Жасым тоқсанға келсе де, құлағым түрік, көкірегім ояу. Ел жаңалықтарын қалт жібермеймін. Елбасының Бес институттық реформасын қолдап, Мәңгілік Ел болуға ұмтылған халқымыздың тілеуін тілеп отырамын.
Мен кейде маңдайына жазылған тағдырдың небір теперішін көріп өскен біз сияқты аға ұрпақты құрыштан құйылған сом болаттай көретінім бар. От пен оқтың ортасында арпалыса жүріп, бірлік пен ынтымақтың арқасында жауды ұясында тізе бүктірдік. Одан кейін бейбіт өмірге араласып, тұралап қалған экономиканы көтеруге білек сыбана кірістік. Жақсыға таспадық, жаманға саспадық. Алла Тағаланың берген ғұмырының арқасында Қазақстанның дербес мемлекет болғанын да көрдік. Мұның бәрін термелеп айтып отырғаным – Елбасының салиқалы саясатының арқасында орасан зор бағдарламаларды орындау үйреншікті үрдіске айналғанын, қандай қиындық кезіксе де, еңсерудің жолын таба білетінімізді әлемдік қоғамдастықтың өзі мойындап отыр.
Халық қалаулыларының Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөніндегі Үндеуін оқи отырып, соғыс кезіндегі небір қанды шайқастар мен ұрыстар көз алдыма келді. Күші басым дұшпанмен жан алысып, жан берісіп жатқан шақта тыл жақтан “уралаған” үнді естігенде бойымызға орасан күш бітіп, қаһарланып кететінбіз. Олай болса, бүгінгідей күрделі жағдайда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар тың күшпен толығып, ауқымды реформаларды дәйекті жалғастырудың ізбасарлары ретінде танылып жатса, тұрмысымыз түзеледі, еліміз көркейеді. Халық қолдауына ие болған партиялар мен жеке тұлғалардың азаматтық белсенділік танытып, кешенді бағдарламаларды тиімді жүзеге асырарына сенімдімін. Ал жаңа Парламентті қалыптастыру жергілікті мәслихаттар сайлауымен бірге өткізу тәжірибесі бұрыннан бар.
Менің пікірімше, Елбасы жаңа сайлау өткізу туралы Жарлық қабылдаған жағдайда республика тұрғындары оған жан-жақты қолдау білдірері анық. Өйткені, олар қазіргі алмағайып заманда зор сенім артқан Тұңғыш Президентіміздің қандай шешімді болсын “жеті рет өлшеп, бір рет кесіп” дегендей, терең ойланып барып қабылдайтынын жақсы біледі.
Қожатай НЕКІБАЕВ,
соғыс және еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.