Облыс орталығында жаңа Достық үйі бой көтермек. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрге жуық жаңа ғимарат жақын арада пайдалануға берілетін болады. Облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында өткен баспасөз конференциясының кезекті қонағы – Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов осыны мәлімдеді. БАҚ өкілдерімен өткен жиында өңірдегі конфессияаралық және этносаралық келісімді нығайту мәселелері де кеңінен көрініс тапты.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстан этносаралық бірліктің өзіндік үлгісін қалыптастырды. Егемен елімізде тұратын халықтардың сапалы өмір сүріп, өз тілін, дінін сақтауға жағдай жасалды. Ежелден көпұлтты өңірімізде бүгінде 89 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде.
– Бүгінде облыстық ассамблеяда 23 этномәдени орталық жұмыс істеуде. Олардың қарамағында 11 жастар клубы бар. Ал өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің саны – 104. Олардың барлығы республикалық және өңірлік деңгейде ұйымдастырылатын мерейтойлық шараларға қатысып келеді, – деп өзі басқарып отырған ұйымның жұмысы жайында әңгімелеген Наиль Салимов жергілікті атқарушы органдар тарапынан ассамблея жұмысына зор көңіл бөлініп отырғанын тілге тиек етті. Бүгінде жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Достық үйі толық жабдықталған. Ал жақында облыс орталығында жаңа Достық үйін ашу мақсатында 377 миллион теңгеге жалпы аумағы 6900 шаршы метр болатын жаңа ғимарат сатып алыныпты. Нысанды қалпына келтіруге 681 226 мың теңге қаражат бөлініп, бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ал мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыстық Ішкі саясат басқармасы арқылы этнобірлестіктер жұмысына 1,8 миллион теңге бөлінген.
– Елбасы Ассамблеяның рөлі туралы айта отыра, этносаралық саланы дамытудың алдағы 10 жылға арналған стратегиялық жоспарын белгілеп берді. Халықтың ауызбіршілігі қоғамдық келісімде екенін айтты. Әр азаматтың жарқын болашаққа және келер күнге сенімі, жеке және кәсіби өсулеріне мүмкіндіктері болуы керек. Нақ осы тұжырымдар ассамблеяның 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізіне алынған, – деген Наиль Камильұлы өңірімізде этносаясатты жетілдірудегі және нығайтудағы ассамблеяның негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясындағы алған әсерлерімен де бөліскен баяндамашы:
– Біздің облыстан сессияға 15 адам қатысып қайтты. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен алқалы жиында Ассамблеяның 2015 жылы атап өтілетін 20 жылдығына арналған жаңа міндеттер мен мақсаттарымыз айқындалды. Осыған байланысты Елбасы баршамызға ауқымды жұмыс атқару міндетін қойып отыр. Ел бойынша ұйымдастырылатын шараларға әрбір елді мекен жұмылдырылатын болады, – деді.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.