Облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы, Солтүстік Қазақстан фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының ортақ келісімімен өңірімізде бірқатар дәрілердің бағасы арзандады.
– Бағаны төмендету Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған болатын. Коммуналдық тарифтер төмендеген соң медициналық қызмет түрлеріне де бағаны түсіру қажет деп шештік. Тиісті мекемелер дәрілердің бағасын төмендетуге мүмкіндік бар екенін алға тартты. Біз үшжақты меморандумға қол қойып, 101 түрлі дәрінің бағасын бес пайызға арзандаттық, – деді облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет. Солтүстік Қазақстан фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығының өкілі Оксана Малыгина ауруды басатын, қабынуға қарсы антибиотиктер мен көз, мұрын тамшылары, тіпті, мақта мен дәке арзандатылған дәрілік заттардың тізімінде бар екенін, жыл бойы олардың бағасы бірқалыпты болатынын жеткізді.
Соғыс ардагерлері мен зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жеңілдіктер қарастырылған. Егер тұрғындар тізімдегі дәрілердің бағасы негізсіз өскенін байқаса, облыстық денсаулық сақтау басқармасына шағым түсіре алады.
Алина НҰРТАЗИНА, “Soltústіk Qazaqstan”.