«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРТЕ ЕСЕЙГЕНДЕРДІҢ ЕРТЕҢІ НЕ БОЛМАҚ?

…Перзентханаға түскеніне екі күн болған Іңкәр күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Анасының ақ сүтіне жарымай, шыр-шыр етіп жылай берген шақалағына қарағысы да келмейді. Бөпелерін құшақтап, оны мейірлене иіскеген палатадағы жас аналардың әр сөзі, әр күлкісі оның жүйкесіне тиіп, көңіл-күйі одан сайын бұзылды.

Тыпыр-тыпыр етіп, құйтақандай ғана қол-аяғын жаялықтан шығарып алған сәбиі саусағын аузына салып, сәл-пәл тынышталып қалды. Осы сәтті пайдаланған Іңкәр дәлізге шықты да, дәрігердің кабинетіне барып, енді баламен барар жерінің, басар тауының жоқтығын айтып, “мен сәбиден бас тартамын” деген екі ауыз сөзді жазып, асығыс шығып кетті. Ойнап жүріп от басқан Іңкәр ол кезде жиырмаға да толмаған еді. Баласын тастап кеткен жас ана сол кезде бар мәселені шешкендей, тезірек перзентханадан қашуға асыққан. Бірақ ол өзегін өртеген өкініш сезімінен өмір бойы қашып құтыла алмайтынын дәл сол сәтте білген де, сезген де жоқ…

Батысқа еліктеген жастарымыз ерте есейіп барады. Сән мен мәннің аражігін ажырата алмай, әйтеуір көштен қалмауға тырысатын қыздардың қос етек көйлекті шалбарға айырбастап, шылымның көк түтініне уланып жүргендерін айта-айта жауыр да болдық. Ондай әңгімелерге құлақтары да, бойлары да үйреніп алған бойжеткендердің арасында бүгінде жасына жетпей жүкті болу жиілеп барады.

Өткен жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі таратқан мәліметте Қазақстанда ең жас ана 13 жаста екені айтылды. Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің өкілдері Қазақстанда 2015 жылдың 1 шілдесінде кәмелетке толмаған 2420 жүкті қыздың тіркелгенін хабарлады. Олар 15-18 жас аралығында.

“Елде кәмелетке толмаған жүкті қыздардың үлесі – 1,2 пайыз. Олардың басым бөлігі Қостанай (1,9 пайыз), Жамбыл (1,8 пайыз), Солтүстік Қазақстан (1,7 пайыз) облыстарында тіркелді”, – деп хабарлады департамент өкілдері және ең жас ана Солтүстік Қазақстан облысында тұратыны айтылды.

Бесік тербеткен бойжеткендердің ерте жүкті болуының алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдар, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы, білім, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері жоспарлы шараларды жүзеге асыруда.

Ана мен бала денсаулығына алаңдаған түрлі ұйым мүшелері тәрбиеге көп көңіл бөлу керектігін алға тартуда.

 

Күлімкөз Смайылова,

облыстық Қазақстан халқы

ассамблеясы жанындағы

аналар кеңесінің төрайымы:

– Қыз бала – болашақ ана. Оның тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Атам қазақ “Қызға қырық үйден тыю” деп бекер айтпаған. Көпке топырақ шашуға болмайды, бірақ бүгінгі жастарымыз еліктегіш. Не көрсе, соған қызығып, киімдерін, шаштарын, жалпы өмірлерін өзгертуге құмартып тұрады. Әр ана қызына жақсы тәрбие беріп, оның дұрыс жолмен жүруін қадағалап отыруы керек. Бұрындары оң жақта отырып сәбилі болды деген әңгімелерді сирек еститінбіз. Ал қазір қыздардың арасында ерте жүкті болып қалу фактілері жиі тіркелуде. Тұрмыс құрмай перзент сүю былай тұрсын, нәрестелерін далаға тастап кетіп жатқан неше түрлі оқиғаларды естігенде төбе шашың тік тұрады. Мұның барлығы – тәрбиеден кетіп жатқан қателік. Жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін тәрбиелік бағытта жұмыс жасайтын ұйымдардың санына ғана емес, сапасына көңіл бөлу керек. Отбасы құндылығы мен салт-дәстүрді көбірек насихаттау қажет. Осындай жұмыстар арқылы қыздардың тәрбиесіне оң ықпал тигізе аламыз.

Ғалия Балтабаева,

“Ана үйі” қоғамдық қорының

Петропавл қаласы бойынша

үйлестірушісі:

– Қазіргі заманда қыздарды қазақы қалыпқа салып тәрбиелеумен қатар, олардың жүрегіне ақылмен жол таба білу керек. Бойжеткендерді дұрыс жолға бағыттау үшін әр нәрсені мысалмен айтып, нақты фактілер келтіре отыра, өмір дегеніміз ертегі емес екенін, онда жақсылық, адалдықпен қатар, жамандық, сатқындық сияқты әрекеттердің барын қыздар ерте жастан-ақ біліп жүруі керек. Көп жағдайда “өзім білемнің” аяғы өкінішті жайттарға әкеп соғады. Анасымен, жеңгесімен сөйлесіп, олардан ақыл-кеңес сұрауды артық санайтын кейбір бойжеткендер өздерінше өмір сүруге ұмтылады. Сөйтіп, ойнап жүріп, от басады. Аяғында жігіттердің жылы сөзіне алданып, сәбиімен далада қалады. Бұл өмірдің ащы болса да шындығы. “Ана үйі” ашылған уақыттан бері шарасыз күйге түскен 27 жас анаға көмек көрсетілді. Олардың тағдыры әрқилы. Бірақ сөйлескен кезде әрқайсысына кезінде анасы, туған-туыстары жағынан тиісті көңіл бөлінбегендігі сезіліп тұрады. Жас қыздар отбасылық өмірге қатысты көптеген жайттарды білмейді. Осы жағынан алғанда мектептерде, колледждерде “Ерте жүкті болудың зияны”, “Қыздар мен ұлдардың арақатынасы” сияқты тақырыптарға арналған ашық әңгімелер жиі өткілізіп тұруы тиіс.

Ерте жастан отбасын құру, бала сүюдің өзіндік қызық-қуанышымен қатар, денсаулыққа кері әсері барын дәрігер мамандар да жоққа шығарып отырған жоқ.

Ирина Артющик,

саламатты өмір салтын қалыптастыру

орталығының маманы:

– Қыздар болашақ өмірлеріне үлкен жауапкершілікпен қарап үйренуі керек. Ерте отбасын құру, сәбилі болу сияқты маңызды қадамды ойланып барып жасамаса үлкен қателікке ұрынуға болады.

Әлі оң-солын танымаған бұрымдылар жыныстық қатынас арқылы жұғатын жұқпалы ауру түрі жиырмадан асатынын біле жүруі керек. Бұл өте маңызды. Неғұрлым көбірек мәліметтен қанық болса, соғұрлым, олар денсаулықтарымен қатар абыройын, арын сақтап, өмірге сау бала әкелуге мүмкіндік алады.

Ерте жүкті болып қалған қыздар шарасыздықтан бойына біткен баладан құтылуға асығады. Ол – жасанды түсік жасату деген сөз. Осындай мәселелерден бойды аулақ ұстау үшін әр қыз бала анасымен ашық сөйлесіп, оның ақылын тыңдап отыруы керек. Себебі, әр ана тәрбиелеп отырған қызының абыроймен тұрмыс құрып, бір отбасының сыйлы келіні болғанын қалайды.

Ольга Звягина,

облыстық перинаталдық

орталықтың акушер-гинекологі:

– Қыздардың дене бітімі 18 жасқа дейін өсіп, қалыптасады.15-16 жаста жүкті болып қалған қыздардың дүниеге бала әкелуі өте қиынға соғады. Ағза толық жетілмегендіктен, аяқтың ісінуі, қан қысымының көтерілуі сияқты аурулар жиі кездеседі. Жасөспірім қыз уақытынан бұрын сәбилі болғанына қысылып, қатарластарынан ұялып, жүйке күйзелісіне ұшырайды. Өз қалауынсыз, яғни сәби сүюге әлі физикалық және психологиялық жағынан дайын болмағандықтан, бойына біткен шарананы қалайда алғызып тастауға тырысады. Мұндай әрекеттер көп жағдайда жас қыздардың болашақта ана болу бақытына бөлене алмауына әкеп соғады. Кейбір кездерде жүкті болып қалған қыздар сөзден, көзден қорқып, іштері үлкейген сайын оны тартып, орамалмен байлап, көрсетпеуге тырысады. Нәтижесінде бала кемтар, я болмаса, аурушаң болып туады. Ал кез келген ана үшін сәбиінің жазылмас дертке шалдығуы – үлкен қайғы. Осындай жайсыз жайттарды болдырмау үшін білім ордаларында тәрбиелік мәні зор кездесулер өткізіп, ашық сабақтарға дәрігерлерді, психолог мамандарды, көпбалалы аналарды қатыстырып отырса, құба-құп.

Мамандардың сөзіне сүйенер болсақ, ерте жүктілік жасөспірім қыздардың психологиясына кері әсер тигізеді. Көп жағдайда 16-17 жаста бала туған жас аналар екінші рет сәби сүюден бас тартады. “Аузы күйген үрлеп ішеді” дегендей, бірінші жүктілік кезіндегі қиындықтар көп әйелдердің аналық сезімін “сөндіріп” тастайды. Дүйім жұртқа есімін атамауды сұраған бойжеткен 18 жасында сәбилі болған.

– Үйленемін деп сендіріп жүрген жігітім екіқабат екенімді естігенде есікті тарс жауып, кетіп қалды. Қайда барып, не істерімді білмедім. Анама айтуға қорықтым. Жүктілік кезінде қатты қиналдым. Аяқтарымның іскені соншалық, жүріп-тұрудың өзі оңайға соқпады. Дәрігерлерге рахмет, көмектесіп, сәбиім екеуіміздің өмірімізді аман алып қалды. Басыма бір мезгілде түскен бар қиындықтан жүйкем жұқарып кетті. Соңғы кезде мінезім өзгеріп, ашуланшақ, сөз көтере алмайтын болып кеттім. Мұның барлығы екіқабат кезімде басымнан өткен қиын жағдайлардың кесірі. Енді екінші рет балалы болуды ойлағым да келмейді, – деді ол ішіндегі бар сырын ақтарып.

Бір қызығы, ол төрт айға дейін бойына бала біткенін сезбеген. Білместіктің, аңқаулықтың ақырында жап-жас қыздың абыройдан айрылып, тағдыры тәлкекке ұшыраған. Егер ол сақтық шараларын жасаса, жүктіліктің кезеңдері туралы мәліметтен көбірек хабардар болса, бәлкім сәбиі ол үшін қалаусыз емес, қымбатты болар еді. Иә, бұл шынымен де, күрсіндіретін күрделі проблема. Жасөспірімдер арасында жүктіліктің жауапкершілігін тек қыздардың мойнына ғана жүктеп қоюға болмайды. Сондықтан да маңызды әңгімелерді ұлдар арасында да жүргізу керек. “Ауруын жасырған өледі” дегендей, “ұят болады” деп қазанның бетін жылы жаба салсақ, жастардың жауапсыздығының кесірінен күнә арқалаған кінәсіз сәбилердің қатары көбейе түспей ме, ағайын.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp