Петропавл қаласында тұратын зейнеткер Надежда Максимушкина өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан елімізде вакциналау науқаны басталғанда екпе алудан бас тартпау қажет екенін түсініп, ұжымдық иммунитет қалыптастыруға өз үлесін қосуды азаматтық парыз санаған.
– Менің жасым 80-де. Еңбекке ерте араластық. Өзім саламатты өмір салтын ұстанғанды жөн көремін. Осы жасқа келгенше денсаулығыма байланысты дәрігерлерге шағым айтып көрмеппін. Тек үстіміздегі жылдың басында денсаулығым сыр берді. Өзімді жайсыз сезініп, басым ауырып, аздап дене қызуым көтерілді. Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған қауіпті індеттің ешкімді де аямайтынын түсіндім. Жазда “Спутник V” вакцинасын алдым, – деген Надежда Владимировна екпенің екі компонентін салдыртқан соң өзін жақсы сезінгенін, ешқандай асқынулар болмағанын айтты. Зейнеткер адамдар өз өміріне немқұрайды қарамауы керектігін жеткізіп, өңір тұрғындарын екпе алуға шақырды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.