
АҚШ-тағы Техас штатының Хьюстон қаласында өткен “ISWEEP-2014” дүниежүзілік ғылыми жобалар байқауынан облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицей-интернатының оқушылары жеңіспен оралды.
Бұл сайысқа 66 мемлекеттен 400-ге жуық жоба ұсынылып, олар баламалы энергия көздері, инженерлік және қоршаған орта бағыттары бойынша сынға түсті. “Білегі күшті бірді жығады, білімі күшті мыңды жығады”, демекші, қазақ-түрік лицей-интернатынан қатысқан егіз қыздар Мәдина және Динара Жұмағалиевалардың бақтары жанды. Олардың қоршаған орта бағытында зерттеген “Жасыл экономикадағы тыңайтқыштар рөлі” атты ғылыми жобалары сарапқа салынып, қола медаль иеленді.
Аталмыш зерттеу жұмысында тыңайтқыштардың көмегімен өсімдіктердің сапасын жақсарту, оларды қысқа мерзімде өсіру, әртүрлі зиянды заттардан қорғау секілді пайдалы жақтарын анықтады. Зерттеу жұмысында тәжірибе жасалды, нәтижесінде біздің өңірімізде кең таралған сапропель тыңайтқышының қызанақ, шалғам секілді көкөністерге оң әсерін тигізгенін байқады. Осындай ерекшеліктерді сынаған шетелдік қазылар жобаға қызығушылық танытып, жоғары бағалады. Шәкірттерімнің жеңісі менің еңбегіме берілген баға деп білемін.
Осы оқушыларымыз сынды шәкірттер болашақта еліміздің бәсекеге қабілеттілігін еселейді деген үміттеміз.
Маржан СҮЛЕЙМЕНОВА,
қазақ-түрік лицей-интернатының
биология пәнінің мұғалімі.