«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елу жылда ел жаңа

Біздің ауылымыз Солтүстік Қазақстан облысымен құрдас. Оның сексен жылдық мерекесін биыл жазда атап өттік. Яснополяндықтар өздері тұратын елді мекенді əркез мақтан етеді. Оның байырғы қарт тұрғындарының бірі ретінде менің де өмірден түйгендерім көп. Арғы-бергі шежірені ақтаратын болсам, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы сұрқия саясатты айналып өту мүмкін емес. Украинадан күштеп жер аударылған поляктар Қазақстанды паналауға мəжбүр болды. Бағымызға қарай қазақтар секілді пейілі кең, жүрегі жомарт халыққа жолығып, содан бері қуанышымызды да, қайғымызды да бірге бөлісіп келеміз. Ауылда бір жарым мыңдай адам тұрса, олардың 80 пайызы – поляктар. Бірақ ешуақытта ұлтқа, дінге бөлінген емеспіз. Тату-тəтті бірліктің арқасында ауылымыз ажарланып, тірлігіміз базарланып, өрісіміз малға, қамбамыз дəнге толды.

“Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан” деп текке айтпаса керек. Əсіресе, тəуелсіздік алғаннан бергі тұста ауылымыз гүлденіп, небір мəдени нысандармен толықты. Барлық əлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр. Анатолий Рафальскийдің басқаруындағы шаруашылық өз қаражатына биыл спорттық-сауықтыру кешенін салып берді. Поляктардың, қазақтардың, орыстардың кешегі, бүгінгі сан алуан тіршілігінен сыр шертетін жергілікті мұражай жұмыс істейді.

Біздің бүгінгі өмірімізге қызыға қарайтындар көп. Жастарымыз да отаншыл, қаладан гөрі даланың еркіндігін жандарына жақын тұтады.

Казимир ПОЛЯНСКИЙ,

еңбек ардагері.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp