«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ерлан РЫСҚАЛИ: “БҰЛ ДҮНИЕНІҢ ЛӘЗЗАТЫ – ӘНДЕ”

Бүгінгі таңда қазақ ән өнерінің аспанында жұлдыздай жарқырап жүрген біршоғыр шынайы дарынды әншілердің ішінде көпшілікті баурап, айызыңды қандыратындарының бірі әрі бірегейі тенор Ерлан Рысқали десек, жаңылыспаймыз. Оның орындауындағы шығармаларды радиодан, яки теледидардан тыңдай қалсаң, өзге дүниені бір сәт ұмытқандай болып, ән әлеміне еріксіз еніп кетесің.

Құлағың естігенді көзбен көргенге не жетсін?! 23 қаңтар күні Қызылжарға кәсіпкер Жомарт Омаровтың шақыруымен келіп, Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Тамаша” ойын-сауық отауымен сахнаға шыққан Ерланды аз да болса, әңгімеге тартудың сәті түсіп еді.

– Сұраулы жүзіңізді аңғардым, аға. Отыз үшке шықтым. Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысының Шұбартау ауданының Қосағаш ауылы.

– Өнер, оның ішінде әншілік тегіңізден тараған ғой деп ойлаймын.

– Иә. Ата-анам өнерлі адамдар. Шешем – мұғалім, әкем – мал дәрігері болған. Ол кезінде Жәнібек Кәрменовпен жақсы араласқан. Домбырамен, баянмен ән шырқайтын. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген ата даналығы анық екен. Мен де ән бесігінде тербетілдім.

Менің ұстаздарым – Жүсіпбек Елебековті көзі көрген Санақ Әбеуов пен Бекболат Тілеуханов. Бұлардың шәкірті болу бақыт қой! Алайда, осындай тәлімгерлердің тілеуі тектен-тек емес. Мысалы, Бекболат ағамнан “Молдабайды” шебер орындауды үйрендім. Одан соң Нияз серінің “Балқурайын”, Жаяу Мұсаның “Ақ сисасын”, Уәйіс Шондыбайұлының “Бозқарағанын” консерватория қабырғасынан бастап шырқап келемін. Мен консерваторияны 2005 жылы тамамдадым. Ал оған дейін Алматыда Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте оқып жүрген кезімнен ұлтымыздың классикалық өнеріне ден қойып, осы жолдан ауытқымадым.

Біржанның, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың, Әсеттің, Сегіз серінің әндерін орындауды ұнатамын. Сондай-ақ, Жаяу Мұсаға қайран қаламын. Оның асқан бір ерлігі – тоқсан төрт жыл ғұмыр сүріп (1835-1929) өзінің қаншама әндерін жинастырып, ұрпақтарына тапсырып кетуі. Көбінекөп “Ақ сисасын” орындаймыз, ал ол кісінің басқа да әндері аз емес.

– “Молдабайды” шебер орындайтыныңызды байқадық.

– Ақтөбелік әнші-термеші Әли Құрманов жеткізді бұл әнді. Ал одан кейін бізге таныстырған – Бекболат Тілеуханов. Осы әннің жүрегіме ұялағаны сондай, қай жерде, қандай концертте болсын, жұртшылық сұрап жатса, орындаудан жалыққан емеспін.

– Мен орындап жүрген әндеріңізді тыңдай отырып, негізінен, Арқа сазгерлерінің, яки осы өңірде тараған халық әндерін шырқайтыныңызды аңғардым.

– Өзімнің қалыптасқан стилім солай. Ұлы Абайдан бастайын. “Сегіз аяғын” ұнатып шырқаймын. Біржан салдың “Жонып алды”, “Айбозым”, Ақанның “Маңмаңгер”, Сегіз серінің “Ғайни”, Үкілі Ыбырайдың “Аңшының әні”, Әсеттің “Мақпал”, “Майда қоңыр”, “Інжу-Маржан” әндері репертуарымнан түспейді. Бұларды Жәнібектің, Қайраттың машығынан жадыма тоқыдым.

– Қазір қай жерде қызмет атқарып жүрсіз?

– Консерваторияны тамамдаған соң ақын, айтысты ұйымдастырып, жүргізуші Жүрсін Ермановтың шақыруымен Қазақ радиосында, ұлттық телеарнада авторлық хабарлар жүргізген кездерім болды. Кейін Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясына әнші ретінде жұмысқа орналастым. Арқаның дәстүрлі ән мектебінен дәріс беру үшін мені Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына шақырған. Соның арқасында осында ұстаздық еттім. Ал бүгінде Астанадағы мемлекеттік ұлттық камералық оркестрде еңбек етемін.

– Сіз ұлы Абай дүние есігін ашқан жерде туыпсыз. Сондықтан Абай әндері жаныңызға ерекше жақын, олар жүрегіңізге от береді деп ойлаймын.

– Данышпан ақын әрі сазгер Абай “Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа” деген өлеңінде: “Салған ән – көлеңкесі сол көңілдің”, “Бұл дүниенің ләззаты бәрі – сонда”, – дейді. Одан асырып не айта аламын?!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp