Облыс диқандары көктемгі егіс жұмыстарын абыроймен аяқтауға ниетті. Мағжан Жұмабаев ауданының ауыл шаруашылығы өкілдері алқапқа алғашқылардың бірі болып дән сіңірді. Жергілікті диқандар алқаптың 19,7 мың гектарына, яғни 5,5 пайызына тұқым сеуіп үлгерді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Арман Әбілқайырдың айтуынша, биылғы науқан үлкен жауапкершілік жүктейді.
– Үстіміздегі жылы аудандағы егістік көлемі 376,2 мың гектарды құрайды. Оның 253,3 мың гектарына дәнді дақылдар себу көзделген. Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары да сәтті жүргізілуде. Мәселен, биыл 95,8 мың гектар алқапқа майлы дақыл сіңіру жоспарлануда. Жергілікті диқандардың көктемгі егіс жұмыстарына үлкен әзірлікпен келгенін атап айтқым келеді. Істен шыққандары жөнделіп, ескілері жаңасына ауыстырылды. Қазіргі уақытта 2194 – тұқымсепкіш, 51 егіс кешені жұмылдырылуда, – дейді Арман Әбілқайыр.
Науқан басталғалы аудандағы 62 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 269 шаруа қожалығы екі ауысыммен жұмыс істеуде.
Қанат АТАМАНОВ, “Soltústik Qazaqstan”.