«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ӨМІРІНДЕГІ ЕЛЕУЛІ ҮДЕРІС

Қазақ елі үшін маңызды мәселе шешімін тапты. Елбасының қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығы ұзақ уақыт бойғы қызу талқылауға нүкте қойды. Әліпби ауыстыру – тарихи жауапкершілік, ел өміріндегі елеулі үдеріс. Бұл ұлы өзгеріс болашақ үшін керек, кейінгі ұрпағымыздың әлемдік қауымдастыққа оңай сіңісіп кетуі үшін де қажет.

Биылғы маңызды шара – “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінде, негізінен, ағылшын тіліне басымдық берілді. Көрмеге қатысқан 110 елдің әрқайсысының өз мемлекеттік тілі бар, алайда, олар ағылшын тілінде еркін сөйлейді. Сондықтан алдыңғы қатарлы елдердің тізіміне кіру мақсатында бұл реформаның берері көп болмақ.

Ал латын әліпбиіне көшуіміздің әлеуметтік-мәдени аспектілері әліпбидің интернетте, әлеуметтік желілерде қолданылатынымен түсіндіріледі. XXI ғасырдағы әлемдік, халықаралық ғылыми және білім беру үрдістерінде де ағылшын тілі қолданылатынын білеміз. Ал латын қарпіне көшуіміз бізді әлеуметтік-мәдени аспектіге жақындастыра түседі.

Латын әліпбиіне көшуді кезең-кезеңмен жүзеге асыру жөн деп ойлаймын. Мысалы, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді меңгертетін ұстаздар мен орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау қажет. Бір сөзбен айтқанда, алдағы екі жылда қажетті ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстарды өткізу міндеті тұр.

Бүгінгі күні білім берудің жаңа бағдарламасына сәйкес барлық оқушылар ағылшын тілін меңгеретіндіктен, өскелең ұрпақ үшін бұл аса қиындық тудырмайды деген сенімдеміз.

Гүлбақша МҰСАБАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің доценті, “Urpaq” қазақ мәдени-ағарту

орталығының төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp