Ескендiр ДӘУІТОВ
Ол 1923 жылы Омбы облысының Есiлкөл қаласында туған. 1927 жылы Дәуiтовтер отбасы Петропавл қаласына көшiп келедi. 1942 жылы ауыл шаруашылығы техникумының бiрiншi курс студентi Ескендір Дәуiтов Қызыл Армия қатарына шақырылады.
Жас жауынгердің майдандағы өмірі 1943 жылы 16-шы гвардиялық дивизияның 58-ші гвардиялық полкінің пулемет дәлдеушісі болып басталады. 1943 жылдың шілдесінде Густавка қыстағы үшін шайқаста Е.Дәуітовтің жалғыз өзі қарсы шабуылға дайындалып жатқан бір топ жаудың көзін құртады. Оның өжеттілігінің осындай үлгілері аз емес еді.
1943 жылдың қыркүйегiнде шегiнiп бара жатқан жауды тықсыра отырып, 16-шы гвардиялық дивизия бөлiмдері Днепрге тақап келдi. Алда – үлкен су айдыны. Сондықтан да өте шапшаң түрде ауыр шайқастардан әлсiреген жаудың есiн жиғызбай, өзеннен жедел өту керек едi.
Жауынгерлiк тапсырманы орындауға рұқсат алған қатардағы гвардия жауынгерi Е. Дәуітов бiр топ батыл жігiттермен бірге балықшы қайығымен келесi жағаға қарай жылжи жөнелдi. Қарсы жақ өзеннен өтiп келе жатқандарға зеңбiректер мен пулеметтерден оқ жаудырды. Ескендiр алғашқылардың бiрi болып Днепрдiң оң жағалауына аяқ басып, пулеметiмен жау траншеясына ұмтылды. Жаумен жағаласа кеткен бiздің жауынгерлерден екеуі-ақ – Ескендiр Дәуітов пен оның жолдасы ғана қалды. Олар жаумен жанталаса шайқасты. Көмекшісі жау қолынан қаза тапты, ал Ескендір жараланған күйі оқты бората берді. Көмекке ұмтылған жолдастары жеткенде ол екi қолы пулемет тұтқасына қарысып қалған күйi жансыз жатты. Ұрыс аяқталды. Бiрақ бұл жеңiстi көру Ескендiрге бұйырмады. Бір күннен кейін жиырма жасқа толуы керек болатын Ескендір осылайша 1943 жылдың 29 қыркүйегінде ерлікпен қаза тапты. Жерлесіміз Чернигов облысының Репкин ауданындағы Неданчичи ауылында жерленген.
1944 жылы 15 қаңтарда Е. Дәуiтовке жанқиярлық ерлігі үшiн КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы мерт болғаннан кейiн берiлдi.
Жерлестерi ерен ердің есiмiн қастерлеп есте сақтауда. Ескендiр Дәуiтовтің есімі Неданчичи ауылындағы көшеге берілген.
Әбу ДОСМҰХАМБЕТОВ
1920 жылы Солтүстiк Қазақстан облысының Приишим (қазiргі Мамлют) ауданындағы Үшкөл ауылында туған. Ферма меңгерушiсi, комсомол ұйымының хатшысы болып қызмет iстедi. 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Соғысқа 1942 жылдан бастап қатысты.
Аға лейтенант шені бар Әбу Досмұхамбетов майданда 8-ші атқыштар дивизиясының 229-шы атқыштар полкіндегі ротаны басқарды. 1943 жылдың 22 қыркүйегiнде түнде жау артиллериямен оқ боратып тұрғанда өзеннен алғашқылардың бiрi болып өткен Әбу Досмұхамбетовтың ротасы полктiң басқа бөлiмшелерiнiң өтуiн демей отырып, бiрден ұрысқа кiрiстi. Үш күннен кейiн, 25 қыркүйекте дивизия Припять өзенiнен өтiп, онда да Әбудiң ротасы ерекше көзге түстi.
Әбу Досмұхамбетовтың соңғы шайқасы екi апта бойы фашистермен кескiлескен ұрыс жүргiзiлген Припять плацдармында өтедi. Қарсылас жақ жаңа күштерiн қоса отырып, бiрнеше әрекет жасайды. 6 қазанға қараған түнде жау мотоколоннасы бiрiншi батальонның позициясына қайтадан шабуыл жасайды. Бiрнеше танк пен броневик өртенедi. Сау қалған жау машиналарының бұрылуға шамасы келiп, шепке жақындап, бiрiншi ротаның позициясына баса-көктей кiредi. Осынау сәтте жаралы командир Ә. Досмұхамбетов күшiн жинап, қарсы келе жатқан танкiге еңбектей жылжып барады да, граната лақтырады. Жақын жердегi жарылыс әлi 23-ке толып үлгермеген жас офицердiң өмiрiн қияды.
Ә.Досмұхамбетовты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы марапат парақшада 229-шы атқыштар полкiнiң командирi, подполковник Шишков: “Деснаның, Днепр мен Припятьтiң айдындарынан өту кезiнде өзiн шапшаң шешiм қабылдауға және оны iске асыруға қабiлеттi шебер командир ретінде көрсеттi. Ешқандай жүзу құралы болмағанның өзiнде ол қарсыластың күштi артминомет атысы астында бұзылған көпiрден алынған тақтайлардан сал жасап, ротаны өзеннен шығынсыз алып шықты және қарсыластың жағалауында шайқасқа кiрiп, келесi бөлiмшелердiң өтуiн демедi. Припять өзенiнен өту кезiнде оның ротасы немiстiң мотоколоннасының атысына тап болды. Досмұхамбетов жолдас бiр топ жауынгерлерiмен қарсыласқа бiлдiртпестен колоннаның тылына өтiп кетiп, оны қашуға мәжбүр еттi…”, – деп жазады.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1943 жылдың 16 қазанында Днепр мен Припять сағаларындағы ерен ерлік, қаһармандық үлгісін көрсеткен қайсар офицерге Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Және Отан соғысы, “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен наградталады.
Бейіті Чернобыль қаласының саябағында орналасқан. Оның қасында құрдасы, майдандас серігі – Кеңес Одағының Батыры Петр Батрак жерленген.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза. Кавалеры ордена Славы. Генералы” кітабы бойынша дайындалды).