Азаттық туын желбіретіп, Тәуелсіз мемлекет атанғанымыздың 25 жылдығына аяқ бастық. Бұл – тәуелсіздікті нығайту жолындағы өлшеусіз еңбегіміздің ширек ғасырлық белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Тәуелсіздікті баянды ету оған қол жеткізуден де қиын. Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді. Қазіргі қалыптасқан жағдай соның айғағындай.
Елбасы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” тақырыбындағы Жолдауында да: “Заманның бет-алысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз”, – деді.
Ел дамуына бағыт-бағдар беретін салмақты бағдарламада негізгі басымдық еліміздің экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын баршамыз жақсы білеміз.
Қазақ елі азат атанғалы “Алдымен экономика, содан соң саясат” деген қағиданы берік ұстанып келеді. Бұл ұстаным ұзақ жылдар бойы өзін ақтады да. Елдегі саяси тұрақтылық ұлт экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ете алды. Ал қазіргі дағдарыс елдің бюджетіне түзетулер жасауға мәжбүрлеп отыр.
Дағдарыстың себебі көп, ең алдымен оған геосаяси текетірестер, содан соң мұнай нарығындағы белгілі бір жаңа сипаттарды еңсеру үшін “қара алтынға” бай елдердің өндірісті қысқартпай қоюуы, соғыстар, миграция, тағы да басқа жайлар әсер етуде. Бұл – біз бен сіз көріп отырған бүгінгі күннің шындығы. Осы орайда Елбасы кезекті Жолдауында үнем, заңды сақтау, ғылым, өз өнімімізді қолдау, алға ұмтылу ойларына жан-жақты тоқталды.
Асылында, бірлігі бекем ел үшін алынбайтын асу, бағынбайтын биік болмайды. Қаржылық қиындық қанша қыспаққа алса да, ертеңгі күнге деген сенімді жоғалтпай, білекті сыбанып еңбек етуіміз қажет.
Мен Жолдаудың әр жолынан “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, ауылымыздың шешілмеген мәселелері мен жеткен жетістігін айқын көрдім. Біз шаруашылығымыздың одан әрі дамуына зор мүмкіндігі бар екенін жақсы білеміз. Өткен тарихымызға шолу жасамай-ақ, біз қалыптасу және даму жолында аса күрделі асулардан өткенімізді айта аламыз. Елбасының “Біз бірге көп қиыншылықтарды жеңдік, шынығып нығайдық. Біздің тарихымызда болмаған қарқынды экономикалық дамудың жемісін көрдік. Қазіргі халқымыздың ахуалы жаман емес, тіпті тұрмысы бұрынғыдан да жақсы. Біз көп жетістіктерге қол жеткіздік” деген сөздерімен толық келісемін.
Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөздері біздің “Ақселеу” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұжымының қалыптасуына сипаттама бергендей. Тарих бізді қателерімізді қайталамауға үйретеді, сондықтан тілерсегіміз дірілдеген 90 жылдар әлі есімізде.
Елдің экономикасын, халықтың әлеуетін көтеретін барлық сала тұралағанда, ауыл шаруашылығының да жағдайы мүшкіл еді. Ертеңімізге күмәнмен қараған шақта “Болашақта біз осындай деңгейге жетеміз” деген арман түгіл, ой да болмайтын. Ел іргесі нығайып, бізге көмек қолын ұсынған кезде тапқанымыз қапқанымызға жетпесе, қазір болашаққа жоспар құрып, оларды жүзеге асыра алатын жағдайға келдік. Ауыл тұрғындарының ұйымшылдығы, жақсы өмір сүруге деген құлшынысы, мемлекеттік экономиканың дамуы біздің ұжымды жоғары деңгейлі шаруашылықтар қатарына шығаруға мүмкіндік берді. Менің ойымша, бұл – қарапайым ауыл жұмысшыларының сіңірген еңбегі.
Мұны Президентіміз өз сөзінде: “Біз пайдаланып отырған барлық игіліктер қарапайым жұмысшылардың қолымен жасалған”, – деп атап өткен болатын. Бүгінгі таңда ұжымда тұрақты жұмыспен 100-ден астам адам қамтылып, 80 мың теңге көлемінде лайықты еңбекақысын алып отыр.
“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған бір отбасын баспанамен, жұмыспен қамтамасыз еттік. Жақсы өмір сүрулері үшін барлық жағдай жасалды. Балалары мектепте білім алып жүр.
Шаруашылықтың егістік алқабында әлемде белгілі өндірушілердің жоғары сапалы, мол өнімді заманауи техникалары жұмыс істеуде. Өткен жылы күзде 5 мың тонналық Германияның Петкус фирмасының шағын элеваторын салып, пайдалануға енгіздік. Бұл да бізге қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында етті бағыттағы асылтұқымды герефорд малын өсірумен айналысамыз. Болашақта өзіміздің экспортқа бағытталған ет өңдеу өндірісін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Әлеуметтік саясаттағы мемлекеттің басымдығы адам капиталын дамытуға кең ауқымды инвестициялар болуы тиіс. Біз бұған дейін қабылданған бағдарламаларға сәйкес білім беру және денсаулық сақтау салаларын жаңғыртуды жалғастыруымыз керек. Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба – “Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім” бағдарламасы басталатынын жариялаймын”, – деген сөздерін мен толық қолдаймын.
Аталған жоба жастардың ауылда өмір сүруіне және жұмыс істеуіне жағдай жасаса, екінші жағынан елді мекендерді қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етеді. Білімді жастары бар ауыл азып-тозбайды, керісінше, өркендейді.
Елбасының алға қойған барлық тапсырмалары орындалады деп сенемін. Алайда, оның орындалуы біздің табандылығымызға және ынтымақ, бірлігімізге байланысты. Еліміздің жаңғыруы мен мемлекетіміздің экономикалық дамуына қарқынды ықпал ететін біздің бағдарымыз айқын, қадамымыз нық болуы тиіс. “Дағдарыстардың бәрі өткінші, өтеді де кетеді. Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі”, – деп Елбасы айтқандай, ұлы мұратқа жетер жолдағы түйінді мәселелердің түйнегін шеше отырып, ел тағдыры өз қолымызда екенін жадымызда ұстайық.
Серік МАЛАЕВ,
“Ақселеу” ЖШС директоры.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.