Өңірде 5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Осыған орай құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өтіп, өңірдегі инклюзивті білім беру мәселелері қаралды.
Облыстық әдістемелік орталықтың әдіскері Елена Балтинаның айтуынша, қазіргі таңда аймақта ерекше балаларға арналып 6 мектеп-интернат, бір арнайы балабақша-мектеп-интернат жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 15 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен бір аутизм орталығы бар.
Алайда қаладағы жалғыз аутизм орталығы барлық баланы қабылдауға қауқарсыз. Кезекте тұрғандардың саны 200-ден асып жығылады. Осыған байланысты Петропавлда тағы бір аутизм орталығын ашу көзделуде. Жоспар бойынша жаңа орталық №2 мектеп-интернат ғимаратында орналаспақ.
Орталықтың жетекшісі Ғалия Баязитованың айтуынша, балаларды дамыту жұмыстары тек біліммен шектелмейді, кешенді әдістер қолданылып, тәжірибелі мамандардың қатысуы аса маңызды.
– Арнайы балалар үшін ерекше әдіс- тәсілдер қолданылады. Дефектология саласындағы тәсілдер баланы түсіну, сөйлеуін дамыту, мінез-құлқын реттеу, моторикасын жетілдіру секілді бағыттарды қамтиды, – дейді Ғалия Баязитова.
Жиын барысында инклюзивті білім беретін педагогтардың жалақысын арттыру мәселесі де көтерілді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».