2017 жыл Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің үшінші жаңғыруына және саяси реформаға жол ашқан бағдарламалық мәлімдемесімен басталған болатын. Айтулы жылдың ең елеулі оқиғасы – Қазақстанда “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің сәтті өткізілуі болды. Біздің еліміз әлемдік деңгейдегі бұл ірі шараны ұйымдастыру және өткізу құқығын жеңіп алған алғашқы посткеңестік мемлекет атанды. Қазақстан үш ай бойы баламалы энергия көздерін табуға қатысты әлем ғалымдарының тәжірибесін бір көрмеде тоғыстырды. Әлем назарын өзіне аударған Астанадағы “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесін 4 миллионға жуық адам тамашалаған. 115 мемлекеттің павильоны жұмыс істеп, 22 халықаралық ұйым қатысты.
Айтулы жылдағы айшықты оқиғаның бірі – 28-ші қысқы Универсиада ойындары. Елімізде ұйымдастырылған шараға 57 елден 1621 спортшы қатысты. Қазақстандық спортшылар 11 алтын, 8 күміс, 17 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Қазақстан Азия тобы мемлекеттерінің атынан 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Елімізде қазақ әліпбиін латын графикасына ауыстырудың басталуы, үштілділікті дамыту бағдарламасы (қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу) және “Цифрлық Қазақстан” жобасы қолға алынды. Экономикалық дағдарыс салдарын еңсеруге қатысты қиындықтарға қарамастан, Қазақстан тәуелсіз дамудың 26-шы жылында экономикада, ішкі және сыртқы саясатта, қауіпсіздікті нығайтуда өсім мен оң өзгерістерге қол жеткізді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жылдың басты жаңалығына айналды. Соның негізінде ауқымды мәдени жобалар жүзеге асырылды. Қазақстан тек саяси шараларды өткізіп қана қоймай, мәдени тұрғыда да атын әлемге әйгіледі. Мәселен, қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдың “Singer 2017” ән байқауына қатысып, екінші орын жеңіп алды. Отандасымыздың арқасында шетелдік жанкүйерлер Қазақстанды жақынырақ тани түсті. Жас әнші Данэлия Төлешова үшін де 2017 жыл сәтті болды. Ол Украинаның “Голос. Дiти” байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Барды бағалай білу, елге ерен еңбегімен һәм ерлігімен танылған тұлғаларды әспеттеу, олардың есімдерін халық санасына сіңіру мақсатында жалпыхалықтық дауыс беру арқылы “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпаздары анықталды.
Бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын, “Нұрлы жол”, “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламалары мен экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы жоспарды жүзеге асыру нәтижесінде 2017 жылы облыс жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Жыл қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 2,3 пайызға өсіп, 510,6 млрд. теңгені құрады. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылдың қаңтар-қазан айларында 14,5 млн. АҚШ долларына өсіп, 50,4 млн. долларға тең болды. Майлы дақылдар алқабы 40 пайызға кеңейтіліп, 715 мың гектарды құрады. Біздің диқандар гектарынан орташа есеппен 18,2 центнерден, ал жалпы көлемі 5,6 млн. тонна астық жинады. Мұндай нәтижеге соңғы бес жылда алғаш рет қол жеткізілді. Еңбек өнімділігін арттыру және шығындарды азайту ауыл шаруашылығын цифрландыру дәуірінде қол жеткізілуі тиіс негізгі екі көрсеткіш болып табылады. “АгроСтрим” ЖШС-мен бірлесіп, “Атамекен” компаниясы шаруашылықтарының негізінде барлық техникалардың жұмысын жоспарлайтын, минералдық тыңайтқыштарды енгізу, өсімдікті қорғау тәсілін қолдану, астық қозғалысын есепке алу, фотобейне есептер мен кәсіпорындардағы әрбір дақылдың өзіндік құнын анықтау жұмыстарын автоматтандыратын 8 модульді енгізу бойынша қанатқақты жоба іске қосылды. Жаңа технологияларды қолданудың алқаптарға спутник арқылы мониторинг жүргізу, дрондарды қолдану, жануарларға электронды чип тағу сияқты оң мысалдары бар.
Облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында 86 кәсіпорын жұмыс істеді.
Қаңтар-желтоқсан айында облыста азық-түлік өндірісінің көлемі 93,6 млрд. теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша өңір өнеркәсібі дамуының оң серпіні сақталды. Облыстағы өнеркәсіп саласында 476 кәсіпорын жұмыс істеп, 223 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Өсім 4,5 пайыз болды, бұл – республика бойынша алтыншы көрсеткіш. Саланың жетекші кәсіпорындары: “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “ЗИКСТО”, “С.М.Киров атындағы зауыт” және “Мұнаймаш” акционерлік қоғамдары 2017 жылы 26,7 млрд. теңгенің өнімін өндірді. “ЗИКСТО” АҚ-ы өндіріс қарқынын 2,2 есеге, ал “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы 2 есеге өсірді. 2017 жылы Елбасына “Маслодел” ЖШС-нің Швейцарияның “ТЕТРА ПАК” қондырғысымен жабдықталған сүт өңдеу зауыты таныстырылды. Өндірістік процесі толық автоматтандырылған жоғары технологиялық қондырғысы бар кәсіпорын Қазақстандағы сүт өнеркәсібі көшбасшыларының біріне айналды. Петропавл қаласында “Радуга” ЖШС-нің жекеменшік индустриялық аймағы ашылды.
Қолайлы инвестициялық климат құру өңірімізге инвестиция тартудың маңызды бөлігі болып табылады. Жеке инвестициялар 80 пайызды (151,2 млрд. теңге), бюджет қаражаты 20 пайызды (37,7 млрд. теңге) құрады. Осылайша 1 теңге бюджет қаржысына 4 теңге жеке инвестиция тартылды. Қытай, Ресей, Аустралия, БАӘ мемлекеттерінің 20-дан астам компаниясы өңіріміздің инвестициялық мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Сол жылы облыс делегациясы Қытайдың Шаньси провинциясында өткен конференцияға қатысып, Нұр-Сұлтан қаласында Қытай Халық Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Хан Чанфумен кездесті. 2017 жылдың 8 тамызында облыс делегациясы елордада Хэнань провинциясына арналған Қазақстан – Қытай бизнес-форумына қатысты.
Облысымыздың экономикалық дамуында көлік-логистикалық инфрақұрылымның маңызы айтарлықтай мәнге ие. 2017 жылы Қорған қаласы бағытындағы “Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы” тасжолының 60 шақырым учаскесіне жаңарту жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Облысымыз үшін тауар айналымының күретамыры болып табылатын Оңтүстік Орал темір жолы да ерекше маңызға ие. Тек 2017 жылдың өзінде транзиттік тасымалдау 14,5 пайызға артты.
Ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту, оның ішінде таза ауызсумен қамту мәселесіне басымдық берілді. 2017 жылы су және жылумен қамту желілерінің құрылысы мен жаңғырту жұмыстарына 3,5 млрд. теңге бөлінді. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 1,1 млрд., ал өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша 2,4 млрд. теңге қарастырылды. Облыста құрылыс та қарқын алып, бұл мақсатқа 64,5 миллиард теңге жұмсалып, 200,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. “Нұрлы жер” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Петропавл қаласының “Солнечный” шағынауданынан жер бөлініп, онда 200 үй салу көзделді.
Жыл соңында облыста 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту мәселесі толығымен шешілді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында бұл сала қарқынды дамып, “Концессиялар туралы” Қазақстан Республикасының Заңы аясында қараша-желтоқсан айларында 230 орындық екі балабақша пайдалануға берілді. Десе де өңірде төрт мектепте оқушылар үш ауысымда оқыған болатын. Бұл мәселені шешу жолдары қарастырылып, Петропавл қаласында 1500 орындық екі мектептің құрылысы (“Жас өркен” шағынауданында 900 орын, “Береке” шағынауданында 600 орын) басталды. Сонымен қатар 2017 жылы “Жас өркен” шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды.
Облысымызда тарихи-мәдени құндылықтарды сақтау, мәдениетті дамыту бойынша мақсатты жұмыстар атқарылды. Мәдениет нысандарын ашу Жол картасына сәйкес 2017 жылы 33 нысан қолданысқа берілді, соның ішінде 24 демалыс орталығы және 9 кітапхана бар. “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Нұр-Сұлтан қаласында Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері жоғары деңгейде өтті.
Қытайдың Шихэцзы, сондай-ақ БАӘ-нің Әбу-Даби, Ресей Федерациясының Түмен, Воронеж, Беларусь Республикасының Брест қалаларында өткен халықаралық, республикалық фестивальдар мен конкурстарда шығармашылық ұжымдарымыз лайықты өнер көрсетті. Алғаш рет біздің облысымызда Қазақстан Республикасының ХІІІ Ұлттық Дельфий ойындары өтіп, солтүстікқазақстандықтар 26 медаль иеленіп, жеңімпаз атанды.
Өңірімізде жалпыхалықтық патриотизмге, төл тарихымыз бен мәдениетімізге деген сыйластық сезім қалыптастыруға бағытталған “Рухани жаңғыру” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Өңіріміздің біртуар тұлғаларының есімдерін есте қалдыру мақсатында Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің ескерткіш-мүсіні бой көтерді. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада латын әліпбиін үйрену бойынша орталықтың ашылуын да атап өткен жөн.
Облыста спорт саласын дамытуға ерекше басымдық берілді. Республикалық және халықаралық сайыстарда ел намысын қорғаған жас спортшылардың жетістіктері көңіл қуантады. Алатау баурайында өткен XXVIII қысқы Универсиадада өңіріміздің спортшылары да табысты өнер көрсетті. Ерлер арасында өткен шаңғы жарысынан 7,5 шақырымдық командалық эстафетада күміс медаль олжалаған Ринат Мухинге үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Ол Жапонияның Саппоро қаласында өткен қысқы Азия ойындарында алтын медаль алды. Сондай-ақ WBA (Super) және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов Америка рингінде үлкен жеңіске қол жеткізді. Тайланд елінің Тайпей қаласында өткен 29-шы Бүкіләлемдік жазғы Универсиадада ауыр атлетикадан жерлесіміз Айдар Қазов алтыннан алқа тақты. Данияр Кәленов Түркіменстан астанасы – Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының чемпионы атанды. Құрлық додасынан кейін Алматыда өткен “Болат Тұрлыханов” халықаралық жарысына қатысып, онда да топ жарды. Алтыннан алқа тағынған балуанға облыс әкімі пәтер кілтін табыс етті.
“Қызылжар” футбол командасы араға тоғыз жыл салып, Премьер-лигаға қайтып оралды. Облыста спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын, инфрақұрылымын нығайту мақсатында жүйелі түрде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қызылжарлықтардың қуанышына орай, “Қарасай” стадионындағы футбол алаңының жасанды жамылғысы ауыстырылды. Сонымен қатар Қызылжар ауданындағы Новоникольск ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Біздің баһадүр бабаларымыздың мыңжылдықтардан жеткен арманы, үкілі үміті, тар жол, тайғақ кешулерінің өтеуіндей болған Тәуелсіздіктің 26 жылдық тойында облысымызда елуден астам нысан пайдалануға берілді. Солардың ішінен қызылжарлықтарға тарту ретінде Петропавл қаласында “City mall” ойын-сауық кешені ашылғанын айта кеткен жөн. 2017 жылы облыс әкімі болып тағайындалып, өңірді тың бастамаларға жетелеген Құмар Ақсақаловтың іскерлік қарым-қабылетімен биік белестен көрінген қызылжарлықтар жылды табысты аяқтап, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.