«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРЕКШЕЛІК ЕСКЕРІЛЕДІ

Қазіргі таңда мүмкіндіктері шектеулі балалардың мінез-құлқындағы кемшіліктерді түзету, орнына келтіру, дамыту педагогиканың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Осыған орай мұғалімдердің алдында тұрған негізгі міндет – олардың әлеуметтік бейімделуіне, қоғам өміріне толыққанды дайындалуына жағдай жасау және көмек көрсету, қажеттілігі мен мүдделерін басты назарда ұстау.

Бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі балаларды оқу бағдарламасымен қамту ерекше қолға алынған. Мен қазақ тілінің мұғалімі ретінде екінші жыл бір оқушыны үйіне барып оқытып жүрмін. Оқушының мүмкіндігін ескере отырып, оған күнтізбелік жоспар өзгеше құрастырылды. Себебі, оның тірек-қимыл аппараттары зақымданған, денсаулығы өте нашар. Онымен көбіне ауызша жұмыс істеуге тура келеді. Өзге ұлт өкілі болғандықтан, қазақ тілінен білімі тайыз, есте сақтау қабілеті төмен, дегенмен ынтасы бар.  

Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер үшін талап та жоғары. Сабағымды ойын, ауызша сөйлесу, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып өткіземін. Ойын сабақты баланың зейінін, есте сақтау қабілетін, ауыз-екі сөйлеу мәдениетін дамытуға, адамгершілік сезімін оятуға, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға, басқа ұлт өкілдеріне достық сезімін тәрбиелеуге негіздеймін. Мысалы, есте сақтау қабілетін дамыту үшін “Фигураларды есте сақта”, “10 сөз”, “Есімдер қатары”, ал ойлау үдерісін зерттеу үшін “Артығын тап”, “Қандай фигура жетіспейді”, тағы басқа әдістемелерді қолданамын.

Ақпараттық-коммуникативтік технологияларды өте тиімді пайдалануға тырысамын. Оқушыма өзара қарым-қатынас жасап, әңгімелескен ұнайды. Сондықтан әртүрлі тақырыптық бейнебаяндарды көріп, талқылау арқылы оқушының ауызша сөйлеу дағдысын дамытамын. Оның қолы кем болғандықтан, компьютердің пернетақтасында тілімен жазады және жазбаша тапсырмаларды көбіне электронды түрде орындайды.

Қорыта келгенде айтпағым, оқушының пәнге қызығушылығын ояту мақсатында сабақтарымда пайдаланатын ойын, ақпараттық-коммуникативтік технологиялар баланың білімін берік меңгерту құралы болумен қатар, оның сабаққа деген қызығушылығын, белсенділігін жоғарылатып, білім сапасын арттырады.

Аягөз ҚАЛИЖАНОВА,

“Дарын” мектеп-лицейінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp