Егемендіктің 30 жылдығына арналған “Нұр-Сұлтан – Орал” супер марафонының қатысушылары Қызылжар төріне де келіп жетті. Елордадан шыққан 15 желаяқ 8 күнде Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе қалаларын басып өтіп, Оралға барып аялдамақшы. Жүгіру жолының жалпы қашықтығы – 2021 шақырым.
– Өңірімізде саламатты өмір салтын ұстанатындар өте көп. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны бойынша алдыңғы орындағы бес облыстың қатарына кіреміз. Супер марафон сүйікті Отанымыздың Тәуелсіздік мерекесіне арналып, мемлекетіміздің барлық аймақтары тұрғындарының бір мақсат төңірегіне бірігуіне өз септігін тигізеді деген ойдамын. Барлықтарыңызды келе жатқан айтулы күн – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймын, – деді марафоншыларды Тәуелсіздік стеласының жанында қарсы алған облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Марафоншылардың алға қойған мақсаты – жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп, жер үшін қан төккен батырлардың және елдің дамуына атсалысқан тұлғалардың ерліктері мен ерен еңбектерін насихаттау.
– Марафон қарашаның 26-сы күні ел астанасында бастау алып, Қызылжарға дейінгі 500 шақырымды жүгіріп өттік. Күндегі дайындықтың арқасында жолда қатты қиналған жоқпыз. Келесі аялдама – Қостанай қаласы, – деді супер марафонға қатысушы Байзақ Сағындықұлы.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.