Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 11 қарашадағы “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауы – өткен жылдың маңызды оқиғаларының бірі. “Нұрлы Жол” Жаңа Экономикалық Саясаты – Қазақстанның үдемелі дамуындағы жаңа кезең.
Жаңа экономикалық саясат әлемдік қаржы дағдарысының ықпалын бәсеңдетуді, еліміздің және әрбір адамның тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған нақтылы мәселелерді шешуді діттейді.
Елбасы өз Жолдауында салықтың өсуіне немесе еңбекақы мен зейнетақыны бұрынғы деңгейде ұстап тұруға емес, қайта Ұлттық қордың қаржысы есебінен инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше назар аударған. Жаһандық ауқымдағы жай ғана инфрақұрылымдар емес, қазақстандықтардың тұрмысына және жұмыспен қамтуға жағдай жасауға, яғни көліктік, өндірістік, әлеуметтік-мәдени, білім беру, коммуналдық және тұрғын үй салаларын дамытуға бағдар ұстанған. Біз осыдан 10 жыл бұрын мұндай мақсат қоя алмайтынбыз, бүгінде еліміз Ұлттық қорда қаражат жинақтап, оларды осынау күрделі кезеңде инфрақұрылымдарды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсай алады.
Жаңа экономикалық саясатқа сәйкес экономиканың өсуіне және жұмыспен қамтуға барынша мультипликативтік тиімділік жасайтын салалар қолдау табуға тиіс. Бұл көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамыту болып табылады. Білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламалары жалғасатын болады. Өз Жолдауында ел Президенті ең өзекті энергетика, экология және азық-түлік мәселелерін көтеріп отыр.
Кәсіподақ қызметкері ретінде мені Елбасымыздың өндірісті дамытуға қамқорлығы және жұмыспен қамту саласындағы жаңа бастамалары ерекше қуантады. Бүгінде қазақстандықтар еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық мүдделеріне қолдау жасағаны үшін ел Президентіне өте разы. Тіпті, экономикалық дағдарыс жағдайларының өзінде мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартып отырған жоқ. Бұл Елбасының принциптік ұстанымы және ол біздің кәсіподақ қызметкерлеріне өте жағымды жайт.
Облыс агроөнеркәсіп кешенінің кәсіподақ ұйымдарында Елбасы Жолдауы белсенді түрде талқылануда. Бастауыш ұйымдарда көрнекті үгіт құралдары жаңартылып, кәсіподақ жетекшілері Жолдауды түсіндіру жұмысына белсене қатысуда. Кәсіподақ ұйымдарында Жолдауды талқылау мен түсіндірудің негізгі бағыттары облыс агроөнеркәсіп кешені кәсіподақтарының мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыруға, Елбасының жаңа экономикалық саясатын түсіндіруге, оны өңірде және салада жүзеге асыруға белсене қатыса отырып, “Кәсіптік одақтар туралы” жаңа Заңға сәйкес кәсіподақ ұйымдарының жұмыс сапасын жақсарту, әлеуметтік әріптестікті нығайту болып табылады.
Солтүстік Қазақстан облысы аграршылары еліміздің азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға айтарлықтай үлес қосуда. Бүгінде экономиканың бұл секторында өндірістің жаңа технологиялары белсенді енгізілуде, қайта өңдеу өнеркәсібін жаңғырту жоғары қарқында жүргізілуде. Көбінесе мемлекеттік қолдаудың арқасында облыс аграршылары жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Саланы дамытуға осы жылы 64 миллиард теңге бағытталды, қара мал етінің экспорттық қуатын дамыту жобасы табысты жүзеге асырылуда, өсімдік майы, сүт және кілегей, ұн мен тамақтық жармалар өндірісі өсімі байқалады. Облыста көптен бері болмаған өте жаңбырлы өткен жылғы күрделі ауа райының жағдайында егіншілеріміз көңілден шығарлықтай астық жинауға қол жеткізді. Өңір егіншілері орақ кезінде арзандатылған жанар-жағармаймен науқанды жүргізу үшін ғана емес, астық кептіру үшін де толық қамтамасыз етілді. Нәтижесінде аграршылар 5 миллион тоннадан астам астық жинады. Облыстың ауыл шаруашылығы саласында ерік-жігері мықты, еңбексүйгіш адамдар еңбек етеді, олар Елбасының қамқорлығын сезінеді және оған өздерінің лайықты еңбектерімен жауап беруде.
Облыстық агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлерінің кәсіподақ комитеті кәсіподақ мүшесі болуға ынталандыру, кәсіпорындар басшылары мен кәсіподақ комитеттері төрағаларының әлеуметтік серіктестік жөніндегі жұмыс тәжірибелерін тарату, үздік ұжымдық шарттарды насихаттау, кәсіподақ ұйымдарының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық “Парыз” байқауына, республикалық еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау жөніндегі қоғамдық байқауға қатысуларын қолдау бойынша қыруар жұмыс атқаруда. Еңбек әулеттері мен үздік еңбек адамдары агроөнеркәсіп кешені кәсіподақтарының мақтанышы болып табылады.
Айталық, облыстық кәсіподақ комитетінің қолдауымен Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның “Нежинка Ерке”, М. Жұмабаев ауданындағы “Таманское” және Айыртау ауданындағы “Кирилловка – Айыртау” ЖШС-лері кәсіподақ ұйымдарының іс-тәжірибелері таратылды. Сонымен бірге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық “Парыз” байқауына облыс агроөнеркәсіп кешенінің кәсіподақ ұйымдары да жыл сайын қатысып, жақсы орындардан көрініп жүр. Мысалы, 2013 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта бизнес арасындағы “Үздік ұжымдық шарт” аталымында Мамлют ауданындағы “Хуландой” ЖШС-і жеңімпаз атанды. Ал 2014 жылдың қорытындысы бойынша “Үздік әлеуметтік-жауапкершілік кәсіпорны” аталымында Шал ақын ауданындағы “Агросевер” ЖШС-і және “Үздік ұжымдық шарт” аталымында Мамлют ауданындағы “Сенім” ЖШС-і екінші орындарды еншіледі.
Бүгінде қоғамның және кәсіподақтардың алдында Жолдауда атап көрсетілген Елбасының қазіргі әлем және оның келеңсіз көріністерінің сипаттамасы туралы тұжырымдары мен қорытындыларынан туындайтын жаңа міндеттер тұр. Біз “Кәсіптік одақтар туралы” жаңа Заңның арнасында әрекет жасай, әлеуметтік әріптестікті нығайта және өңірлік мемлекеттік даму бағдарламаларын жүзеге асыруға белсене қатыса отырып, әлеуметтік әріптестерімізбен бірге жұмыспен қамтуды, еңбекақыны өсіруді, еңбекті қорғауды, әлеуметтік қызметтер сапасын және ауыл еңбеккерлерінің тұрмысын жақсартуды арттыруға өзіміздің сүбелі үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз.
Альфред МАВЛЮТОВ,
облыстық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері
кәсіподағының төрағасы.