«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ КЕЗЕҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінен кейін Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы Президент сайлауын өткізуді қолдау туралы Үндеу қабылдаған болатын. Кеше Сәбит Мұқанов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді қолдау мақсатында облыс кəсіподақтары үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

“Еңбеккерлердің құқығын қорғау, жұмыс істеуге тиісті жағдай жасау, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестіктің тиімді ынтымақтастығы саласында көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің маңызы зор. Бұл жауапты міндетті заң бойынша сайланған Президенттің басшылығымен тұрақтылық, айқындық және ашықтық жағдайында орындаған жөн. Біз еліміздегі барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары жасампаз күштерді, барша қазақстандықтарды халықаралық талаптар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсетуге шақырамыз” делінген кәсіподақтар федерациясының Үндеуінде.
“Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев Президент сайлауына қатысу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екенін айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған бағдарламаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да қолдап, жүзеге асыруда. Бұл жұмыстарға кәсіподақ та белсенді атсалысуда. Ауылдық жерде медицинаны дамытуда жас мамандарды ынталандырудың маңызы зор. Бұл үшін кәсіподақтар бірлестігі жас дәрігерлерге 500 мың теңгеден көтермеақы ұсынады. Сондай-ақ, “7-20-25” бағдарламасы бойынша оларға 20 пайыз бастапқы жарнаны төлеу үшін сертификат қарастырылды. Бұл өте тиімді бастама болғандықтан, алдағы уақытта жалғасын тауып, аясы кеңейтіледі. Осының барлығы бүгінде елімізде орнаған татулықтың арқасында мүмкін болып отыр, – деді Ерік Есімұлы.
Жиында өңіріміздегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері сөз алып, Мемлекет басшысының кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімін қолдайтындарын білдірді. “Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Темірғали Әбілмәжінов, “Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бекет Нұғыманов пен тағы басқа да азаматтар қысқа мерзімде мемлекетіміз әлемге танылып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін, сондықтан әркім еліміздің, ұрпақтарымыздың жарқын келешегі үшін кезектен тыс Президент сайлауына қатысуы керектігін тілге тиек етті.

 

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ, “Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp