Қазақтың нағыз боямасыз бітім-болмысын танытатын дәстүрлі ән өнерінің көшін алға сүйреп, оны кеңінен насихаттап жүрген жас әншілер өңірімізде некен-саяқ. Осы мәселемен Петропавл қаласындағы өнер колледжінің оқытушысы, дәстүрлі ән өнерінің насихаттаушысы Жанат Айтбаевқа хабарласқанымызда ол өзінің төрт шәкірт тәрбиелеп отырғанын, олардың болашағынан зор үміт күтетінін қуанышпен айтты. Тәлімін алып, республикалық дәстүрлі ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп жүрген шәкірті Ғалымжан Нұрпейісовпен мақтанатынын ортаға салды. Ғалымжанмен кездесіп, дәстүрлі ән өнері жайында әңгіме-дүкен құрған едік.
– Ғалымжан, алдымен өзіңіз жайында айтып өтсеңіз?
– Мен – Есіл ауданындағы Сарман ауылының тумасымын. Төртінші сыныпқа дейін туған жерімде білім алып, кейін оқуымды көрші ауылда жалғастырдым. Мектепті тамамдаған соң Петропавл қаласындағы өнер колледжінің “Дәстүрлі ән” сыныбына оқуға түстім. Бүгінде облыстық филармонияда “Әлқисса” фольклор ансамблінің әншісі болып жұмыс істеймін.
– Өнер адамдары киелі сахнаға кездейсоқ келмейді. Жанарында дарынның ұшқыны ойнап, талантымен таңғалдырып жүргендердің өзі әлдекімдердің себепкер болуымен өнермен қауышады. Сіз дәстүрлі әнге қалай келдіңіз? Дәстүрлі әнші болуыңызға кім түрткі болды?
– Отбасымда әкем домбыра тартады. Бір қызығы, ол кісі маған ән айтуды, домбыраның құлағын бұрап, қос ішегін нақышына келтіріп қағуды үйретпеді. Бес жасымнан бастап ыңылдап ән айтып, өсе келе домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқауды үйрене бастадым. Теледидардан естіген әуендерді ішімнен сан мәрте қайталап, оны домбыраға салуды әдетке айналдырдым. “Менің ұстазым – жіберген қателіктерім және оны жөндеуге ұмтылыстарым” деп айтқан ғұламаның ісі менің бойымнан да көрініс береді.
– Облыстық “Сағындырған халық әндері-ай” байқауында бас жүлдеге ие болғаныңызды білеміз. Одан өзге Павлодар қаласында өткен Иманжүсіп атындағы республикалық дәстүрлі әншілер байқауында да биіктен көрініп, қабілетіңізді паш ете білдіңіз. Дәстүрлі әншіге Алла дарытқан дарынмен қатар қандай қасиет керек деп ойлайсыз?
– Мен ең бірінші ерінбей еңбектену, талмай талаптану керек деп айтар едім. Мейлі, әнші, күйші, термеші болсын немесе өзге де мамандықтың өкілі болсын адамды шыңға шығарып, талантын тасада қалдырмайтын еңбек қана. Екіншіден, өнер адамы үнемі ізденісте болып, жаңашылдыққа ұмтылуы қажет.
– Сөзіңіз – аузыңызда! Жаңашылдыққа жақын болу керектігін айттыңыз. Дәстүрлі әнге тың дүниелер енгізіп, заманға сай етіп тыңдарманға ұсынуды меңзеп отырған боларсыз?
– Әлбетте. Жаһандану кезеңінде ұлттық келбетті, құндылықты танытатын дәстүрлі әнді сақтаудың бір түрі – оны бүгінгі заманға лайықтап, тыңдарманның талғамына сай қайта жасап, көркем түрде ұсыну.
– Мысалы?
– Құр домбырамен орындау емес, дәстүрлі әнді эстрадаға лайықтап шығаруға болады.
– Эстрада мен дәстүрлі әнді таразы басына теңестіргенде алғашқысының асығы алшысынан түсетіні айдан анық. Оның үстіне бүгінгі жастардың рэп, рок сынды батыстық сарындағы сүйіп тыңдайтын әуендері жетерлік. Солардың көлеңкесінде қалып қоямын деп қауіптенбейсіз бе?
– Төл өнеріміздің кірме өнердің көлеңкесінде қалып бара жатқаны өкіндіреді. Ұлттық музыканы қажет етпейтін жандардың саны артты. Оларды өзім араласатын достарымның, туыстарымның арасынан да кездестіремін. Алайда, тағы да қайталап айтамын, дәстүрлі ән деп қатып қалған қағидаға сүйенбей, оны бүгінгі көрерменнің ықыласына қарай өзгертіп, ұсынуға әбден болады.
– Біржан салдың “Бурылтайын” заманға лайықтауға бола ма? Қалай ойлайсыз?
– Ақанның, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің тыңдағанның жүрегіне жол табатын сырлы, таза әндері қазақтың ұлттық музыкалық өнерінің шежіресі іспеттес. Олар – ешқандай әспеттеп, әдемілеуді, өзгертуді қажет етпейтін ғажайып дүниелер.
– Болашақтағы жоспарыңыз қандай?
– Үстіміздегі жылдың жазында Астана қаласындағы “Шабыт” өнер университетіне оқуға түспекпін. Бүгінде соған дайындалып жүрмін.
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.