«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК

Елбасының “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары Қазақстанды жаңа тарихи жағдайда бәсекеге қабілетті дамыған отыз елдің қатарына қосылуға және еліміздің әл-ауқатын нығайтуға, күрделі кезеңнен сенімді өтуге жағдай туғызады. Осындай сын кезеңі мемлекетке, тіпті, әр азаматқа ерекше жауапкершілік жүктейді. Біз ілгері дамыған мемлекеттердің көрсеткіштері мен өмір сапасына қарап бой түзеуіміз қажет.

Елбасының бес реформасының алғашқысы және маңыздысы – экономикалық бағдарламалардың тиімді жүзеге асуын және мемлекеттік қызметті сапалы ұсынуды қамтамасыз ететін он бес нақты қадамнан тұратын заманауи, кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Мемлекет басшысы осы жылдары жаңа заманға лайық, нарықтық экономиканы басқара білетін ондаған, жүздеген кәсіби мемлекеттік қызметкерді тәрбиелеп шығарды.

Мемлекеттік қызметті дамытудың мынадай басымдықтары айқындалған: мемлекеттік кадр құрамын сапа жағынан жақсарту, іріктеу мен кәсіби дайындық әдістемелерін жетілдіру; “А” корпусының білікті басқарушыларының қағидатты жаңа буынын қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту, мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау қарастырылған. Сонымен қатар, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу, жегі құртқа айналған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет жөніндегі министрлік құрамында жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар мекемесі құрылды.

Ұлтаралық түсіністік – бейбіт өмірдің арқауы. Елбасы тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыздың біртұтастығы мен еліміздің бірлігі туралы айтудан жалыққан емес. Соның арқасында ел тұрғындары тату-тәтті өмір сүруде. Бейбіт өмірдің жаршысындай болған Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл толды.

Реформа – заңның үстемдігін қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Аталған реформа аясында Қазақстанда бұрынғы одақ аумағында жасалмаған ең ілгері сот жүйесі құрылады. 2016 жылдан бастап бірінші саты – аудандық, қалалық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар, кассациялық саты Жоғарғы Сот деп бекітілді. Бұл енгізіліп отырған жаңалық азаматтардың мүдделерін қорғауда сөзбұйдалыққа салынбай, істерді тез әрі сапалы қарауға бағытталған. Судьялық лауазымына үміткерлерді іріктеуде де талап күшейеді.

26-шы қадам ретінде сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-кұқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту мақсатында 2016 жылдың басынан қолданысқа енетін Азаматтық процессуалдық кодекске тиісті өзгерістер енгізілген.

“100 нақты қадамда” заң үстемдігін қамтамасыз ету, сот жүйесін жетілдіру, оған азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында осындай жақсы бастамалар іске асырылмақшы. Бұл көпшіліктің көңілінен шыққанын да айтып өткен жөн.

Келесі мәселе – индустрияландыру мен экономикалық өсім. Бұл бағыт ешқашан назардан түспеген, құралдары мен тетіктері белгілі, алайда, аса қарқынды жұмысты талап етеді.

Осы бағытпен сабақтас тағы бір міндет – инфрақұрылымдық революция. Бұл ретте ұсынылып отырған шаралар ішкі нарықты дамытуға, елдің аумақтық тұтастығын нығайтуға, Қазақстанның геоэкономикалық кеңістіктегі орнын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. Алдағы 10-15 жылға есептелген инфрақұрылымдық бастамалар Қазақстанды қалыптасып келе жатқан жаңа Еуразияның логистикалық орталығына айналдырады.

Ұлт жоспарынан мемлекетіміздің болашағы – жастардың білім алу мәселесі де тыс қалмаған. Он екі жылдық білім беру, мектептегі оқу стандарттарын жаңарту, жас кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру мәселелері өз шешімін табатын болады.

Мемлекетімізді индустрияландыруда техникалық мамандықтардың маңыздылығын ескеріп, Елбасымыз алдағы уақытта өндіріс саласындағы қарапайым жұмысшыдан бастап, жоғары білімді инженерлерді тегін, мемлекет есебінен, оқытуға тапсырма берді.

Ұлт жоспарына зерделей қарасақ, өзіндік ерекшелігі мол, әбден екшеліп қабылданған, кесімді шешімнен туған бағыт-бағдар. Оның басты ерекшелігі нақтылығында, міндеттері әр қазақстандыққа тайға таңба басқандай айқын көрініп тұр. Екінші бір маңызды ерекшелігі – ауқымдылығында. Көптеген өзекті мәселелер қамтылған. Өміріміздің әр саласында атқарылуы тиіс міндеттер санамаланып айтылған.

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Азаттығымызды баянды ету оған қол жеткізуден де қиын екеніне осы жылдар ішінде көзіміз жетті. Мемлекетіміздің тұғырын мызғымастай ету үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, бұралаңы көп жолдардан өтуге тура келеді. Елбасы бізге елі бақытты, жері гүлденген Отанымыз – Қазақстанды Мәңгілік Ел ету міндетін жүктеді.

Амандық АХМЕТ,

Петропавл қалалық

№2 сотының судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp