Григорий АСЕЕВ
1920 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Петропавловка ауылында туған. Білімі орта. 1939 жылдан – әскери-теңіз флотында.
1942 жылғы қаңтарда қан майданға кірді. Солтүстік флоты 5-ші мина-торпедо авиадивизиясы 9-шы гвардия полкінің атқыш-радисі, гвардия аға сержанты Г. Асеев 81 рет әуеге көтеріліп, 4 көлікті, 2 күзет кораблін, каботаж кемесін суға батырды. 1 ұшақты құлатты.
1942 жылдың 1 шілдесінде Г. Асеев әуедегі ұрыста көзге түсті. Атқыш-радист жау истребителінің шабуылдарын мүлтіксіз тойтарып отырды. 1942 жылдың тамызында біздің әуежай жау соққысының астында қалды. Сол жолы Г. Асеев өртенген ұшақты көріп, оны құтқарып қалуға ұмтылды. Ол дегеніне жетті, бірақ денесін күйік шалып, госпитальға түсті. Майдандық газеттерде ең батыл жауынгерлердің бірі ретінде Г. Асеевтің есімі талай рет аталды. Тағы бір жерлесіміз А.И.Скнарев онымен бірге соғысты. Бір жылдай бірге болған екеуі талай рет көкке көтерілді.
Ержүрек ұшқыш Жеңіс күнін көре алмады. 1944 жылдың 16 қазанында гвардиялық экипаж жаудың көлігін суға батырды. Бірақ бүкіл экипаж ажалдарын аспаннан тапты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1944 жылғы 5 қарашадағы Жарлығымен Г.С.Асеевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол жауынгерлік ерлігі үшін Ленин, Қызыл Ту, екінші дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталды. Чита облысындағы Карымское кентінің бір көшесі және Айыртау ауданының әкімшілік орталығының бір көшесі батыр жерлесіміздің есімімен аталады.
Никифор АХРЕМЕНКО
1914 жылы Петропавл қаласынан 35 шақырым жердегі Новоникольск (Татарка) ауылында туған. Петропавл локомотив депосында жұмыс істеген. 1942 жылдың желтоқсан айында Н.Ахременконы Петропавл қалалық әскери комиссариаты кеңес әскерінің қатарына шақырды.
116-шы Харьков атқыштар дивизиясының 441-ші атқыштар полкінің құрамында Украинаны азат етуге қатысты.
1944 жылғы қаңтардың алғашқы жартысында 2-ші Украин майданының әскерлері Кировоград операциясын өткізді. Соның нәтижесінде кеңес әскерлері 40-50 шақырым алға жылжыды, жаудың өте күшті қарсыласу торабын басып алып, олардың Корсунь-Шевченко тобының қанатына шықты. Сөйтіп, неміс әскерлерін кейіннен қоршаудың алғышарттары жасалды.
1944 жылғы 12 қаңтардың түнінде 441-ші атқыштар полкінің бірінші атқыштар ротасы Каниж деревнясының маңындағы 221,15 метр биіктіктегі жау траншеяларын шабуылмен басып алды, немістер тым-тырақай қашты. Шайқасқа қолайлы биіктікті қайтарып алуды ойлаған немістер қарсы шабуылға танктер мен жаяу әскерін шығарды. Көп шығынға ұшырағанына қарамастан, жау бірнеше рет қарсы шаубылға шықты.
Біздің жерлесіміз 1944 жылғы 12 қаңтарда ерлікпен қаза тапты.
“Ахременко қаза тапты, – деп жазылды майдандық газетте. – Ол жаудың жолын бөгеп, мәңгілікке көз жұмды. Сарбаз ерлік өлімімен өз жолдастарының өмірін сақтап қалды және Жеңіске жол салды. Өзінің Отанын, өз халқын сүйген ол өлімнен қорыққан жоқ. Бостандық, ар-намыс және Отанымыздың тәуелсіздігі жолындағы күресті ол жеке мүддесінен биік қойды. Қаһармандық ерлігінің даңқы арта берсін”.
Сол жылғы 17 мамырдағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Н.А.Ахременкоға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Кировоград облысының Новомиргород ауданындағы Пенькино селосында жерленді. Петропавл қаласында оның атында көше бар.
Тимофей ПОЗОЛОТИН
1908 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Явленка ауылында туған. Әкеден жастай айрылған ол 5-ші сыныптан соң оқуын үзуге мәжбүр болды. Еңбек жолын хат тасушылықтан бастап, кейін киномеханиктікке ауысты. 1930 жылы қазанда Тимофей Позолотин әскер қатарына шақырылып, Солтүстік Кавказ округіне қарасты 12-ші атты әскер дивизиясына жіберілді. Соғыстың алдында ол 29-шы мотоатқыштар дивизиясының 47-ші танк полкінде қызмет етті.
Жаумен алғаш бетпе-бет жолығысуы – 1941 жылдың 22 маусымы. 4 шілде күні плацдармдағы жалпы басшылықты қолға алған қатты ұрыста Т.Позолотин жараланғанына қарамастан, жауынгерлік бұйрықты орындай берді. Қанды шайқас екі күн бойы алма-кезек жалғасып, екі жақ итжығыс түсіп жатты. Екінші рет жараланғаннан кейін ғана госпитальға баруға келісті.
Госпитальдан жазылып шыққан оны алда ауыр шайқастар күтіп тұрған еді. Батыс майдан округінде танкистер батальонын басқарды. Мәскеу түбінде жауды талқандаған шайқаста шебер басшылығы мен ерлігі, өжеттілігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталды.
Оның полкі Донда румын және неміс жаяу әскерлері дивизияларының тылына шығып, күйрете соққы беріп, қарсылас жаудың екі құрамасының 10 мың солдатын жойып, қалғандарын тұтқынға алды. Осы операция үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы 1942 жылғы 26 желтоқсанда Тимофей Семенович Позолотинге Кеңес Одағының Батыры атағын берді. Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды.
Ол неміс басқыншыларының үрейін ұшырды. 1943 жылғы мамыр айынан бастап Тимофей Позолотин Белгород – Харьков операциясына қатысқан 19-шы гвардиялық танк бригадасына басшылық жасады. Неміс командованиесі қоршауда қалу қаупінен сақтанып, Харьков маңында СС-тің танк дивизиясының күшіне сүйене қарсы шабуылға шықты. 19-шы гвардиялық танк бригадасы барлық шабуылдарды тойтарып, немістердің жоспарын іске асырмады. Олар шілде-тамыз айларында Курск иіні түбіндегі қанды шайқастарға қатысты.
1943 жылғы 21 тамызда жараланған жерлес жауынгер ұрыс даласын тастап кетпей, шайқасты басқара берді. 1943 жылғы 19 қыркүйекте Бабанск аймағындағы бір қатты шайқаста Тимофей Позолотин жау оғының жарықшағынан ерлікпен қаза тауып, Мәскеудің Новодевичье зиратына жерленді.
Ержүрек солтүстікқазақстандықтың есімі Петропавл қаласындағы көшеге беріліп, Явленка ауылында мүсіні орнатылды.
(“Североказахстанцы: Герои Советского Союза. Кавалеры ордена Славы. Генералы” кітабы бойынша дайындалды).