Ғали ЗӘКІРОВ
1910 жылы Татар АСР-і Сабин ауданы Сабы ауылында кедей шаруа отбасында туған. Дәм жазып, 1940 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Есіл (бұрынғы Ленин) ауданының Ильинка ауылына отбасымен көшіп келеді. Жергілікті машина-трактор станциясында қызмет етті.
Соғыс басталған соң бір ай өтпестен Ғали Зәкіров Солтүстік-Батыс майданында сарбаздармен жауға қарсы тұрды.
Днепр. Айбынды өзен ұйқыда жатқандай. Мүлгіген тыныштықты бұзғысы келмегендей, қою қара толқындары бір орында қатып қалған тәрізді. Cарбаздар да тәтті ұйқыда. Гвардияның кіші сержанты Ғали Зәкіров те өзінің асыр салып ойнаған ауылын, туған-туысқандарын, жақындарын есіне алды. Осы мезетте оны лейтенантқа шақырды.
– Таңсәрі де аттанамыз, – деп қысқа қайырды жиналғандарға офицер. – Бізге Губино ауылындағы плацдармды үлкейту бұйырылды.
Зәкіров гимнастеркасының қалтасынан қойын дәптерін алып шығып: “Губино. 1943 ж. 9 қазан” деп түртіп алды. Бұл оның ұрысқа шыққан сайын жасайтын әдеті еді.
Ғали Зәкіровтің бөлімшесі 1257 жотаға орналасып, оны қосымша күш келгенше ұстап тұру жөнінде тапсырма алды. Жауынгерлер таң ата жаудың оң жақ бекінісіне жақындай түсті. Бастапқыда барлығы ойдағыдай еді. Кенет ержүрек жауынгерлерге оқ толассыз жауды. Мақсатты жерге ондаған метрдей қалды. Сарбаз Зәкіров жау апанына бірінші болып секірді. Бар болғаны мылтықтың дүмі және найзасымен 14 қарсыласты жайратты. Бөлімшенің қалған жауынгерлері де ерлікпен шайқасты.
Жаудың бірінші бекінісі алынды. Алда әлі алынбаған бекініс бар. Одан кейін жотаға орналасқан қарсыластарды күйрету керек. Тағы да ордағы қоян-қолтық ұрыс. Бұл ұрыс ұрыс па?! Адам айтқысыз қантөгіс. Күш бірдей емес еді: 10 кеңес жауынгері 120 фашиске қарсы тұрды. Соған қарамастан, шайқас бөлімшенің жеңісімен аяқталды. Ұрыс алаңында жаудың 70 сарбазы көз жұмса, 50-і қашып құтылды.
Ғали Зәкіров жотаға қызыл ту тікті.
Жеңіліс тапқан қарсыластар екі мәрте қарсы шабуылға шықты. Бірақ әрбіреуінде жау жеңіске қол жеткізе алмады. Сарбаздар жотаны ұстап тұрды. Күннің соңында қосымша күш те келді. Өжет сарбаздар мен олардың командирінің ерлігі бүкіл полкке белгілі болды.
Плацдармды кеңейту үшін болған ұрыста көрсеткен ерлігі мен маңызды жотаны ұстап тұрған қайсарлығы үшін 8-ші гвардиялық әуе-десант атқыштар полкінің 3-ші батальонының бөлімше командирі Ғали Зәкіровке 1944 жылдың 10 қантар күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1944 жылдың ақпанында Ғали Зәкірұлы хабар-ошарсыз кетті.
Батырға Ильинка ауылында обелиск қойылды. Ауылдың бір көшесіне Ғали Зәкіровтің есімі берілген.
Николай ЗЕБНИЦКИЙ
1919 жылы 17 желтоқсанда дүниеге келді. Кіндік қаны тамған жері – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданының бұрынғы Ново-Сухотино ауылы. Шаруа отбасында тәрбиеленген.
Білім қуып, 1938 жылы Воронеж облысының Борисоглебск қаласындағы темір жол мектебі мен үш айлық педагогикалық курсты тамамдайды. 1938-1940 жылдар аралығында Масловка бекетіндегі №7 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етеді.
Армия қатарына 1940 жылы шақырылды. Орел жаяу әскерлер училищесін аяқтады.
Жауынгерлер Мәскеу түбіндегі шайқаста жау әскерін ойсырата жеңген соң аға лейтенант Николай Зебницкий ерекше тапсырмамен жау тылына екі мәрте барып келді. Содан кейін ол өзін диверсиялық-барлау тобына комиссар етіп тағайындауды сұрайды. 1942 жылдың сәуірінде бұл топ майдан шебінен өтіп, басып алынған аумаққа тереңдей түсті. Жау тылындағы екі айлық рейдтің нәтижесінде жаудың 5 әскери эшелоны, 20-дан астам автокөлігі қирап, 400-ден астам жауынгері мен офицері көз жұмды.
Бір күні барлаушылар Омкиничи селосына маңайдағы елді мекеннің ұл-қыздарын жинап, Германияға жөнелтпек болғаны жөнінде құпия хабарды жеткізді. Жедел топ немістердің жоспарларын күл-талқан етуге бекінді. Командир мен комиссар болжағандай, шабуыл айтарлықтай қиындықсыз өтті. Ауылда орын тепкен гарнизонның күл-талқаны шықты. Тұтқындар қамауда отырған қоралардың тиектерін ағыта бергенде, ауылға бірнеше көлікке толы гитлершілер кіріп келді. Бұл кескілескен ұрыста “Вторые” арнайы партизан отрядының командирі мерт болды. Оның орнын Николай Зебницкий басты. Сол кезде ол небәрі 22 жаста еді. Соған қарамастан, отрядтың құрамын 52-ден 215 адамға дейін көбейте алды. Оның жетекшілігімен бұл сарбаздар бірсыпыра жауынгерлік жорыққа шығып, оқ-дәрілер сақтаулы қоймаларды, паровоздарды жойып, бірнеше жансыздарды анықтап, сатқындықтарын дәлелдеді.
Батылдығы, жедел топқа шебер басшылық ете алуы, жаудың тылында арнайы тапсырмаларды тыңғылықты орындағаны үшін Николай Васильевич 1941 жылы Қызыл Жұлдыз орденімен, 1943 жылдың қыркүйегінде Ленин орденімен марапатталып, 1944 жылдың 1 қаңтарында КСРО Жоғары Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Соғыстан кейін 1955 жылға дейін Николай Зебницкий Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында қызмет атқарды. Екі рет Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз ордендерімен және медальдармен марапатталған.
Николай Васильевич 1975 жылдың 29 қарашасында қайтыс болды.
Тайынша қаласының көшелерінің біріне Кеңес Одағы Батыры Н. Зебницкий есімі берілген.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза. Кавалеры ордена Славы. Генералы” кітабы бойынша дайындалды).