«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДІЛІНЕ БЕРІК, МІНДЕТІНЕ АДАЛ

Сұхбатымыз ресми тілде басталды. Кейде қазақтардың өзімен аталмыш тілде сөйлесіп жүргендіктен, үйренген ауыз Рашид Алиевке де сұрақтарды орысша төпеледі. Әңгімеміздің орта тұсына келгенде ол ойын қазақша айтқанда ғана: “Сіз қазақ тілін білесіз бе?” деген жоспарда жоқ сұрақ қойдым.

– Әрине, мен Өзбекстанның Ферғана қаласында тусам да, ата-анам 1990 жылы Қазақстанның Жамбыл облысындағы Шу қаласына көшіп келді. Ол жерде барлығы қазақша сөйлейді. Ойын баласы өзім сияқты қатарластарыммен қазақша сөйлесіп, тіл үйреніп алдым. Бір жылдары қазақ мектебіне де ауысқан едім. Ата-анам да, бауырларым да қазақ тілін жетік біледі, – дейді облыстық онкологиялық диспансердің хирургі, онколог-маммолог Рашид Алиев.

Атасы мен әжесі 1944 жылы Кавказдан Өзбекстанға жер аударылған месхитин түріктері екендігін тілге тиек еткен дәрігердің әңгімесін тыңдап отырып, жат жерде ұлттық келбетіңді сақтаудың өзі рухани жігерлілікті қажет ететіндігін түсіндім. Кавказдан – Өзбекстанға, ол жерден Қазақстанға қоныс аударған бұл отбасының өз ділі мен тіліне беріктігіне таңғалдым. Грузин де, өзбек те, қазақ та болған жоқ. Қай жерде жүрсе де, өздерін мойындата білген.  

– Үйде тек түрік тілінде сөйлесеміз. Өзге ұлттың өкіліне үйленбейміз және қызымызды бермейміз. Бұған тыйым салынған. Мәселен, мен ата-анам таңдаған қызға үйлендім. Келіншегім Гүлмира да Қазақстанда өскен қандасым. “Тәрбие отбасынан басталады” дегендей, бізде осыған баса мән беріледі. Әлі есімде, кішкентай кезімізде әкем төрт баласын жинап алып, ақылын айтатын. Қазір мен де үш балама дәл солай ақыл айтып, өмірлік тәжірибеммен бөлісемін. Мұны ұрпақ сабақтастығы деуге болатын шығар, – дейді ол.

Бала жасынан дәрігер болуды армандаған Рашид Алиев мектепті тамамдай сала Қырғызстанның астанасына жол тартады. Мақсаты – Қырғыз мемлекеттік медицина академиясына оқуға түсу. Талай жастың арман қуып келген Алматысы алыс болғандықтан, 90 километр жердегі Бішкек үйдің сыртында тұрғандай болып көрінген. 2007 жылы аталмыш оқу орнын аяқтағаннан кейін бірден Ресейге жол тартады. В.И. Разумовский атындағы Саратов медициналық университетіне түсіп, сонда екі жыл клиникалық ординатура бойынша білімін жетілдірді. 9 жылын медицинаның қыр-сырын меңгеруге арнаған Рашид Алиев 2009 жылы толыққанды маман ретінде елге оралып, Петропавл қаласына тұрақтайды.

– Кейбіреулерге жылы жақта туып, ержетіп, білім алған менің қысы қытымыр өңірге қоныстануым қызық болып көрінеді. Тағдырдың жазуы болар. Петропавлға менің соңымнан інім де келді. Бауырым Әбиджан №3 қалалық ауруханада травматолог болып жұмыс істейді. Бауырым екеуміз осы жерге үйреніскеннен кейін ата-анамызды да көшіріп әкелдік. Олар Қызылжар ауданының Бескөл ауылында тұрады, – дейді дәрігер.

“Өз кәсібіңде ең бастысы – өзіңді бағалау, ісіңе адал беріліп, шабытпен қызмет жаса. Өз жұмысыңды сүйсең, ол да сені сүйеді”, – деген кәсіби ұстанымы бар Рашид Алиев диспансерге қуана келетіндігін жасырмады. Күніне қаншама кісіге ота жасап, өлім мен өмірдің күресін өз көзімен көретін хирург қайғырып келген адамның жадырап қайтқанын қалайды.

– Осы жерде 6 жылдан бері еңбек етіп келемін. Бізге маман ретінде өсуімізге, біліктілігімізді арттыруымызға барлық жағдай жасалған. Үнемі шетелдерге шығып, біліктілігімізді жетілдіреміз. Міне, жуырда Қазан қаласынан оралдым. Медицина саласы күн сайын дамуда. Ал біз халықтың денсаулығына жауапты маман болғандықтан, заман ағымына еріп, медицина саласындағы жаңалықтардан қалыс қалмауымыз қажет. Осы орайда үйде де өз салам бойынша кітаптарды оқып, ізденіп жүремін, – деген Рашид Алиев ол үшін кешке қарай отбасына күні бойы атқарған жұмысына көңілі толып оралуы аса маңызды екендігін де жеткізді. Күніне бірнеше ота жасайтын дәрігер сырқатына дауа іздей келгендерден шаршамай, керісінше “Көмектесу қолымнан келеді-ау” деген ой күш-қуат береді екен.

Жұмысына асығып келіп, үйіне кеш қайту – майталман мамандардың табиғатына тән қасиет. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, адал атқару, артылған міндетті тыңғылықты орындау, тиянақтылық таныту ата-анасының бала жастан қалыптастырған мінезі екен. Сол үшін шыр етіп дүниеге келгеннен жақсы тәлім-тәрбие беріп, бастамаларын қолдап, жолының ашық болуын тілеген ата-анасына алғысы шексіз.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp