«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЕҢБЕК

Мәскеудің «Молодая гвардия» баспасы өз оқырмандарына «Нұрсұлтан Назарбаев» деп аталатын кітабын ұсынды. «Тамаша адамдар өмірі» сериясымен шыққан тың туындының авторлары – көрнекті мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар док­торы Тайыр Мансұров пен белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Простор» әдеби жур­налының бас редакторы Валерий Михайлов.

Жаңа кітап, аты айтып тұрғандай, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, заманымыздың аса көрнекті саясаткерлерінің және мемлекет қайраткерлерінің бірі Нұрсұлтан Назарбаев туралы. Сөздің шыны сол, Нұрсұлтан Әбішұлы туралы бұған дейін өз елімізде де, одан тысқары жерлерде де жарық көрген еңбектер аз емес. Десек те, “Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе” демекші, бұл кітаптың олардан өзгешелігі көп екен. Кітаптың тарихы ғасырлар қойнауына кететін, әлемдік деңгейдегі тұлғалар жайлы сыр шертетін “Тамаша адамдар өмірі” сериясымен шығуының өзін үлкен құбылыс деп бағалағанымыз жөн.  

Жаңа кітаптың авторлары Президенттің өмір жолына қатысты өздеріне аян фактілер мен оқиғаларды баяндап қана қоймай, Мемлекет басшысымен кездесулері барысында өздері куә болған жайларды тың деректермен байыта отырып, заманымыздың ұлы қайраткерінің әлемдік саясаткер, көреген стратег, терең ойшыл ретіндегі тұлғасын шебер сомдай білген.

Бұл кітаптың қамтитын оқиғалары өте кең. Онда тек Президент туралы ғана баяндалмайды. Нұрсұлтан Әбішұлының жастық шағы, өскен ортасы, азамат, қайраткер ретінде қалыптасу кезеңдері де кеңінен қамтылған. Кітапты оқи отырып, ғасырлар тоғысында Тәуелсіздік жолын таңдаған Ұлы Дала елімен бірге есейген Елбасының өмір жолына, Қазақстан Президентінің туған елімізді түбегейлі жаң­ғырту жөніндегі кең ауқымды мем­лекеттік қызметіне, қилы-қилы кезеңдерде Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана сеніп, соңына ерген қазақстандықтардың жасампаз істеріне қанығамыз. Мәселен, «Отжалындағы өтіл» деп аталатын тарауға (кітап барлығы 11 тараудан тұрады) жас болат балқытушының саясаттағы алғашқы қадамдары арқау болған.

Біздің еліміз Тәуелсіздік жылдары ғасырға пара-пар ғажайып жолдан өтті. Десек те, сол кезеңнің тар жол, тайғақ кешулерге толы болғаны да белгілі. Бұл ретте “Тәуелсіздікті нығайта отырып”, “Ядролық қарусыз әлем”, “Жаңа мемлекетті құру”, “Осызаманғы еуразиялық кірігу идеясының авторы”, “Астана – Қазақстан мен Еуразияның орталығы” тарауларының шертер сыры мол. Кі­тап­та Қазақстан – Ресей қарым-қатынасының қалыптасуы, оның бүгіні мен ертеңі туралы да егжей-тег­­жейлі баяндалады.

Елбасы туралы жаңа еңбектің тілі жеңіл, ойы анық екенін айта отырып, мұнда бұрын көпшілікке беймәлім көп­теген қызықты фактілер кел­тірілетінін айта кеткеніміз жөн. Олардың бәрін тізіп шыға алмаспыз, тек кітап авторларының бірі, сол кезде Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметін атқарған Тайыр Мансұровтың естелігі ретінде келтірілген бір ғана жайға тоқтала кетейік. “Талғат Мұсабаев Қазақстанның екінші ұшқыш-ғарышкері атанды… Оның ғарышқа алғашқы сапары 1994 жылдың 1 шілдесінде жүзеге асырылды.

Ғарышқа ұшуды ойдағыдай атқарғаны үшін Ресей Батырының Алтын Жұлдызын алғаннан кейін Талғат Мұсабаев пен ғарышкер Ю. Маленченконы Мәскеуде іссапармен болған кезінде Нұрсұлтан Әбішұлы қабылдады. Президенттің болашаққа жоспарлары туралы сұрағына Талғат: “Сіздің кеңесіңізге жүгінгім келеді. Қазақстанға оралуыма да болады”, – деп жауап берді. Президент: “Ғарышкерлер отрядындағы жұмысыңды жалғастыра бер, сен ғарышқа тағы да ұшуға, жаңа сапарыңмен Қазақстанның ғарыштық ел екенін дәлелдеуге тиіссің”, – деді.

Оның келесі ұшуын ұйымдастыру жеңіл болған жоқ. 1997 жылы Н.Ә.Назарбаев Ресей Президенті Б.Н.Ельцинге Талғат Мұсабаевтың тағы бір рет ғарышқа ұшуына мүмкіндік беру жөнінде өтініш білдіріп, хат жолдады. Алайда, арада жарты жыл өтсе де Талғатты ғарышкерлер отрядына қабылдаған жоқ. Ресей Президентімен кезекті кездесу алдында Нұрсұлтан Әбішұлы маған өзінің осы мәселе жөніндегі өтінішінің көшірмесін ала жүруімді және қажет болған жағдайда өзіне беруді тапсырды.

Кездесу кезінде негізгі мәселелер қаралып болғаннан кейін Қазақстан Президенті Борис Николаевичке: “Сіз осыдан жарты жыл бұрын қорғаныс министріне Талғат Мұсабаевқа қатысты бұйрық берген едіңіз. Алайда, неге екені белгісіз, ол ұшуға дайындалу экипажының құрамына енгізілген жоқ”, – деді. Осыдан кейін ол мендегі хатты алып, Б.Н.Ельцинге ұстатты.

Ресей Президенті ашудан түтігіп кетті. Ол телефонның құлағын көтеріп, дауысын көтере: “Мені қорғаныс министріне қосыңыз”, – деді. Сәл үзілістен кейін қатулана сөйлеп министрге: “Мен бірнеше ай бұрын қазақстандық Мұсабаевтың ұшуын тапсырған едім. Неге орындамадыңыз?” – деді. Іле ғарышқа кезекті ұшу қашанға белгіленіп отырғанын сұрады. Сосын хатты қолына алып: “Жазыңыз, Мұсабаев Талғат” деді… Борис Николаевич өзінің тапсырмасын: “Экипаж командирі болады. Бұл – менің бұйрығым. Орындалуы туралы жеке өзіме баяндаңыз”, – деп нығарлап қойды.

Екі айдан кейін Талғат Мұсабаев “NASA”-ның астронавты Деннис Титомен және Ресей ғарышкері Юрий Батуринмен бірге тағы бір ғарыш сапарын жүзеге асырды.

Елбасымыз туралы жаңа кітаптың Қа­зақ­станның жаңа тарихының негізгі сәттерін бейнелейтін айшықты суреттермен безендірілуі оның мазмұнын байыта түскенін көзі қарақты оқырманның бірден аңғарары анық.

Елбасы туралы жаңа кітап, әсіресе, жастарға тағылымды болуға тиіс. Өйткені, оған ауыл баласының өмір жолы, болашаққа ұмтылысы, өзінің алдына қойған мақсаттарға жету жолындағы өлшеусіз еңбегі, күш-жігері, қажыр-қайраты өзек болған. Оның құндылығы сонда, алдағы кезеңде Қазақстанның жаңа тарихын зерттеуге ниеттенген кез келген адам көптеген құжаттар арқылы нақты жазылған осы кітапқа соқпай өте алмайды. Бұл жаңа кі­­тап өз оқырмандарын табады деген сөз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp