Облыстық балалар мен жаcөспірімдердің шығармашылығын дамыту орталығында мектеп оқушылары арасында ұлтаралық келісімді, достықты дәріптеуге бағытталған іс-шара өтті. Қалалық білім бөлімінің бастамасымен ұйымдастырылған кездесуге Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің өкілдері, облыстық прокуратураның экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылды бақылау жөніндегі бөлімнің бастығы Ерлан Нұрышкин, Петропавл қаласының жастар бастамалары орталығының директоры Рүстем Есенбергенов қатысты.
Елімізде саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, этносаралық қарым-қатынастың сақталуына Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының қосып отырған үлесі мол. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фанис Литфуллин осы мәселе төңірегінде өнегелі әңгіме өрбітті. Бүгінде облыста 25 этномәдени бірлестік ұлтаралық келісім бағытындағы кешенді іс-шараларға ұйтқы болып отыр.
Облыстың жастар ісімен айналысатын ұйымдары да бұл мәселеге бейжай қарамайды.
– Биыл қалалық жастар бастамалары орталығының ұйымдастыруымен 100-ден астам іс-шара өткізілмек. Осылайша, біз жастарды толеранттылыққа тәрбиелеуге, бұл қасиетті негізгі құндылықтардың қатарына қосуға тырысамыз. Өйткені, өзгенің ойын тыңдап, бір-бірінің көзқарастарын сыйлайтын, өзара келісімді әрқашанда жоғары қоюды жөн санайтын жастар ғана кемел болашақтың кілтін ұстай алады, – деді Руслан Есенбергенов.
Жас ұрпаққа экстремизмге, терроризмге қарсы тұра алатындай тәрбие беру – бүгінгі таңда зор маңызға ие. Оқушылармен осы тұрғыда ой бөліскен Ерлан Қайратұлы жас ұрпақты бойларындағы жауапкершілік, сыйластық сезімдерін жетілдіруге шақырды.
Гүлнәр ЖҰПАРБЕК,
“Солтүстік Қазақстан”.