«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ АНЫҚ СЕЗІЛУДЕ

Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында есеп берген денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыруда, ауруға ерте диагностика жасауда, баланың денсаулығын сақтауда, мобильдік медицинаны дамытуда жеткен жетістіктерді баяндап қана қоймай жекелеген мәселелерге де тоқталды.

“Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында солтүстікқазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жасты құраған. Десек те, жерлестеріміздің дені тегін скринингтік тексеруден өтуге құлықсыз. Денсаулығына немқұрайдылық танытқандардың айтар уәжі: “Ауырған кезде өзіміз келеміз”. Ал бұл скринингтік тексерулер онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

– Мемлекет скринингтік тексерулерге қомақты қаржы бөледі. Бірақ соған қарамастан азаматтар дәрігерлердің тегін бақылауынан бас тартады. Қымбат құрылғылардың көмегімен, оның ішінде эндоскопиялық зерттеулерден өтуге құлық танытпай отыр. Бұл өңіріміздегі онкологиялық және тағы да басқа аурулардың өршуіне жағдай туғызады, – деді Қабдырахман Еркінұлы.

Ал өңіріміздің талай жылдан бергі мәселесі – дәрігерлердің жетіспеушілігі әлі де шешімін табар емес. Бүгінгі таңда өңірімізге 143 дәрігер қажет болса, соның 59-ына ауыл тұрғындары зәру. Әсіресе, педиатр, отоларинголог және акушер-гинеколог мамандарына сұраныс басым. Осы орайда өз ойын білдірген №1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кашенцева облысымызға келген кадрлардың дені жалпы тәжірибедегі дәрігерлер екенін атап көрсетті. Петропавл қаласында орналасқан облыстық балалар ауруханасына – 8, ал №1 қалалық емханаға 12 дәрігер қажет. Осыған қарап-ақ ауылдағы ауруханалардың жағдайы қандай екенін бағамдай беруге болады. “Жығылған үстіне жұдырық” демекші, өңірімізге келген дәрігерлерді үймен қамту мәселесі де толық шешілмей отыр. Аурухана, емханалар шаруа жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын аталғалы қалалық әкімдік үй кезегінде тұрған медицина қызметкерлерін тізімнен алып тастаған. Егер емдеу мекемелері “бір күні үй беріледі” деген ойменен сырттан келген мамандарға жыл сайын миллиондаған теңге қаржы жұмсап, пәтер жалдап келсе, енді сол кадрларды ұстап қалудың амалын таппай тығырыққа тіреліп отырған жайы бар. Ал аудандық ауруханалардың бас дәрігерлері келген жас маманға берілетін жәрдемақының көлемін көбейту қажет деген ойларын жеткізді. Бүгінгі таңда ауылға келген жас маманға берілетін жәрдемақының көлемі – 170 мың теңге. Ал Мамлютка, Булаево, Сергеевка, Тайынша қалаларындағы ауруханаларға барған жас мамандарға жәрдемақы мүлде төленбейтін көрінеді. Себебі, ауданға аттанған мамандардың барлығы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша барса, ал қалаларға орналасқандар оның шапағатын көрмейді. Осы орайда бас дәрігерлер “Петропавл қаласына келген дәрігерлерге жәрдемақы төленеді, ал аудандағы қалаларға барған мамандар бұл қаржыдан неге қағылып отыр?” – деген сұрақты төтесінен қойғанымен, мардымды жауап болмады.

Дәрігерлерге зәру медицина ұйымдарының материалдық-техникалық базасының да тозығы жеткен. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдырахман Сақтағанов бүгінде емдеу мекемелеріндегі құрылғылардың 40 пайыздан астамы ескіргендігін ашық айтты. Үстіміздегі жылы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық бюджеттен 400 млн. теңгедей қаржы бөлінгенімен, жағдай оңалып кете қоймаған. 2017 жылы бұл мақсатқа 1 млрд. 300 мың теңге қаражат бөлінеді деп күтілуде. Бұл қаржыға жаңа қондырғылар, медициналық көлік сатып алынбақ.

Қоғамдық кеңестің отырысында бұдан басқа тағы да алты мәселе қаралды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp