Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – азық – жылқы малын халқымыз ежелден ерекше қадірлеген. Сондықтан да қазақ халқы атбегілік өнерді жетік меңгерген ұлттардың бірі десек, асыра айтпаған болармыз. Жалпы, аттың жалында өскен қазақ жылқының сын-сипатын, күтімін бес саусақтай білген.
Атакәсіптің өңірімізде қалай дамып отырғанымен жете танысу мақсатында “Арғымақ” ат спорты түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және “Тұлпар” ат спорты клубының Тайынша ауданындағы филиалының жаттықтырушысы Мақсат Азбаевпен әңгімелескен кезде ата-бабамыз кейінгі буынға мирас етіп қалдырған бекзада өнердің өрісі кеңейіп келе жатқанына көз жеткіздік.
– Әңгімеміздің әлқиссасын менің атбегілік өнерді не себепті таңдағанымнан бастасам, атам Қалиақпар Азбаев өмір бойы құрық ұстап өтті. Оның інісі Әлбидақ Ілиясов пен баласы Аманай да осы кәсіпті жетік меңгерген адамдар еді. Олар мені бала кезімнен атбегілік өнердің қыр-сырына үйретуден жалықпады. Қамбар атаның түлігін баптауға деген қызығушылығым осылайша оянды. Бала кезден Наурыз мейрамына арналған ат додаларына қатысып, бағымды сынай бастадым. Міне, осының барлығы менің аталмыш кәсіп тү-рін таңдауыма түрткі болды, – дейді ол.
Айтуынша, бүгінгі таңда солтүстік өңірде атбегілік өнер жақсы дамып келеді. Ерте көктемнен күрең күзге дейін өткізілетін атжарыстар – осының бір көрінісі емес пе? Айыртау, Аққайың, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Жамбыл, Тайынша және Уәлиханов аудандарында білікті атбегілер аз емес. Мысалы, Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылында тұратын Рамазан Махатов – көкпардан облыс құрамасын басқарып, өңірімізде бұл спорт түрін дамытуға өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі. Ол облысымыздың аға жаттықтырушысы, спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші ғана емес, аударыспақ пен көкпардан бірнеше дүркін облыс чемпионы екені көпшілікке белгілі.
Судың тұнығын, шөптің нәрлісін таңдайтын жылқыны баптау қиын да күрделі кәсіп. Әр атбегінің тұлпарды додаға даярлау тәсілі әртүрлі. Мақсат Қажығалиұлы ер-азаматтың қанаты саналатын жануарды жабағы кезінен баптайды. Күз және қыс мезгілінде, атап айтқанда, қараша мен желтоқсан айларында тайларды бір ай бойы шабуға үйретеді. Ал құнан кезінен додаларға қосып сынайды.
Бүгінгі таңда Мақсат Қажығалиұлы “Арғымақ” ат спорт түрлері бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аққұдық ауылындағы бәйге және жамбы ату бөлімшелерінде, сонымен қатар “Тұлпар” ат спорты клубының Тайынша ауданындағы филиалында жасөспірімдерді ұлттық спорт түріне машықтандырып жүр. Жастарды ат спортына баулу өзіне өте ұнайды. Тәрбиеленушілер осында жүріп атбегілік өнердің қыр-сырын игере бастайды. Мұның өзі болашақта жас атбегілердің қалыптасуына өзінің ықпалын тигізері сөзсіз.
Әр тәлімгердің еңбегінің нәтижесі шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктерімен өлшенетіні белгілі. Өңірімізге есімі белгілі атбегілердің бірі – Мақсат Азбаевтың да бағындырған биіктері аз емес. Атап айтқанда, тұлпарлары талай бәйгелерде қарсыластарын шаң қаптырып кетіп жүр. 2014 жылы Көкшетау қаласында өткен Ақмола облысы ат спорты маусымының ашылу салтанатында шабандоз Арлан Шәріп тізгіндеген “Чемпион” құнан бәйгеде екінші орынды еншіледі. 2016 жылы Павлодарда өткізілген ел біріншілігінде “Фаворит” атты тұлпары үшінші орынның иегері атанды. Одан кейінгі жылы облыстық ат спорты түрлерінің маусымашарында Тайынша ауданының шабандозы Есдәулет Ырыспамбетов мінген “Алан” бірінші келді. Былтыр Айыртау және Шал ақын аудандарының 90 жылдығына арналған салтанатты шараларда “Алан” және “Фаворит”-тің мерейі үстем болды. 2018 жылы Астанада жалауы желбіреген “Ұлы дала ойындары” республикалық фестивалінде облыс құрамасы үшінші орынға лайық деп танылса, бұған да Мақсат Азбаевтың сіңірген еңбегі бар. Биыл 18-25 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында ұлттық спорт түрлерінен өткен V фестивальда да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Дәлірек айтқанда, “Тұлпар” ат спорты клубының тәрбиеленушісі Нарбота Босов аударыспақ сайысында үздік үштікті түйіндеді. Ал бәйгенің қорытындысында бірінші орынның облысымыздың командасына бұйыруы, әрине, мақтануға тұрарлық жеңіс. 2023 жылы ұлттық спорт түрлерінен VI республикалық фестиваль Петропавл қаласында өтетінін айта кеткен жөн.
Мақсат Азбаевтың айтуынша, атбегі болам деген адам Қамбар ата түлігінің мінез-құлқын, бойындағы қасиеттерін, барлық ерекшеліктерін жетік меңгергені абзал. Бір қарағаннан-ақ жануардың қандай күйде екенін аңғаруы тиіс. Сонымен қоса атбегі жылқының тілін білуі керек. Бапкер аттың пысқыруы және қимылынан-ақ не үйренгенін байқауы қажет.
– Толыбайдай сыншы болу өткен тарихтың еншісінде қалды. Халқымыздың кемеңгер ақыны ұлы Абай атамыз сияқты бір жылқыға ағылтегіл сипаттама беру бүгінде қарапайым адамның қолынан келе бермес. Соған қарамастан атбегінің ат тани білуі – міндет. Менің ойымша, әрбір атбегі білікті, жауапкершілігі мол және ұқыпты болуы қажет. Ол жылқыны мүлтіксіз баптауы керек. Яғни, әрбір атқа жем-су уақытында берілгені жөн. Жаттықтырушылар өскелең ұрпақтың ат спортымен шұғылдануға деген талпынысын оятуда қажырлы еңбек етсе, нұр үстіне нұр, – деп пайымдайды атбегі.
Сегіз қырлы, бір сырлы Мақсат Қажығалиұлы аңшылықпен және тазы өсірумен де айналысады. Бүгінгі таңда оның 10 тазысы бар. 2017 жылы Ақмола облысының “Құлагер” ипподромында “Қансонар” аңшылар қоғамдық бірлестіктері және аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен республикалық көрмеде Мақсат Азбаевтың “Басар” атты тазысы екінші орынға ие болды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: М.Азбаев пен шабандоз М.Жастілеков
(Айыртау ауданы 2018 жыл).