«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛБАСЫ ШЫРШАСЫ

Алдыңгүні Петропавлдағы Спорт сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан өңіріміздегі Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, оқу озаттарына және әртүрлі бай­қаулардың жеңімпаздарына арналған жаңажыл­дық шырша өтті.

Онда жаңажылдық киімдер киген балаларды Мемлекет басшысы үлкен экран арқылы келе жат­қан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, мол бақыт, зор денсаулық, оқуда озат болып, болашақта ортақ Отанымыз – Қазақстанның гүлденуіне атсалысуға тілектестігін білдірді. “Қымбатты балалар, бүгін бай­тақ еліміздің барлық өңірінде өне­гелі балалар жаңажылдық шыр­шаның айналасына жинал­ды. Жаңа жыл, ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын мереке. Мен сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Тәу­ел­сіздік арқылы біздің еліміз жылдан-жылға өркендей түсуде. Қазір дүниежүзі Қазақ елін құрметтейді. Сіздер – осын­дай ерекше елде өсіп келе жатқан бақытты ұрпақсыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болың­ыздар. Жасампаз істердің бар­лығы сіздердің жарқын бола­шақтарыңыз үшін жасалып жатыр”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.  

Содан кейін балалар шыршаның айналасында “Шах пен шығыс аруы Шахерезада” ертегісінің желісінде сахналанған көріністі тамашалады. Қарақшылардың қақпанына түскен Ақшақар Аяз Атаның батырлығының арқасында құтылып шығып, өзін тағатсыздана күтіп отырған балалардың ортасына оралды. Өңіріміздің өнерлі балалары бірқатар этностардың ұлттық әндерін орындап, билерін биледі. Осы жерде балалармен бірге шараға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов:

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзі сіздерге Жаңа жылда жаңа әсер, жаңа бақыт, шат көңіл сыйлайды деп ойлаймын. Оқуларыңызды жақсы оқып, еліміздің үлкен азаматтары болуларыңызға тілектеспін. Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде жыл сайын жаңа балабақшалар, заманауи үлгідегі мектептер, Спорт сарайлары салынып, пайдалануға берілуде. Бұлардың барлығы – сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалып жатқан игі жұмыстар. Еліміздің көшін алға сүйрейтін нағыз патриот болу – сіздердің басты міндеттеріңіз, – дей келе шырша шамын жақты.

Кеш соңында киім үлгілері жөнінен жеңімпаз деп танылған бірқатар балаларға Елбасы атынан сыйлыққа ұялы телефондар, музыкалық орталықтар, фотоаппараттар табыс етіліп, барлық бүлдіршіндерге тәтті сыйлықтар мен жұмсақ ойыншықтар үлестірілді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp