«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛДІГІМІЗ БЕН ЕРЛІГІМІЗДІҢ ШЕЖІРЕСІ

Өркениеттің өзегі саналатын мұражайлардың адамзат үшін игілігін айтып, айғақтап жатудың қажеті жоқ. Десек те, өткенің мен бүгініңнің арасындағы алтын көпір іспетті жәдігерлерімен біліміңнің, танымыңның көкжиегін кеңейтетін мұражайлардың адам баласы үшін қызметі өлшеусіз. Осындай бағалауға лайық болғандықтан да, мұражайларды елдің өміріндегі “Мені парақта” деп алдыңнан шығатын ашылған кітап сынды көресің. Соған орай қандай да бір елеулі оқиғаларды, тарихи маңызы өлшеусіз күндерді білгің келсе, солардың есігін қағасың.

Осы ыңғайда Қазақ хандығының 550 жылдық тойына арналған дайындық шараларының шымылдығын алдымен мұржай ашатыны түсінікті. Бұған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған “Нұрлы Жол – Болашаққа бастар жол” Жолдауында мемлекетіміздің шежіресіндегі осынау тарихи кезеңді атап көрсетуі еліміздің барша қауымына қозғау салды. Соған байланысты біздің тарихи-өлкетану мұражайымыз да қолынан келгенінше даярлық жасап, жұртшылықтың таным көкжиегін кеңейте түсетін жәдігерлерді өз қорынан арнайы көрмеге шығарып, оған “Бабалардан – мирас” деген атау берді. Көрме экспонаттары мұражайдың “Этнография” бөліміне үлкен талғаммен орналастырылып, ол үстіміздегі жылдың 27-ші тамызында салтанатты жағдайда алғашқы көрермендерін қарсы алған еді.

Әрине, қашанда алғашқы көрініс жүрекке тез әсер етеді де, кейін тағы бір мәрте ат басын бұрып, тоқтала, толғана жүріп, тереңірек бойлайсың. Біз де сөйттік.

Бастысы – тарихи дерекпен нақтыланған анық мағлұмат. Мұражайдағы дәйектемелер ұзын-ырғалы көпсөзділікке негізделмейді. Тура анықтамалар жадыңда қалады.

Жәдігерлер қойылған залға аяқ басқанда бір қабырғаны бойлай салынған үлкен панорамалық сурет көз тартады. Онда еліміздің ең әйгілі тұлғалары бейнеленген. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы да өзге де қоғам және мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдар мен ақын-жазушылардың, өнер иелерінің арасынан орын алған. Соған орай көрменің бірінші тақтасында ХІІ ғасырда Шыңғысханнан басталатын хандық тарихы және Қазақ жерінің моңғол ұлысымен байланысы, Дешті-Қыпшақ жайлы мағлұмат беріледі. Бұл – Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының (1187-1227) иелігіндегі қазақ даласының шежіресін шертетін бастау бөлімі.

Батый (Сайын хан) құрған Алтын Орда мемлекетінің гүлденуі, күйреуі жайында баяндалатын деректерге тарихтан оқыған-тоқығаны бар адам ХІV ғасырда осы алып мемлекеттің әлсіреп, содан барып ыдырап, бірнеше ұлыстарға бөлініп, оған Ақсақ Темірдің тікелей қатысы барын ойша пайымдайды. Алтын Ордадан бөлінген Ақ Орда – түркітілдес тайпалардың туы тігілген мемлекеттік құрылым. Ноғай ордасы мен Әбілқайыр ұлысының екі айрылуына Керей мен Жәнібек сұлтандардың дербес қазақ руларын біріктіріп, Шу мен Талас өңіріне келіп, Есен бұғы ханның Қозыбасы өңіріне орын тебуі екінші тақтада баяндалады. Міне, Қазақ хандығының өз алдына шаңырақ көтеруі осы оқиғамен басталады. Осы орайда өңіріміздегі кейбір тарихшы-оқытушылар кездесулерде, студенттерге оқып жүрген дәрістерінде бұл бөлінудің тарихына түбегейлі, терең бойлай бермейтінін айта кету ләзім. Ал анығында, Әбілқайыр Керей мен Жәнібек сұлтандардың өз алдына хандық құруына өшпенділік білдіріп, соғыс жағдайында тұрғаны белгілі. Ақылман екі сұлтан бұл орайда Әбілқайыр мен Есен бұғының арасындағы текетіресті өз пайдаларына шеше білген. Есен бұғы да екі сұлтанды Әбілқайырмен қақтығыста өзіне қорғаушы ретінде пайдаланғысы келген. Бұл өшпенділік Әбілқайырдың ұрпағы Мұхаммед Шайбани мен Жәнібектің баласы Қасым ханның арасындағы ұзақ жылдарға созылған соғыстарға негіз болып, ақыры Шайбанидың түпкілікті жеңілісімен тынғаны тарихтан аян. Өкінішке қарай, жаңағыдай кейбір тарихшы-оқытушылар Керей мен Жәнібек құрған хандық қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт өмір дегендей баға беріп жүр.

Жәнібектің үшінші ұлы Қасым (1445-1518) “Қасым ханның қасқа жолы” деген алғашқы заңды орнықтырып та, ұлысын сыртқы жаулардан қорғап та, баянды тұрмысқа қол жеткізген билеуші әрі сайыпқыран сардар болғаны аян. Бұл да қамтылған.

Көрме экспонаттары хандық тарихы туралы суреттермен, ел билеушілердің өмірдеректерімен көз тартады. Ал үшінші тақтадағы деректер халқымыздың кемеңгер билері Төленің, Қазыбектің және Әйтекенің ел тұтастығын сақтаудағы ғибратты іс-әрекеттерін бойға ұялатады. Күлтөбенің басында күнде кеңес өткізіп, ел тағдырын шешетін ерлерді ұйытқан данышпандарға бүгінгі ұрпақтың айызы қанады.

Ту көтерген батырларымыздың ғұмырнамаларына қанықтыратын мағлұматтарға да зейінмен көз тіктік. Сонда көзіме Баян Қасаболатұлының ескерткішінің суреті шалынды. Өмірдерегі ағат. Оның ескерткішінде батыр 1704 жылы туып, 1759 жылы қайтыс болғаны жазылған. Экспонаттағы түсініктемеде де осы ағаттық қайталанып тұр. Мұның қате дерек екеніне бұдан бұрын назар аудартпақшы болғандардың бірі едім. 2006 жылдың қыркүйегінде Булаевода ескерткіші орнатылғанда жазылған қателік сол қалпында. Ал анығында, батыр 1714 жылы туып, 1771 жылы жорықта қаза тапқан.

Қазақ тарихында ең айбынды да әйгілі екі хан жайында көп баяндалады. Оның бірі – Абылай да, екіншісі – Кенесары. Басқаша айтқанда, атасы мен немересі. Көрмеде Абылайға жеткілікті орын берілген. Мағлұматтар да орынды. Ақылман да айбынды ханның орыс империясының қасақана қарсылық жасап, қазақ ордаларының басын біріктіруге мұрсат бермеу қамымен жасаған қысымына қарамастан, үш жүздің бас ханы дәрежесін айбынымен де, айласымен де иеленген Абылай жайлы толығырақ баяндалса да, Кенесарыға, ең соңғы ханымызға, қасіреттің ауыр салмағын арқалап, арманда шейіт болған ұлы батырымызға көрмеден орын табылмауына қынжылдық әрі мұны түсіне алмадық. Осы көрмені ұйымдастырған этнография бөлімінің меңгерушісі Сәуле Бәйтенова орынның тапшылығын айтты. Алда мұны ескеретінін жеткізді.

Қожаберген жырау, Қарасай мен Ағынтай, Олжабай, Құлеке, Құлсары батырлардың ерліктері баяндалып, олар жайында берілген мағлұматтар назар аудартады. Осылармен қатар халқымыздың этнографиясы, тұрмыста тұтынған заттары, өнер аспаптары, батырлардың қару-жарақтары, хандардың киімдері экспонаттардан орын алған.

Әрбір ел билеушінің тұсында соларға сөзін өткізе алған, ақыл-кеңес беріп отырған абыз жыраулардың болғаны тарихтан аян. Әз Жәнібектің тұсында Асан қайғы, Тәукенің жанында Қожаберген, Абылайдың қасында Бұқар жырау данышпандығымен хандардың оңдысын да, олқысын да көздерінше айтып, жаманнан бойын аулақ салғызып, жақсыға көңіл бұрғызып, ақылмандығымен келешегінің көкжиегіне бойлата білген. Мұражайда бұлар жайында көп деректер бар.

Бір мақалада көрмені толық баяндап шығу мүмкін емес. Оны әркім өзі көріп, көңіл көзін салуы керек. Бір атап айтарымыз, ашылған күннен бастап осы жәдігерлерді 3 жарым мыңнан аса адам тамашалапты. Бұған сүйсінесің. Әлі де талай адамдар зейін қойып, еліміздің тарихына терең бойлай алады деп ой түйеміз. Бұлардың қатарында Қазақ елінің тарихын тануға ықылас білдірген шетелдіктер де болары түсінікті.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp