Сұрапыл соғыс жылдары қанша алыстаса да, оның салған ауыртпалығы ұмытылмайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңғыра береді. Халқымыздың сонау қиын-қыстау кездегі ерлік істерін, тартқан қасіретін, толарсақтан саз кешіп, қар жамылып, мұз жастанған, сөйтіп қанын да, жанын да аямай құрбан болған арыс азаматтарымыз жайлы айту біздер үшін парыз саналып қала бермек.
Қазіргі Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген Қазез Асанов 1939 жылы 20 жасында Қызыл Армия қатарына шақырылады. Ауылдастарының бірі әскер қатарынан аман-есен оралып, енді бірі аттанып жатқанда адамның басына жаман ой қайдан келсін. Жас жігіттердің алдына қойылған мақсат азаматтық борышыңды абыроймен орындап қайту ғой.
Бірақ мамыражай бейбіт өмірдің астан-кестеңі шығып, ел басына қауіп-қатер төніп, аяқасты қара бұлт үйірілген ауыр кезең туды ғой. Бұл кезде қатардағы жауынгер Қазез Асановтың әскери мерзімінің 2 жылы өткен еді. Ол әскери өмірді, бастысы, өзіндей жастардың Отан алдындағы борышының салмағы қандай болатынын, ел тағдыры – ер тағдыры екенін түсіне білген. Міне, сондықтан да Қазез жауға қарсы ұрысқа араласар алғашқы сәттен қолына қаймықпай қару алған. Жалындаған жас жігіт майдан даласындағы жанқиярлық қантөгістердің талайын басынан кешіреді.
Оның оқ пен оттың ортасында жүріп жасаған ерліктері аз емес.
… Артиллериялық қару-жарақтардың түр-түрінен қарша бораған оқтың астында жүріп, Қазез бар болғаны жарты сағаттың ішінде полк командирі мен шабуылдаушы бөлімшенің командирі арасындағы байланысты қамтамасыз еткен.
Қайтар жолда ол тас жолға бет алған неміс танкісін байқап қалады. Жол бойындағы жыраға жасырынып үлгерген жауынгер оның жақын келуін күтеді. Сөйтіп, әлгі танкіні қолындағы гранатасымен жарады. Ал оның экипажымен болған ұрыс кезінде Қазез ауыр жарақат алып, оң қолынан айрылады.
Оның осындай ерліктері елеусіз қалған жоқ. Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған Қазез Асанов кешікпей “Ерлігі үшін” медаліне ие болады.
1944 жылы елге оралған майдангер соғыс салған жараға қарамастан, бейбіт еңбекке белсене араласады. Ғалия есімді қызбен көңіл жарастырып, отбасын құрған. Кешікпей Болат есімді ұл туып, ел болып қуанады. Бірақ ертеңгі күніңді ойлап, болжап біле алмайсың ғой. Өмір есігін жаңа ғана ашқан бүлдіршін екі жарым жасқа толар-толмаста әкесі Қазез қайтыс болған. Жығылғанға жұдырық болып тиіп, 1953 жылы наурыз айында, араға бір жыл салып шешесі Ғалия да көз жұмады.
– Мені адам қатарына қосқан ардақты ағам – Алпысбай мен туған шешемнен кем тәрбиелемеген асыл жеңгем – Қайни. Ағам басынан, екі аяғынан жарақат алғанына қарамастан, қой бақты. 78 жасында өмірден озды. Туған баласындай болып кеткен мені олар үйлендіріп, бөлек үй қылды, – дейді бүгінде өзі де зейнет жасына шығып үлгерген Болат ағамыз.
Иә, ұрпақ жалғастығы деген осы да. Бүгінде Бөкең жеңгеміз Нәзира екеуі үш ұлдарынан алты немере сүйіп отыр. Ол оларға аталарының ерлігі жайлы жиі әңгімелейді. Иә, ерлік ұмытылмайды.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.