«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКІ АЯҒЫ ЖОҚ МҮГЕДЕК заманауи шеберхана ашып, өзі сияқты тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандарды жұмыспен қамтуды армандайды

Жұмыр басты пендені алдында қандай қиын өткелдер мен бұралаң жолдар күтіп тұрғаны болжаусыз; бір Жаратқанға ғана аян. Сергей осыдан сегіз жыл бұрын тағдыр тәлкегіне ұшыраймын деп еш ойламаған. Құрылыс учаскесінде еңбек етіп, ел қатарлы нәпақасын тауып жүрген. Жазым деген аяқастынан екен. Бірде техникалық қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан жұмыс учаскесінде өндірістік жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Естүсінен айрылып, төсекте таңулы жатқан 27 жастағы тепсе темір үзетін жігіт қос аяғының кесіліп, мүгедек болып қалғанын білмеді. Кейін тағы бірнеше ота жасалып, бірінші топтағы мүгедектер қатарына қосылды. Бұған дейін денсаулығына кінәрат артып көрмеген ол үшін енді азапқа толы күндер мен түндер басталды. Тән жарақаты жазылар-ау, жан жарасынан қалай сауығармын деген сарыуайымға салынғанда, өмірден күдер үзетін. Ертеңге деген сенімсіздік тұла бойын тұмшалап, ойын әлдебір қорқыныш сезім билейтін. Туған-туыстары, достары сабырға шақырып, қанша басу айтқанмен, күйректікке салынып, сәл нәрсеге шыны сияқты шытынап, әп-сәтте күйгелектеніп кететін. Өзі сияқты бір бейбақты кездестіріп, ақыл-кеңесіне құлақ түрмегенде бордай езіліп, жүндей түтіліп жүре берер ме еді. Тағдырласы “Мені көрмейсің бе? Екі аяғым, бір қолым жоқ болса да, масыл болған емеспін. Біреуге кіріптар болудан асқан қорлық жоқ. Еңсеңді көтер. Есіңді жи. Өз күшіңе сен. Әлі жассың. Көрер қызығың алда”, – деп жігер бере сөйлеп, жүрек түкпіріндегі сырын айқара жайып салған. Сөйтсе, ол бастапқыда басқа түскен бейнетке шыдай алмай, ішкілікке әуес болған. Тек жеке басының қажыр-қайраты, алға қойған мақсат-мұратына ұмтылудың арқасында қоғамдық ортаға қайта оралған.

Сергейдің көңілі көтеріліп, өзін өзгеше кейіпте сезінді. Жан дүниесінде өзгеріс пайда болып, алға қарай ұмтылдырғандай көрінді.

Қоларбада таңылып отыра бергенше мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолынан да іс келетінін дәлелдейін деген ой қанат бітіріп, томағасын сыпырған қыран құсша дүр сілкінді. Алайда, мекеме-ұйымдардың табалдырығын тоздырғанмен, ешкім құшақ жая қарсы ала қоймады. Қай есікті қақса да, “бос жұмыс орны жоқ!” – деп әңгімені қысқа қайырады. Кейбіреулердің аяушылық танытып, мүсіркеушілік білдіргенін, бәз біреулердің осыған не керек дегендей, оқты көзбен ата қарағанын сезгеннен кейін белді бекем буып, тәуекел етті. Оған табиғат ісмерлік пен шеберлікті аямай бере салған. Бұл өнермен бала кезінен айналысып, қыр-сырын әжептәуір меңгеріп алғаны осы жолы кәдеге асты. Аға-інілерінің көмегімен үйдің жанындағы сарайды босатып, ұстаханаға айналдырды. Содан ағаштан неше түрлі бұйымдар жасауға бар ынта-жігерімен кірісіп кетті. Бастапқыда ауыр ойдан арылудың ермегі ретінде санаса, уақыт өте келе шығармашылық қарым-қабілетіне ұшқыр қиял қосылып, көз жауын алар, әдемі өрнекті, әшекейлі өнімдер сөрелерден орын ала бастады. Көршілері мен таныстары жапа-тармағай сатып алып, қосымша тапсырыс түсе бастағанын көріп, тағы бір шұғыл шешімге келді. Ондағы ойы – ұстахана ауқымын кеңейту, ұсақ-түйек істерден гөрі күрделісіне ауысу. Содан “Даму” қорының аймақтық филиалы арқылы қайтарымсыз грант алуға бекінді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама аясында кәсіпкерлік саласын кеңейтсем деген ішкі түйсік алға жетеледі. Мекеменің менеджерлері шағын кәсіпкерлік ретінде тіркеліп, қажетті құжаттарды жинап әкелуге кеңес берді. Айтқан тапсырмаларды тап-тұйнақтай орындап, “Даму-Көмек” бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болғанда төбесі көкке жеткендей қуанды. Сөйтіп, “Жұлдыздарға қара” жобасының қайырымдылық қоры арқылы 300 мың теңге қаражатқа қол жеткізді. Өзіне көрсетілген зор сенім өмірге деген құштарлығын арттыра түскендей болды. Қоғамға керек екенін сезінді.

Қайтарымсыз грантқа үш станок сатып алып, құстың ұясындай тар жерге орналастыруға тура келді. Өнімнің түрлері көбейіп, сапасы жақсарып, жұртшылық тарапынан сұраныс көптеп түсе бастады. Ресейдің Ишим қаласында өтетін қолөнер көрмелеріне оның он саусағынан шыққан бұйымдары қойылып, кейін арнайы шақыратын болды. Оған асүй жабдықтарын, неше түрлі сыйлықтар жасау ешқандай қиындық тудырмайды. Өтініш айта келген ешкімнің қолын қақпайды, кез келген тапсырысты қабылдайды. Әп-сәтте орындап береді.

Ендігі бір ойы – үй жиһаздарын жөндеу, жасау кәсібін ашып, өзі сияқты тағдырдың ауыр тауқыметіне ұшыраған адамдарды жұмыспен қамту. Әттеңі сол, үй жанындағы шеберхана тар. Жазда амалдар еді. Қыста қиын.

– Қаражат жағы шешілсе, қалған шаруаларды өзіміз тындырар едік. Бірақ екінші дәрежелі банктер филиалдарының талап-шарты қатты. Біз сияқты мүгедектер түгіл сау адамдардың тауы шағылып жатады. Екіншіден, мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер шығарған өнімдерді сататын сауда нүктелері жоқ. Бұл мәселе Ресейде талапқа сай шешілген. Қазақстанда Алматыда ғана арнайы дүкен жұмыс істейді. Мен осы санаттағы жастардың басын біріктіретін “Қамқор”, “Ардос Жүрек” сықылды қоғамдық бірлестіктердің тірлігіне қарадай қызығамын. Олардың атқарып жатқан іс-әрекеттері, осындай іскер азаматтарға жан-жақты қолдау жасалып жатқаны қуантады, – дейді бізбен ой бөліскен Сергей Сапко.

Сергей болашаққа үлкен сеніммен қарайды. Облыс әкімінің қабылдауында болып, ұсыныс-ойлары қолдау тауыпты. Кеңірек орын табылып қалар деген үміті басым. “Даму” қорына тағы да қатысып, бағын сынап көрмек. Жақсылыққа қарымта ретінде ағаштан “Бәйтерек” монументінің үлгісін жасап, сый ретінде ұсынбақ.

Екі аяғы жоқ болса да, өзінің ерік-жігері, қажыр-қайраты арқылы өзгелерге қалай еңбек етудің үлгі-өнегесін көрсетіп келе жатқан азаматтың арманы орындалар күн де алыс емес.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp