«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ЕЛДІ МЕКЕН ӘКІМДЕРІ  БЕСАСПАП БОЛУЫ КЕРЕК»

Бұл жолы Тимирязев ау­данына жолымыз түсті. Өңіріміздегі халқы ең аз аудан­да 16 ауылдық округ бар. Тек біреуінің құрамында ғана үш ауыл бар, ал қалғандары тек бір елді мекенмен шектелген. Біз әңгімеге тартқан Мичурин ауылдық округінің әкімі Азамат Жұмабаевпен төрт жүзге жуық тұрғыны бар ауылдық округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сөйлестік.

 – Азамат Өмірзақұлы, қазір Мичурино ауылында не бар?

– Ауылда орта мектеп, жаңа­дан салынған медициналық пункт бар. Әкімшілік нысандар­дан әкімдік жұмыс істеп тұр. Ок­руг аумағында «Мичуринский» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі орналасқан. Бізде ауыз толтырып айтарлықтай ірі кәсі­порын не болмаса мекеме жоқ.

– Ал дүкен, шаштараз бар ма?

– Ауылда үш дүкен бар, шаштараз жоқ.

– Сіз бұл ауылдық округтің әкімі қызметіне екі жыл бұрын сайландыңыз. Сайлауалды үгіт- насихат кезінде тұрғындар қандай мәселелерді көтерді?

– Мен «Ауыл» партиясының мүшесі болғандықтан сайлауал­ды үгіт-насихат кезінде аталған партияның бағдарламасын ұсындым. Ауыл тұрғындары үш мәселенің басын ашты. Ол – кө­шелерді жарықтандыру, таза ауызсу және ауылішілік жолдар­ды жөндеу. Сонымен қатар ба­лаларға ойын алаңы қажет деген өтініштерін айтты.

– Қай мәселені шештіңіз?

– Әкім болып сайланған күннен бастап жоғарыда аталған үш сұрақты шешуге күш-жі­герімді салып жүрмін. Тұрғын­дар айтса айтқандай, көше шам­дары шашыраңқы орналасқан­дықтан, түнгі уақытта ауылдың жарық жерінен қараңғы тұстары басым болды. Сондықтан ауыл­дың ішіне 100 шам орнатып, кө­шелерді жарықтандырдық. Өт­кен жылы тұрғындардың «бала­лардың ойын алаңын салып бер» деген өтінішін орындадық. Биыл өз бастамамызбен бала­ларға шағын футбол алаңын са­лып жатырмыз. Мамыр айынан бастап тұрғындарды таза ауызсу­мен қамту бойынша ірі жоба қолға алынды. Жобаның жүзеге асырылу мерзімі – екі жыл. Жоба аясында ауылдың ішіндегі су тарату желілерін жаңалап жа­тырмыз. Себебі бұл құбырлар 30 жыл бойы ауыстырылмағандық­тан шіріген жерлері өте көп. Со­ның салдарынан құбырлар тесіліп, су жер бетіне көтеріліп, мазамызды алатын. Сонда да ха­лықты орталықтандырылған су­дан ажыратпадық. Су тәулік бойы берілмесе де, тұрғындар тіршілік көзінен тарықпады. Қолға алынған жоба белгіленген мерзімде аяқталып, әр отбасы үйінің іргесіне келген суды ішке тартып алса, ауылдықтардың күйбең тірлігі бір жеңілдер еді. Мен сол күнді асыға күтіп жүрмін.

– Ал ауылішілік жолдарды жөндеуде қандай жоспарларыңыз бар?

– Тұрғындарды толғандыр­ған су мәселесі шешілгеннен кейін ауылішілік жолдарды жөндеуге басымдық береміз. Көшелерде ертеректе төселген асфальт бар. Дегенмен жылдар өте ол да тозады ғой. Ал ауылға келетін жол облыстық маңызға ие. Сондықтан көп ауылдардай жол машақатын тартып жатқа­нымыз жоқ. Қыста да, жазда да жол ашық.

– Мичуриндіктер қайда жұ­мыс істейді?

– Округ тұрғындарының 70 пайызы «Мичуринский» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігін­де еңбек етеді. Қалғандары мек­тепте, ауылдық әкімдікте, меди­циналық пунктте жұмыс істеп жатыр.

– Мемлекеттік бағдарлама­лар аясында кәсіп ашқандар бар ма?

– Әлеуметтік аз қамтылған­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарлама аясында биыл көпба­лалы отбасы 400АЕК көлемінде, яғни 1 млн. 600 мың теңге қай­тарымсыз грант алды. Бұл отба­сы қой өсіруді қолға алмақ. «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» демекші, қазір ата кәсіпті табыс көзіне айналдыр­са, түсер пайда мол. Жалпы кәсіп ашамын, жұмыс істеймін деген жанға мемлекет тарапы­нан түрлі қолдаулар бар. Солар­ды тұрғындарға түсіндіріп, ба­ғыт-бағдар көрсетіп жатырмыз.

– Тұрғындардың орта жасы қанша?

– Ауыл халқының орташа жасы 50-дің маңайында. Ауылда жастар аз. Түлектер оқуға кетеді де, қайта оралмайды. Оларға ауылға келіңдер деп талап қоя алмаймыз, кінә да арта алмай­мыз.

– Қазір ауылға қандай маман­дар керек?

– Округтегі агроқұрылым ауылшаруашылығы мамандары – агроном, жұмысшылар іздеп жатыр. Ауылдық әкімдікке қа­жет экономист, заңгер маман­дар бар. Медициналық пунктке фельдшер керек. Маманның жоқтығынан зейнет демалысы­на шыққан фельдшер жұмыс іс­теп жатыр.

– Ауылға не керек?

– Ауыл тұрғындары көтерген мәселелерді біртіндеп шешіп жатырмыз. Округ аумағындағы жалғыз агроқұрылым – «Мичу­ринский» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің жұмысы жолға қойылған. Мичурино Петропавл қаласынан – 280, ау­дан орталығынан 38 шақырым жерде орналасқандықтан, көпшілік алыс ауыл деп қабылдай­ды. Бұл ауыл – шалғайда жатса да, болашағы бар елді мекен.

– Мичурино сияқты шалғайда жатқан ауылдарды қалай дамы­туға болады?

– «Шалғайдағы ауылдарды қалай сақтап қаламыз? Деграда­циялық жағдайда тұрған ауыл­дардың жан санын қалай көбей­туге болады?» деген көптің кө­кейінде жүрген сауалдарға түрлі пікір айтылады. Жалпы елімізде ауыл-аймақтарды дамыту бағ­дарламалар аясында жүзеге асы­рылуда. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық ау­мақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымда­масын бекітті. Тұжырымдамада ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бо­йынша түрлі шаралар қарасты­рылған. Әсіресе «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы әлеуеті жоғары елді мекенді кешенді жаңғырту көзделген. Мұндай елді мекендер адамдардың жұ­мыс істеуі мен тұруы үшін қо­лайлы ғана емес, экономика­лық өсуге де серпін болады. Бас­ты мақсат – ауылда әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қолайлы орта қалыптастыру. Бұл – жаңа мек­тептер мен медициналық объектілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жо­лақты интернетке және спут­никтік байланысқа қол­жетімділікті қамтамасыз ету, ауылдың ішіндегі жолдардың сапасын арттыру, мәдени ны­сандар – кітапханалар, клубтар, мұражайлар мен кинотеатрлар, спорт ғимараттарын салу, ха­лыққа қызмет көрсету орталық­тарын ашу. Бір сөзбен айтқанда, бағдарлама аясында жүзеге асы­рылатын жұмыс ауқымды. Бірақ барлық елді мекенді бірден қа­рық қылуға бюджеттің шамасы жетпейтіні түсінікті. Менің ойымша, ең алдымен, экономи­калық перспективаларды анық­тап, «жұмыс жүреді-ау» деген ауылдардың инфрақұрылымын реттеп, кәсіпкерлігіне айрықша көмек көрсету қажет.

– Әкім болу қиын ба?

– Мен әкім болуды лауазым, билік деп емес, ең бірінші зор жауапкершілік, халыққа қалт­қысыз қызмет ету деп қабылда­дым. Әкім болу – халыққа жа­қын болу деген сөз. Ал олай бол­маса, ешкім әкімдіктің тізгінін ұзақ ұстап отыра алмайды. Әкім болдың ба, іскер, бесаспап бол. Сонда ғана халыққа жағасың. Мен соны түсіндім. Тұрғындар сеніп, дауыс берген соң артыл­ған міндетті адал атқаруымыз керек. Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Көтерілген мәселе­лер бірден шешімін таппайды. Оны бірі түсінеді, екіншілері сынның астына алады. Сондық­тан халықпен жұмыс істеген кез­де тіл таба білу керек. Ауыртпа­шылықтар да болды, жетістік­терге де жеттік. Қиындықтарды ортақ мақсатқа деген жауап­кершілігімізбен, ынтымақ- бірлігімізбен еңсеріп келе жа­тырмыз.

– Биыл көп әріптестеріңіз «Әкімдер мектебінде» білім алып, біліктіліктерін арттырды. Алған білімдеріңіз кәдеге жарап жатыр ма?

– Мен 2023 жылы тамызда әкім болып сайландым. Оған дейін он жылдан артық БЖЗҚ- ның аудандық филиалында жұ­мыс істедім. Оңтайландыру кезінде Тимирязев ауданындағы филиал жабылып, мемлекеттік қызметке ауысуыма тура келді. Яғни округ әкімдігі қызметінде тәжірибем жоқ. Әкімдер мек­тебінде 3 айдай білім алдық. «Бі­летінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз» деп бекер айтыл­маса керек-ті. Біраз нәрсені үй­рендік. Тәжірибелі мұғалімдер кәдеге жарайтындай білім берді.

Жалпы «Әкімдер мектебі» жобасының жүзеге асырылуы өте орынды. Мемлекеттік қыз­меттің жаңа санаты – сайлана­тын әкімдерді кешенді даярлау қажеттігі өзекті мәселе екені сөзсіз. Себебі басқару қызметі белгілі бір кәсіби дағдыларды, басқарушылық және әкімшілік құзыреттерді талап етеді. Әсіре­се мемлекеттік қызметте тәжіри­бесі жоқ азаматтарға мұндай білім мен тәжірибе өте маңызды. «Әкімдер мектебі» жобасы – әкімдердің өз міндеттерін сапа­лы атқаруына жағдай жасап, кәсіби деңгейін арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз.

– Ауылдық округ әкімдігінің салықтан түсер таза кірісі қанша?

– Округтің салықтан түсетін қаржысы 2 млн. теңгеге жуық. Бұл қаржыны округтің қажетіне жаратамыз.

Мәселен, елімізде екі жыл­дан бері «Таза Қазақстан» жал­пыұлттық экологиялық акциясы өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қа­лыптастыру, «адал адам – адал еңбек – адал табыс» патриотизм құндылықтарын дәріптеу, сон­дай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау. Бұл, Президент атап өт­кендей, «уақытша акция емес, маңызды жоба жыл бойы жалға­суы тиіс». Осы ретте ел көлемін­де ауылдарды абаттандыру, кө­галдандыру жұмыстары қарқын алды. Біз бұзылған үйлердің орнын тазартып, қоқыстарды шығарып, қоғам болып маңа­йымызға, өзіміз өмір сүріп жат­қан ортаға жауапкершілікпен қарауды үйреніп жатырмыз. Ауылдық округтің бюджеті осындай шараларды ұйымдас­тыруға жұмсалады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp