«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІГЕРГЕ ЖҮГІНГЕН АБЗАЛ

Бүгінде әйелдер арасында сүт безінің қатерлі ісігіне шалдығушылар азаймай отыр. Бұрын бұл дертке көбінесе егде жастағы адамдар шалдықса, соңғы жылдары жастар арасында да жиі кездесуде. Сүт безі қатерлі ісігін тудырушы факторлар әлі анықталған жоқ. Десек те, оған әртүрлі жағдай себеп болуы мүмкін. Бедеулік, гормонды терапия сынды бірнеше белгілер мен сыртқы факторлар қауіпті еселей түседі.

Бұл орайда генетикалық бейімділік те ерекше орын алатынын айтқан жөн. Медицина мамандары ауруды емдеуде сүт безін хирургиялық жолмен алып тастайды. Сондай-ақ, антиэстрогенді дәрі-дәрмектер ішу арқылы кеселден құтылудың жолдарын қарастырады.

Аурудың басты белгілері туралы айтар болсақ, бірінші және екінші кезеңдерде ауру байқалмайды. Ісікті тек ультрадыбыстық зерттеу кезінде анықтауға болады. Аталмыш ауру қырық бес жасқа дейінгі әйелдерде ультрадыбыстық аппараттың көмегімен, ал егде жастағы адамдарда рентгенологиялық маммография арқылы анықталады. Қанның құрамында экстрогенді гормондардың көп болуы арнайы тексерулерден өтуге міндеттейді. Өйткені, бұл гормондар сүт безінің қатерлі ісігін туғызуы ықтимал. Емдеу шаралары дер кезінде қолға алынбаса, көкіректе түйін түзіліп, кеуде қатайып, ұлғаяды. Сонымен қатар сүт безі терісі қызарып, ісік үстіндегі теріде ойықтар мен қабықшалар пайда болады. Қатерлі ісіктің бастапқы белгілеріне сүт безі көлемінің өзгеруі, бір көкіректің үлкеюі, сүт безіндегі ауырсыну, ісік пен ауырсынудың болуы (бір жағында) жатады. Сондай-ақ, қолды қимылдатқанда иық ауырады. Егер мұқият қараса, ісікті байқауға болады. Баланы емізгеннен кейін үш жылдан соң кеудеден сулы, қанды іріңдер бөлінсе, бірден дәрігердің көмегіне жүгінген жөн.

Мастит тәріздес сүт безі ісігінде дене қызуының жоғарылауы, бездің қызаруы, бездердің қатты және ұстағанда жылы болуы байқалады. Емшектен ірің ағуы мүмкін. Мұндай жағдайда адамда әлсіздік пайда болады, жүрек айнып, бас айналады. Сондықтан жоғарыда айтылған белгілер байқалса, әйелдер маммолог немесе онколог дәрігерге көрінулері керек. Өйткені, ісік алғашқы кезеңнен төртінші кезеңге кейде тез өтіп кетеді.

Рита СИМАНБАЕВА,  Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp