен қатар ат спортының теңге алу, аударыспақ, көкпар сияқты түрлерінен жарыстар өтті. Ат спорты түрлері жақсы дамыған Уәлиханов ауданы спортшыларының мерейі теңге алуда да, аударыспақта да үстем болып, қарсыластарына дес бермеді. Жарыстың осы екі түрінде жүлделі орындарға тайыншалықтар мен ақжарлықтар қол жеткізді. Біздің өңірде көкпарға қатысушылар қатары жыл санап қалыңдап келеді. Биыл бас жүлдені жеті ауданның көкпаршылары сарапқа салды. Ақтық кездесуде Тайынша ауданының көкпаршылары уәлихановтықтарды ұтып, жеңімпаз атанды. Үшінші орын ақжарлықтардың еншісінде.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp