Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасаған ерлігі үшін ең жоғары құрметті атаққа ие болған жерлестеріміз – 53 Кеңес Одағының Батыры мен 11 “Даңқ” орденінің толық иегері жайындағы ақпаратты оқырмандар назарына ұсынуды ұйғардық.
Жәлел ҚИЗАТОВ
Солтүстік Қазақстан облысының Ленин ауданындағы Аяқкөл ауылында 1920 жылы туған. 1937 жылы 7-сыныпты бітіргеннен кейін Жәлел Покровка ауылындағы Ленин ауыл шаруашылығы техникумына түсті. Техникумдағы сабақтарымен бір мезгілде Петропавл мұғалімдер институтында сырттай оқиды. Ленин ауданындағы “Қарағай” ұжымшарында мектеп меңгерушісі болып істеді.
Әскерге 1941 жылдың қыркүйегінде алынды. 1942 жылы Сталинград майданы жанындағы кіші лейтенанттар курсын бітірді.
Ж. Қизатов Чернигов қаласы үшін болған ұрыста және Днепр өзенінен өтуде ерлік танытты. 1943 жылдың 27 қыркүйегіндегі ұрыста зеңбіректерден бораған оқтарға қарамастан, алғы шептегі қадағалау пунктіне дейін барып, онда пулеметті, өзі жүретін және танкіге қарсы қолданылатын қару-жарақтарды көріп, батареяның тура нысанасына алып, жауларды жойып жіберді. Сөйтіп, біздің жаяу әскерлердің ілгерілеуіне мүмкіндік туғызды.
1943 жылдың 28 қыркүйегінде 154-ші гвардиялық артиллериялық полктің (76-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 61-ші армия, Орталық майдан) батареяларды басқару взводының командирі, гвардия лейтенанты Ж. Қизатовқа Днепрдің оң жағалауындағы жаулардың атыс нүктелерін барлау және біздің әскерлердің өзеннен өтетін тұсын табу жөнінде бұйрық берді.
Ж. Қизатов жаяу әскерлердің алғы шептегі топтарымен бірге өзеннің оң жағасына шығып, жаудың атыс нүктелерін, артиллерия өтетін және жаяу әскерлер өтетін тұстарды дөп барлады. Жағаға шыққанда ол жаудың атыс нүктелері қайда орналасқанын дәл көрсетті. Батарея жаудың атыс нүктелерін от-жалынға орап, біздің әскерлердің Днепр өзенінің күнгей жағалауына сенімді жайғасуына мүмкіндік туғызды. Ж. Қизатов 1943 жылдың 28 қыркүйегінен 3 қазанға дейін Днепрден өту кезіндегі ұрыстарда артиллериялық батареялардың мүлтіксіз атуын үйлестіріп отырды, мұның өзі жаяу әскерлердің ілгерілеуіне жағдай жасады.
Осы ерлігі үшін 1944 жылдың 15 қаңтарында Ж. Қизатовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. “Алтын Жұлдыз” бен Ленин ордені өз алдына, Отан соғысы ордені, “Ерлігі үшін”, “Одессаны қорғағаны үшін”, “Сталинградты қорғағаны үшін” медальдары – зеңбірекші Қизатовтың марапат белгілері.
1945 жылы Қизатов Ленинградта Жоғары артиллерия мектебін бітірді. Одан соң І Белорус майданының бір бөлімінде батарея командирі болды. Сталинградтан Берлинге дейін – қазақ халқының адал ұлы, гвардиялық аға лейтенант Жәлел Қизатовтың даңқты жауынгерлік жолы, міне, осындай.
Капитан Қизатов 1945 жылы запасқа шығарылды. Туған жерге оралып, партиялық және шаруашылық қызметтерде болды. 1952 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы Жоғары партия мектебін бітірді.
1957 жылы Қизатовқа екінші Ленин ордені тапсырылды. 1969 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын тамамдады.
Жәлел Қизатұлы 1999 жылы 25 сәуірде қайтыс болып, Қызылорда қаласында жерленді. Оның есімі Киевтегі ескерткішке ойып жазылған. Ал туған ауылы – Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжі Жәлел Қизатовтың атында. Биыл даңқты жерлесіміздің туғанына – 95 жыл.
Ысқақ ЫБЫРАЕВ
1911 жылы Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келген. Оқуға деген құштарлық оны Боголюбово ауылындағы жетіжылдық орыс мектебіне алып келді. Осы оқу орнын 1927 жылы бітірген Ысқақ Петропавл қаласына келіп, педагогикалық училищеге түседі. Мұнда үш жыл оқып, қолына дипломын алып, оқу бөлімінің жолдамасымен Преснов ауданындағы Орталық ауылына келіп, шәкірттерге сабақ береді. Он екі жыл қатарынан, яғни майданға кеткенше Орталық, Бірлік және Жарғайың ауылдарында ұстаздық етеді.
1941 жылдың мамырында армия қатарына шақырылып, Горький қаласындағы саяси қызметкерлер даярлайтын жеделдетілген курсқа жіберілді. Сол жылдың қазан айында оқуды бітірген соң Балтық жағалауы майданына 50-ші полктің рота командирінің саяси істері жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Оның батылдығын және басқа да жақсы қасиеттерін ескеріп, басшылар Ысқақ Ыбыраевты Могилев жаяу әскерлер училищесiне оқуға жібереді. Мұны бітіргеннен кейін оған І Белорус майданындағы 5-ші армияның №60 қызыл тулы дивизиясының атқыштар взводын басқару тапсырылды. 1945 жылдың қаңтарында Буды-Август плацдармында ірі қорғаныс пунктін алуда Ыбыраев басқарған взвод жанқиярлық пен ерліктің үлгісін көрсетеді.
1945 жылдың 27 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Ысқақ Ыбыраевқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Запасқа шыққаннан кейін Ысқақ Ыбыраев елге оралды. 1946 жылдың ақпанынан Солтүстiк Қазақстан облыстық партия комитетінің кадрлар бөлімінің нұсқаушысы болып істей бастайды, бірақ қараша айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебiне оқуға жіберіледі, мұнда ол 1948 жылға дейін болады. 1948 жылдың қарашасынан 1957 жылға дейін Октябрь аудандық партия комитетiнiң үшінші хатшысы болып істейді. 1957 жылы Новопокровка партия ұйымының хатшысы болып сайланады. 1964 жылы аудандық партия комитеті оны жаңа ұйымдасқан “Тереңсай” кеңшарының партия ұйымын басқаруға жібереді.
1965 жылы 13 шілдеде Кеңес Одағының Батыры Ысқақ Ыбыраев ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады.
Ысқақ Ыбыраевтың майдандағы да, тың көтерудегі де еңбегі лайықты бағасын алды. Ленин, Қызыл Жұлдыз, “Құрмет Белгісі” ордендерiмен, “Германияны жеңгені үшін”, “Варшаваны азат еткені үшін”, “Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін” медальдарымен марапатталған. Бүгінде Сергеевка қаласында батырға ескерткіш орнатылып, оның есімі осы аудандағы ауылға, аудан орталығындағы көшеге берілді.