«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ҚАНАТЫ

Мінсе – көлік, ішсе – сусын, жесе – азық – жылқы малын халқымыз ежелден ерекше қадірлеген. Сондықтан да қазақ халқы атбегілік өнерді жетік меңгерген ұлттардың бірі десек, асыра айтпаған болар­мыз. Жалпы, аттың жалында өскен қазақ жылқының сын-сипатын, кү­тімін бес саусақтай білген. 

Атакәсіптің өңірімізде қалай дамып отырғанымен жете танысу мақсатында “Арғымақ” ат спорты түрлері бойынша об­лыстық балалар мен жасөспірім­дер спорт мектебі және “Тұлпар” ат спорты клубының Тайынша ауда­нындағы филиалының жаттықты­рушысы Мақсат Азбаевпен әңгіме­лескен кезде ата-бабамыз ке­йінгі буынға мирас етіп қалдырған бекзада өнердің өрісі кеңейіп келе жатқанына көз жеткіздік.

– Әңгімеміздің әлқиссасын ме­нің атбегілік өнерді не себепті таң­дағанымнан бастасам, атам Қалиақпар Азбаев өмір бойы құрық ұс­тап өтті. Оның інісі Әлбидақ Ілия­сов пен баласы Аманай да осы кә­сіпті жетік меңгерген адамдар еді. Олар мені бала кезімнен атбегілік өнердің қыр-сырына үйретуден жалықпады. Қамбар атаның түлігін баптауға деген қызығушылығым осылайша оянды. Бала ке­зден Наурыз мейрамына арнал­ған ат додаларына қатысып, ба­ғым­ды сынай бастадым. Міне, осы­ның барлығы менің аталмыш кәсіп тү-рін таңдауыма түрткі болды, – дейді ол.
Айтуынша, бүгінгі таң­да солтүстік өңірде атбегілік өнер жақсы дамып келеді. Ерте көктем­нен күрең күзге дейін өткізілетін атжарыстар – осының бір көрінісі емес пе? Айыртау, Аққайың, Ақ­жар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Жам­был, Тайынша және Уәлиха­нов аудандарында білікті атбегі­лер аз емес. Мысалы, Уәлиха­нов ауданының орталығы – Кішке­некөл ауылында тұратын Рамазан Махатов – көкпардан облыс құра­масын басқарып, өңірімізде бұл спорт түрін дамытуға өз үлесін қо­сып жүрген азаматтардың бірі. Ол облысымыздың аға жаттықтыру­шысы, спорт шебері, ұлттық дәре­жедегі төреші ғана емес, аударыс­пақ пен көкпардан бірнеше дүркін об­лыс чемпионы екені көпшілікке белгілі.
Судың тұнығын, шөптің нәрлісін таңдайтын жылқыны баптау қиын да күрделі кәсіп. Әр атбегінің тұл­пар­ды додаға даярлау тәсілі әр­түр­лі. Мақсат Қажығалиұлы ер-аза­маттың қанаты саналатын жануар­ды жабағы кезінен баптайды. Күз және қыс мезгілінде, атап айтқанда, қараша мен желтоқсан айларында тайларды бір ай бойы ша­буға үйретеді. Ал құнан кезінен до­да­ларға қосып сынайды.
Бүгінгі таңда Мақсат Қажыға­ли­ұлы “Арғымақ” ат спорт түрле­рі бойынша облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аққұдық ауылындағы бәйге және жамбы ату бөлімшелерінде, сонымен қатар “Тұлпар” ат спорты клубының Та­йынша ауданындағы филиалында жас­өспірімдерді ұлттық спорт тү­ріне машықтандырып жүр. Жас­тар­ды ат спортына баулу өзіне өте ұнайды. Тәрбиеленушілер осында жүріп атбегілік өнердің қыр-сырын игере бастайды. Мұның өзі бола­шақта жас атбегілердің қалыпта­суына өзінің ықпалын тигізері сөз­сіз.
Әр тәлімгердің еңбегінің нә­ти­жесі шәкірттерінің қол жеткізген жетістіктерімен өлшенетіні белгілі. Өңірімізге есімі белгілі атбегілер­дің бірі – Мақсат Азбаевтың да ба­ғындырған биіктері аз емес. Атап айтқанда, тұлпарлары талай бәй­ге­лерде қарсыластарын шаң қап­тырып кетіп жүр. 2014 жылы Көк­ше­тау қаласында өткен Ақмола об­лысы ат спорты маусымының ашылу салтанатында шабандоз Арлан Шәріп тізгіндеген “Чемпион” құ­нан бәйгеде екінші орынды ен­шіледі. 2016 жылы Павлодарда өт­кізілген ел біріншілігінде “Фаворит” атты тұлпары үшінші орынның ие­гері атанды. Одан кейінгі жылы об­лыстық ат спорты түрлерінің мау­сымашарында Тайынша ауданы­ның шабандозы Есдәулет Ырыс­пам­бетов мінген “Алан” бірінші кел­ді. Былтыр Айыртау және Шал ақын аудандарының 90 жылдығы­на арналған салтанатты шараларда “Алан” және “Фаворит”-тің мерейі үстем болды. 2018 жылы Астанада жалауы желбіреген “Ұлы дала ойындары” республикалық фес­ти­валінде облыс құрамасы үшінші орынға лайық деп танылса, бұған да Мақсат Азбаевтың сіңірген ең­бегі бар. Биыл 18-25 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында ұлт­тық спорт түрлерінен өткен V фес­тивальда да жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізді. Дәлірек айт­қанда, “Тұлпар” ат спорты клубы­ның тәрбиеленушісі Нарбота Бо­сов аударыспақ сайысында үздік үштікті түйін­деді. Ал бәйгенің қорытындысын­да бірінші орынның облысымыз­дың командасына бұйыруы, әри­не, мақтануға тұрарлық жеңіс. 2023 жылы ұлттық спорт түр­лерінен VI республикалық фести­валь Петропавл қаласында өтеті­нін айта кеткен жөн.
Мақсат Азбаевтың айтуынша, атбегі болам деген адам Қамбар ата түлігінің мінез-құлқын, бойын­да­ғы қасиеттерін, барлық ерекше­ліктерін жетік меңгергені абзал. Бір қарағаннан-ақ жануардың қан­дай күйде екенін аңғаруы тиіс. Сонымен қоса атбегі жылқы­ның тілін білуі керек. Бапкер аттың пысқыруы және қимылынан-ақ не үйренгенін байқауы қажет.
– Толыбайдай сыншы болу өт­кен тарихтың еншісінде қалды. Хал­қымыздың кемеңгер ақыны ұлы Абай атамыз сияқты бір жыл­қыға ағылтегіл сипаттама беру бү­гінде қарапайым адамның қолы­нан келе бермес. Соған қарамас­тан атбегінің ат тани білуі – міндет. Менің ойымша, әрбір атбегі білікті, жауапкершілігі мол және ұқыпты болуы қажет. Ол жылқыны мүл­тіксіз баптауы керек. Яғни, әрбір атқа жем-су уақытында берілгені жөн. Жаттықтырушылар өскелең ұрпақтың ат спортымен шұғылда­нуға деген талпынысын оятуда қажырлы еңбек етсе, нұр үстіне нұр, – деп пайымдайды атбегі.
Сегіз қырлы, бір сырлы Мақсат Қажығалиұлы аңшылықпен және тазы өсірумен де айналысады. Бүгінгі таңда оның 10 тазысы бар. 2017 жылы Ақмола облысының “Құ­лагер” ипподромында “Қансо­нар” аңшылар қоғамдық бірлестіктері және аңшылық шаруашылығы су­бъектілерінің республикалық қа­уымдастығының ұйымдастыруы­мен өткен республи­калық көрмеде Мақсат Азбаевтың “Басар” атты тазысы екінші орынға ие болды.

 

Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: М.Азбаев пен шабандоз М.Жастілеков

(Айыртау ауданы 2018 жыл). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp